Журналдың кезекті саны Мұқағали Мақатаевтың «Шолпан» поэмасымен ашылады. Талғар ауданында әкім болған марқұм Жолан Омаровтың «Мұқағали – жүз жылда бір туатын ғажайып дарын» атты аяқталмаған сұхбаты жарияланған. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың, ақын Нұрлан Оразалиннің, журналист Рысбек Сәрсенбайұлының Жолан туралы әсерлі естеліктері берілген.
«Жыр арқауы – Мұқағали» айдары бойынша бір топ ақынның жаңа өлеңдерімен танысасыздар. Белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» деген мақаласы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятының бас кейіпкерін жаңаша көзқараспен сөз етеді. «Қарасаздағы музейді қалаға әкелдік», «Мұқағалиды суретшілер де жырлайды» атты материалдар мерейтойлық шаралар барысын баяндайды.
Нұрлан Сәрсенбайдың «Мұқағали «Күнделіктерін» оқығанда» зерттеуі, Елеусіз Ахметкерімұлының, Серікбай Оспанұлының естеліктері журнал мазмұнын арттыра түскен. «Тұран» университетінің студенттері ақын шығармалары туралы ойларын ортаға салады. Алматы консерваториясының студенті Айсұлу Айдарханованың әсем сазбен нақышталған романсы Мұқағали рухына арналған.
Ақын ағасын құрметтеген Нұрбатыр Орынбаев туралы естелік оның еткен еңбегіне берілген бағаның бір парасы. Жазушы Ерболат Айдабосынның «Тибет аруы» көркем шығармасы көпшілік көңілінен шығатыыны анық.