Алматыдағы №172 мектеп-гимназиясы биыл да 9 қаңтар мен 9 ақпан аралығын «Мұқағали шығармашылығының айлығы» деп жариялады. Байқауға мектептегі барлық сыныптар қатысты. Осы кезеңде оқушылар – ақын өлеңдерін зерттеді, жаттады, әнге қосты, сахналады, өздері де қолына қалам алып жыр жазды. Яғни, «бұлақ көрсе көзін ашудың» өнегелі үрдістері қалыптасты.
– Биылғы айлықтың ерекшелігі – Мұқағалидың мұрасын Абай мұрасымен үндестіруге көңіл бөлдік. Ұлы ұстаз бен шәкірт арасындағы терең де нәзік байланыстарға үңілдік. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына өз тарапымыздан осылай құрмет көрсеттік, – дейді мектеп директоры Талғат Қазыбаев.
Шығармашылық айлығы Мұқағалидың туған күніне орайласып қорытындыланды. Байқау жеңімпаздары марапатталды. Ең бастысы – Абай, Мұқағали өлеңдері ақылды ұрпақтың санасына шым-шымдап сіңді.