Ақпан айының соңында Қарасаз ауылында «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деген атпен әдеби кеш өтті. Хакім Абайдың 175 жылдығына арналған шараны Райымбек ауданы әкімдігі мен «Мұқағали» журналы ұйымдастырды. Кешке ақын-жазушылар, журналистер, өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты. Қонақтар ең алдымен Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Музейді аралады, жәдігерлермен танысты. Одан кейін мәдениет үйіндегі көрмені тамашалады.
Әдеби кешті Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ашты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Ақберен Елгезек, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, жазушы Серік Әбікенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай, «Мұқағали» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлы және Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаевтар сөз сөйлеп, баяндамалар жасады.
Аудан өнерпаздары әдеби кешке ерекше дайындықпен келді. Олар көрсеткен «Абай, Мұқағали» композициясы жұршылықты зор әсерге бөледі. Аудандық хор ұжымы Абай әндерін шырқады. Өнерпаздарға дүркін-дүркін қол соғылып, әсем саз «құлақтан кіріп, бойды алды». Қазақ радиосының дикторы Аманжан Еңсебаев «Қара сөзден» үзінді оқығанда диктор Мұқағалиды елдің есіне түсірді.
Алматы облысы аудандарының ішінде Абай тойына қатысты мұндай үлкен шараның Қарасздан басталғаны баршаны сүйіндірді. Бұл – Жетісу жерінің Семей еліне жолдаған ыстық сәлеміндей болып, туыстық мазмұнға ие болды.
Айтпақшы, ырымшыл қазақ тағы бір керемет жайға таңғалды. Ақпан айының соңында жыр перзенті туған қасиетті мекенге аққулар келіп қонды.