Мен Мұқағали Мақатаевпен жаңа түлек, жас талапкер ретінде, жаңылмасам, 1955 жылы сырттай таныстым. Осы жылы бұрынғы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының кезекті бір санында Мұқағалидың үш өлеңі жарияланыпты. Ол кезде өзіміз ақын болмасақ та, өлең десе «өліп» тұратынбыз. Сол әдетпен қысқа өлеңдерді қызыға оқыдым. Жүйріктің аяқ тастасы бірден білінгендей әсер етіп, шын қуандым. «Азамат аман жүрсін, болайын деп тұр екен!», – деп үлкен үмітті тілек білдірдім…
Бір күні аудандық «Советтік шекара» газетінің редакциясына Мұқағалидың өзі келді. Көргеннен-ақ көзім қанып, көңілім толды. Тұлғасында ерекше ер келбеті бар екен. Бойы аса биік болғанымен, шалқақ кеуде, кең иықтары нағыз нар жігітке жаратылған. Биік қабақты, қызыл шырайлы жүзінде арайлап атқан таң шапағындай шуақты нұр ойнайды. Адамға күлімсірей қарайтын отты көздерінің жанарында біртүрлі елжіреген жылылықтың, мөп-мөлдір мейірімділіктің ұясы бардай. Адамды өзіне табындыра тартып тұр. «Жап-жас жігіт екен-ау, қанаттанса қыран болмасын кім болжапты!», – деген ойға қалдым.
Мұқағали редакцияға бір топ өлеңдерін әкеліпті. «Бұлар қандай екен, алғашқы қанат қағысынан жаза басып, жаңылған жоқ па екен?» – дегендей қызу құмарлықпен оқып шықтым. Жасыратыны жоқ, қатты ұнады. «Бәрекелді, кең құлаштап, өрлей ұшқан екен», – деп өзім жазғандай көңілденіп, көтеріліп қалдым.
Дегенмен сабыр сақтап, ешкімге тіс жарғамын жоқ. Оның себебі бар. Ол кезде редакцияға түскен өлеңдердің тағдыр-тізгіні Ібітанов Еркіннің қолында. Басқаша айтқанда, оның: «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Кімге болса да қатал қарайды. Кейде өз деңгейімен, өз биіктігімен өлшеп кететіні бар. Ал мен, редактор ретінде, жауқазындай жаңа өсіп келе жатқан жас талапкерлерді самал желпігендей демеп жіберуге, жылт еткен отты-шоқтарын үрлей түсуге, қамқор қолмен қолтықтарынан көтеріп, өздеріне өздерінің сенімін арттыруға бейім тұратынмын. Бірден тауаны шағылып, меселі қайтып, талабына тас тимесін, «көш жүре түзелер» дейтінмін. Ондайда Еркін: «Өлеңді ойыншық етуге болмайды. Ол – сөз өнерінің алтын өзегі. Оны былғауға, оны аздыруға ешкімнің құқы жоқ», – деп отырып алатын. Ендігі жерде Еркінді үгіттеу – үйдей тасты аунатумен тең болатын. Ол қасиетін іштей өте жоғары бағалайтынмын. Бірақ көзінше қолпаштамайтынмын.
Сонымен, өзім оқып шыққаннан кейін Мұқағалидың әлгі өлеңдерін Еркіннің қолына ұстаттым. Оған толық оқығанымды айттым да, өз пікірімді әдейі ашпай іркіп, тұйық қалдырдым. Еркін де бірер күн бұл жөнінде ләм демей үнсіз жүрді. Ақыры ағынан жарылып: «Мұқаңның өлеңдері жақсы екен», деді шын сүйсініп. «Бас төреші» айтқан соң бас шайқау жоқ. «Советтік шекараның» кезекті санында Мұқағалидың өлеңдерін суретімен жариялап, сәт-сапар тіледік. «Көп оқы, ізден, қанаттан, нұр жауар ерге талаптан», – деген тақырыпты ірі әріптермен көрнекті етіп бердік. Бұл аудандық газеттің тұңғыш «Сәт-сапары» еді. Кейінгі жылдары үзбей қайталап жүрдік. Оның ақыры редакция жанынан әдеби бірлестік құрылуына жалғасты…
Айтпақшы, әлгі «Сәт сапарда» Мұқағали суретке жол-жол қызыл жолақ, тор көз жейде киіп түскен еді. Галстук байламай, жағасын айқара ашып тастаған болатын. Жалын шашқан жас ақынның бейнесі пейіш төрінен шыққандай соншалық сүйкімді еді. Содан бері қырық жылдан аса уақыт өтсе де сол бейнесі әлі көз алдымда күлімдеп тұр.
Сол 1955-1960 жылдары Мұқағали еркін көсілген өрен жүйріктей құлашын кеңге сілтеген еді. Шынайы шабыттан шымырлап шыққан шығармалары бірінің соңынан бірі түйдек-түйдек туындап жатты. Қазақ әдебиетін дүр сілкіндіргендей қызу қуатты, көркем келбетті, толысқан сом тұлғалы, тамаша туынды – «Ильич» поэмасы да осы кезеңде жазылды. Оның көптеген басқа өлеңдері мен әйгілі «Большевиктер» поэмасына дейін «Советтік шекараның» беттерінде үзбей жарияланып тұрды. Ол жылдары ақынның өзі де риза көңілмен үнемі еске алып отыратын. «Ел-жұртыма ақын ретінде таныстырған алғашқы азаншым ғой – бұл газет», – деп рақаттана күлетін. Шынында, «Әдебиет және искусство» журналының сонау 1955 жылғы ақ ниетін жақсы ырым жоралғысы деп санасақ, одан кейінгі Мұқағалидың әдеби өміріндегі тұңғыш тұсауын кескен аудандық газет еді. Мұны даусыз ақиқат деп әркім-ақ ашық айта алады.
Парасатты ақын өзі бір жылдан аса қызмет істеген, бөлім меңгерушісі ретінде дара тұлғасын танытқан аудандық газет редакциясымен, оның ұжымымен кейін де байланысын үзген жоқ. Оны қаламдас болған жолдас-жоралары да ұмытқан емес. Бұл пәниден көшкеннен соң да үзбей еске алып жүрді. Сол ізгі ниетпен Мұқағалидың есімін есте қалдыру үшін бірінші рет батыл талпыныс жасап, редакция жанындағы әдеби бірлестікті ақын атымен атауға бірауыздан сөз байласты. Бұл зор құрметтеу сезімінен туған ақ жүректердің әділ үкімі еді…
Әрине, Мұқағалидың көзі тірісінде оның қадір-қасиетінің барлығын біле білдік, талантының барлық қырын айқын аңғара алдық дей алмаймыз. Олай десек, жан ауыртар жалғандыққа ұрынар едік. Ақиқатын айтқанда, ақберен ақынның көз талатын биік шыңдарын барлап, шыңырау тереңдерін түптеуге біздің өреміз жеткен жоқ.
Бірақ, өресі жететін үлкен жүректі, зор дарынды, асқақ ақыл иелері болды. Әттең, тұлпарды тайынан танитын Әбділда Тәжібаев сияқты ақтілекті абзал жандар көп кездесе бермейді-ау!.. Өмір соқпағының кейде сондай қияға тартып, шытырманға салып кететін тұстары да бар ғой…
Әйткенмен шын талант өзіне ғана сенеді, жолында кездескен кедергілерді кесе, бөгеттерді бұза отырып, ол өз бағдарынан, өз мақсатынан айнымақ емес. Мұқағали сондай кеуделі, кемел ақын, қатарынан асып туған текті тұлға еді…
Жадыңа жатталғандай ұмытылмайтын, ойыңа оралып, есіңе түсе беретін тағы бір мәнді әңгіме бар. Маусым айы аяқталып қалған мезгіл. Түскі үзілісте жұмыстан келіп, үйде әлденеменеге айналып отырғанмын. Ой-санаң бір нәрсеге қатты аударылып кетсе, басқаны елемей, естімей қаласың. Мен де үйге адам кіргенін аңғармай қалыппын. Аяқ астынан «Ассалаумағалейкүм, Әлаға!» деген ажарлы дауысқа селк ете түстім. Әбүйір болғаны, жеке отырған едім. Қасымда біреу болғанда: «Сұрапыл соғыста от кешкен, өне бойын оқ тескен, жапыра қуып, жау қашырған жауынгердің сыйқын қара, құдай-ау, сәлемдескенге селк етіп, жүрегі аузынан шығып кете жаздады», – деген мазақ күлкіге белшемнен бататын едім. Оны да ойлап үлгермей қалт бұрылып, жалт қарасам, үлкен есікті екі иығымен тіреп, ақсия күліп Мұқағали тұр. Құшақтаса кеттік. «Әлаға жерді сағынып келдім, елді сағынып келдім, ер-азаматтарды сағынып келдім. Бір серпілмесем болатын емес!», – деді.
Көптен көріспеген екеуміздің әңгімеміз оңай үйлесіп, жақсы жарасып жүре берді. Сырласа отырып, Әйнек жеңгесіне ерке наз білдірді. «Бірсыпырадан бері қолыңыздан дәм татпадым. Арқар-құлжаның, ешкі-текенің, қоңыр-қызыл еліктің еттерінен келістіріп пісіретін қара қуырдағыңызды аңсадым» – деп күлді. Жеңгесі де жарқын рай танытып: «Өзің есіктен аттағаннан-ақ жеңсік асыңды әзірлеуге кіріскенмін. Қазір дайын болады», – деп жатыр…
Мұқағали үлкен терезенің алдына барып, тау жаққа қызыға қарап тұрды. Бір кезде оқыс бұрылып:
– Әлаға, осы мен қандай ақынмын? – деді.
Ақкөңіл баладай ашық берген сұрағына мен әзіл қоспай шын ниетімді білдірдім.
– Дау жоқ, мықты ақынсың, жақсы ақынсың!
– Ал онда қандай азаматпын?
Мен күлдім, сәл іркіліп барып тіл қаттым:
– Әрине, жаман емессің.
Алдыңғы лебімнен соңғы тынысым жасықтау шықса керек.
Мұқағали езу тартып күлді:
– Әлаға, сіздің мені қалай бағалайтыныңды айтпасаңыз да білем. Дегенмен, көмейіңізде бір нәрсе тұрған тәрізді… Кейбіреулер мені сыртымнан «ағаш атқа» мінгізеді, ішеді, өзін-өзі бағаламайды деседі. Мейлі ғой. Кімнің аузын жабарсың. Түсіне білгенге, менің өмірімнің алтын өзегі – өлеңім. Одан қымбаттым да, одан қасиеттім де жоқ. Сол үшін мен арымдай асыл өлеңімді ішпеймін, өлеңімді жоғалтпаймын. Үлкен-үлкен мақсатым бар. Соның бір бұтақ, бір буынын орындағанда шыңға шығып, көкке ұшқым кеп кетеді. Шын шабыттан туған өлеңдердің желігі желден де күшті, қызық-қуанышы – құдірет лебіндей қуатты. Міне, сондай жағдайда ғана «боз аттың» басын тартпай, сілтеп-сілтеп жіберемін. Ол жағдайымды біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Шын сырым осы, Әлаға…
Дайын дастарқанға шақыру әңгімені шорт үзді. Мұқағали өзі тілеп дайындатқан қуырдақты қарбыта-қарбыта асап, соншалық тәбеті тартқандай сүйсініп жеді. «Қолың бал-ау, жеңге, қолың бал», – деген мақтауын да қоса отырды…
Негізгі бұйымтайын кетерінде ғана айтты: «Әлаға, бүгін ауылға баруым керек. Қарасазды сағындым. Мініп баруға машинаңызды беріңіз!» – деді.
Есік алдына жеңгесі Әйнек үшеуіміз қолтықтасып шықтық. Ортамызда екі қолын екеуміздің иығымызға артып тұрып, тауға, Байынқол шыңдарына біраз көз жүгіртіп, қимағандай сәл күрсінді. Сөйтті де мойнын бұрып, «Әлаға, сіздердің үйлеріңізге осы менің соңғы келгенім болар!», – деді елжірегендей жұмсақ үнмен.
Жүрек солқ ете түсті. «Қой-қой, Мұқағали ол не дегенің», – деп шырылдап кеттік. Әрине, ол сәтте ақынның әулиедей айтқаны келетінін, жылға толмай дүниеден өтетінін білгеміз жоқ…
«Мұқағали» журналы, №10, 2009 жыл