РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Саттар Сейтқазин. Қаралы сапар

Жасындай жарқылдаған қысқа ғұмырларында қазақтың көрнекті екі ақыны бірін-бірі танып, біріне бірі сүйінген екен. Екеуі де биікке самғады. Олар самғаған кеңістікте тұғыр да, орын да жеткілікті. Сондықтан Мұқағали мен Төлегеннің кең пейілдері парасатқа лайық қарым-қатынастарға негізделді. Мұқағалидың Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңі соның дәлелі. «Барлық ақын баласы бір ананың» дегендей, Мұқаңның сыңарын іздеген аққудай күй кешкені көп нәрсені аңғартса керек. Ақын Саттар Сейтқазиннің «Қаралы сапар» естелігі сол кездегі суреттерді көзімізге қайтадан елестетеді.

Бұл естеліктің «Қаралы сапар» деп аталуының өзіндік мәні бар. Өмірімдегі көрген ең бір қасіретті шақ осы болар. Өмірінен өнер күтіп, нұрлы болашақтан жарқ етер Төлегенге тағдыр қысқа ғұмыр беріпті. Қайтерсің, дүние жалған деген осы.

…Жігіт болдым күй толы көкірегі,
Ықыластардың тербейді оты мені.
Мен сендердің жалғыз тал қауырсының,
Көп тағдырдың көтерген ауыр сынын.
Рахмет, адамдар, жасарыңдар,
Бауырың ем, жүрек қып жасадыңдар! –

 деп ақын өз ғұмырының аздығын білген секілді жырлапты. Ол өнердің ұлылығын түсініп, бар тағдырын соның асқар шыңына шығуға арнаса да, шегіне жетпей үзіліп кетті, қайтеміз!

1967 жылдың 29 тамызы. Таңғы сағат алтыда телефоным сылдырлап қоя берді. Кім екен таң атпай безілдеткен, түнде де тыныштық бермейді бұлар, – деп азын-аулақ киіндім де, кірер бөлмеде тұрған телефон тұтқасын көтердім:

– Бұл кім екен?

– Мен Қабдікәрім ғой. Сәке, бір ауыр жағдай болып қалды. Қазір такси ал да Одаққа тез жет, мен сонда боламын.

– Әй, бастық, не болып қалды, жөніңді айтсаңшы алдымен.

– Нөкісте Төлеген Айбергенов қайтыс болыпты, тез жет, қалғанын келген соң естірсің. Жүрегім дір етті де, телефон тұтқасы қолымнан салдырлап жерге түсті…

Қабдікәрім Ыдырысов сол кездегі Жазушылар одағы хатшыларының бірі болатын. Мен ол кезде көшенің қарсы бетінде қаптап тұратын көп таксидің алдыңғы біреуіне отырдым да тартып бердім…

Жазушылар одағының екінші қабатына көтерілсем, ботадай боздап жүрген Мұқағалиды кездестірдім. Еңіреп келіп Мұқағали алып құшағына қаусырып алып жыламасы бар ма, босатар емес. Өзім ентелей басып келген бетте ентігімді баса алмай мең-зең қалыпқа түстім. Оның құшағынан әрең құтылып, Қабдікәрімнің кабинетіне қалай кіріп барғанымды сезбей де қалдым.

– Е, Сәке, келіп қалдың ба? Міне, сағат жиырма минутсыз жеті. Қазір менің машинама отыр да билет ал. Ұшақ Ташкентке сағат 10.30-да ұшады, тездет.

– Ой, өзі не болды, жөн-жобаңды айтшы, – деп дегбірін алып тұрып алдым.

Мәселе былай екен, Жазушылар – Дихан Әбілев, Сағынғали Сейітов, Нұтфолла Шәкенов Қарақалпақстанға командировкаға барады. Осы ақындардың Қарақалпақстан жұртшылығымен кездесуін Нөкіске ертерек барып ұйымдастырған Төлеген екен. Келесі күні бригаданың басқа мүшелері Шымбай ауданына жүріп кетеді де, Төлеген Нөкістегі туысқандарымды, бала кезден бірге өскен дос-жарандарымды аралаймын деп бірер күнге бригада бастығының рұқсатымен Нөкісте қалады. Сол күні аяқ астынан ақын мәңгілікке көз жұмады. Қ.Ыдырысовтың бар білетіні осы ғана болды. Мұндай сұмдық хабарға әбден қаныққан соң мен әуежайға тарттым. Нөкістіктердің жіберген жеделхатын ұстап әуежай бастығының (қазір фамилиясы есімде жоқ) тура өзіне кірдім.

Әуежай кассаларына қайта-қайта телефон шалып отырып Ташкентке үш билет тапты-ау бастық. Енді ұшқалы тұрған ұшаққа жеттік-ау, әйтеуір. Үрнисаға Төлегеннің қайтыс болғаны туралы Қабдікәрім де, біз де ештеңе сездірмеуге тырыстық. Тек Төлеген қатты ауырып жатыр, дәрігерлер бір емін табар, – деп қана қоямыз. Үрниса көзін мөлдіретіп бізге жаутаңдай қарай береді. Үрнисадан гөрі маған Нөкіске жеткізуге ауыр тигені Мұқағали болды. «Ой, бауырым-ай, ой, ақыным-ай, серігім-ай, не болдың, не болдың?! – дейді де зілдей ауыр денесімен үстіме қираң етіп құлай кетеді. Мен, – Мұқа, Үрниса оның қайтыс болғанын сезіп қояды, шыдашы енді, шыдашы, – деп жалынамын. Ол аз-маз қалпына келеді де, әрі-беріден соң баяғысына қайта басады. Мен байқұс оны қайтадан уатып әлекпін. Үшеуміз де таңғы оразамызды ашқанымыз жоқ. Ұшақта бір-бір рюмкамен минерал суын беріп еді, Үрниса татып алмады. Әйтеуір Ташкентке қарай ұшып келеміз.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей қияметтің әкесін Ташкент әуежайында көрдім, тіпті өзбектерден таяқ жеп те қала жаздадым. Біз ұшып келген ұшақ Ташкенттен сапарын аяқтайды екен. Нөкіске басқа ұшақ ұшады. Ол ұшақтың ұшуына бір жарым сағаттай уақыт қалыпты. Асығуым керек. Мұқағали мен Үрнисаны әуежай алдындағы жолаушылар орындығына отырғызып, орындарынан тұрса адасып қалармын, – деп екеуіне де: – Осы арадан қозғалмаңдар, мен билетке барамын, мен бәрін де реттеймін деп артыма жалтақтай қарап ішке еніп кеттім.

Кассалардың алды толған адам. Қаздай тізіліп тұр. Бірін итеріп, бірін лақтырып ұрыс-керіс жасап касса тесігіне өңмеңдеп ұмтылған жетпегірлердің көбін қайтерсің. Олар билетті кезексіз алып шығады да, жалма-жан біреулерге жоғары бағасына өткізеді де әлгі тесікке қайта ұмтылады. Не істеуім керек, аз тұрдым да әлгі жетпегірлердің бір-екеуін алдыма салып касса тесігіне жеттім-ау. Екі жүгірмек билеттерін алған соң, мен де құжаттарымды ұсындым. Арлан төс, еңгезердей бір өзбек билет сатып отыр.

– Маған Нөкіске ұшатын ұшаққа үш билет беріңіз, міне телеграмма, – деп қаралы хабарламаны ұсындым.

– Бұл нәмә кирәк, билет йок… Бар, кет…

– Бүгін мына ақынды жерлеуіміз керек, телеграмманы оқыңызшы! Жалынып тұра бердім. – Жиырма бес сом пұл қосып берсең болады, – деп сыбырлады артымнан біреу. Мен оның сөзіне пайым бермей, үш билет табыңыз деп кассирге тағы жалбарындым.

– О, анаң, – деп кассир өзбегім кассадан шықты да мені жағамнан алып итеріп жіберді. Мен шалқамнан барып құладым.

Мені бір орыс жігіті мен қараторы қыз екі қолтығымнан сүйеп көтеріп алды. Орнымнан тұрып касса терезесіне қарасам, әлгі өзбегім маған қарап жұдырығын көрсетеді. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың» кебін киіп, не болса да бастығына барайын деп екінші қабатқа көтерілдім. Қабылдау бөлімінде отырған қылшиған өзбек қызы: – Бастық ешкімді де қабылдамайды, – деп өзбекшеледі. Мен қыздың жанына еркін басып бардым да өзімнің жазушылық куәлігім мен әлгі телеграмманы көрсеттім де, бастықтың есігін еліре ашып кіріп кеттім. Ұзыннан ұзақ жарық, кең кабинеттің төрінде екі қолын үстелдің үстіне салып алақ-жұлақ етіп, отыз бес, қырықтар шамасындағы жып-жылтыр өзбек отыр. Мен еркіндей басып бастықтың алдында тұрған қабылдау столының қасындағы жұмсақ былғары креслоға күп беріп, отыра кеттім. Бұл кім өзі, неге еркінсиді дегендей, менің сәлеміме де құлақ түрмей саусақтарын сыртылдатып аз-маз отырды да, – Сізге не керек еді, – деп дүңк етті. Мен жағдайымды айта бастап едім, ол тыңдамай қолымдағы құжаттарыма қолын созды. Телеграмманы көз жүгіртіп қарап шықты да:

– Мен ештеңе істей алмаймын, кассаға барыңыз, – деп құжаттарымды маған қарай сырғыта салды. Мұның да жетістіре қоймайтынына көзім жетті де оған:

– Онда мені мына телефонның бірімен сөйлесуге рұқсат етсеңіз, – дедім.

– Жоқ, бұл арадан ешкіммен сөйлесуге болмайды, – деп шірене қалды. Енді не істедім, мен кассаға кеткелі жарым сағаттан асып кетті. Үрнисалар не болды екен, бір амалын қайтсем де табуым керек шығар деп аз ойландым да, ойыма кілт шығарда Қабдікәрім жазып берген Өзбекстан комсомолы бірінші хатшысының үкімет телефоны есіме түсіп кетті де бастыққа:

– Сіздің телефондарыңыз көп-ақ екен, соның біреуі үкімет телефоны шығар, мына телефонды қосып жіберіңізші, – дедім. Бастығым әлгі телефон нөмірін көрді де, асып-сасып, – Сейтас ака, Сейтасқа басып аппараттарының ішінен бір көк аппараттың трубкасын жұлып алды. Телефон Өзбекстан комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат Сабиров дегендікі екен. Жол болғанда, ол да орнынан табыла кетті. Бастық асып-сасып телефон тұтқасын маған ұсынды. Комсомол хатшысы менімен ағайыншылықпен амандасып күй-жағдайымды сұрады да, – Алматыдан Ыдырысов жолдас хабарласқан еді. Сіздерді Нөкісте де асыға күтіп отыр, мен қазір сіздерге жетемін. Тұтқаны әуежай бастығына беріңіз…

Бастыққа оның телефонмен не айтқанын білмедім. әйтеуір бастығым «акалап, көкелеп» жік-жапар болып жатыр. Сәлден соң тұтқаны тастай салып хатшы қызын шақырды. Иіле басып ол кіріп еді, бастық, – маған тез кассадағы Исмаил аканы шақыр, – деп өктем бұйрық берді. Әлгіндей болған жоқ, қолын кеудесіне салып, басы жерге жеткенше иіліп Исмаил, манағы мені итеріп тастап, жұдырық көрсеткен сабазым да кірді. Ол кіре бере ақырған бастық оны боқтап өзбекше сыбап жатыр. Менің түсінгенім: – Мехманды неге жәбірлейсің, қолындағы телеграммасын көрдің ғой. Сонау Қазақстаннан Нөкіске бара жатыр. Енді үш билетті өз ақшаңа алып кел де, мына мехмандардың аяғына жығылып кешірім сұра, – дегені ғана. Анау «Құп болады, құп болады»  дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Сел-селк етіп, діріл қағып тұр. Сырттан Өзбекстан комсомол комитетінің адамдары да кіріп келді. Мені жағамнан алып құлатқан Исмаил ака сүмірейіп манағы орнында әлі тұр.

– Сен неге кетпей тұрсың, – деді бастық көзін алартып. Исмаил ака, – паспорт, паспорт, – деп маған қолын созды. Мен түсіне қойдым да, паспортты және үш билеттің ақшасын ұсындым, – Пұл керек емес, керек емес, – деп Исмаил ақшаны қайта ұсынып еді, мен тіксініп. – алыңыз, – дедім де қолын қағып жібердім…

Билет қолға тиген соң, бәріміз сыртқа шықтық. Әуежай бастығы да сөмпеңдеп бірге жүр. Үрниса мен Мұқағали да дегбірі кетіп күтіп тұр екен. Біраз кешіккен ұшақ та көтеріліп Нөкіске бет алды.

Нөкіс әуежайы ығы-жығы. Ұшақ тоқтар жерде қара костюм киген өңкей қарақалпақтың ығайы-сығайы қатарласып тұрып алыпты. Ұшақ терезесінен қарағанымда, менің алғаш көзіме түскендері бұрыннан таныс Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бөлім бастығы, ақын, ардақты азамат Бабаш Исмаилов, Қарақалпақ Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ибрагим Юсупов, ақын-жазушылар Жолмырза Аймырзаев, Хожабек Сейітов, Жолдас Сейтназаров, Ғалым, Сейтназаров, Қармыс Досанов, Тәжіддин Сейтжановтар еді.

Төлеген келгенде түскен бір туысының үйіне әуежайдан тізбектеліп ондаған машина келіп жеткенде бізді күтіп тұрған халықтың шегі жоқ. Бүкіл Нөкіс тұрғындары түгел жиналған дерсің. Машиналар өтер жер таппай бұралаңдап қаралы үйдің маңына әрең жетті. Төлегенді арулап жуып, мәйітті аулаға шығарып қойыпты. Енді кешіккенде жерлеуге алып кетпек екен. Бізді күткендер кезек-кезек көрісіп, жылап-сықтап амандасты. Үйге кірместен сол бетімізбен машинаға отырып Нөкістегі қалалық зиратқа бет алдық.

Қалалық партия комитеті мен Нөкіс атқару комитеті өткізген қаралы митингтен кейін зират басы күңіреніп кетті. Төлегенге еріп барған аға жазушыларымыз Дихан Әбілов, Сағынғали Сейтов, Нұрфолла Шәкенов және Мұқағали екеумізді қарақалпақтың белді де белгілі азаматтары қолтығымыздан сүйеп жүрді. Қарақалпақ елі қанаттас қазақ халқына деген туысқандығын танытып, бауырмалдықтың, тілегі мен жүрегі бір екендігін Төлегеніміздің мәңгілік сапарында айғақ етті. Қарақалпақтың ардагер ақыны Ибрагим Юсуповтың мына бір шумақтары екі халықтың туыстығының айғағы ғой деп түсінемін.

Тегіміз бір түйір дәмді бөліскен,
Мейірім сүтін бір емшектен еміскен.
Тар құрсақта тай-құлындай тебіскен,
Аспанында жарқырасын жарық күн,
Мен Абайды аға тұтқан халықпын, –

дегені ақиқат емес пе?! Мұқағали екеуміз Төлешіміздің үйінде болып, артымызға жүрегімізді, қазақ-қарақалпақ халықтарының жұлдызы болар деген тілегімізді амалсыз қара жерге беріп, шарасыздан Алматыға оралуға ұйғардық. Артымызда Нөкістің қалың зиратының ішінде бір кішкене ғана төмпешік болып, халқымыздың алып жүректерінің бірі қалды. Амал не, топырағы торқа болсын!..

ТӨЛЕГЕНГЕ

Мұқағали Мақатаев 

Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай – өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал дейтін сұрапылдың.
 
Торғай – өлең өлмеді, аман қалды,
Әкетті ажал…
Жыр емес, адамды алды.
Бір өмірдің дастаны басталды да,
Шорт үзілді,
Шоп-шолақ тәмамдалды.
 
Қаралы лек.
Бозғыл шаң шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.
Маржан-жырдың мөп-мөлдір бір түйірі,
Құмға түсіп кетті де, уатылды.
 
Тұңғыш көрдім қайтқанын шын ақынның,
Қаталы-ай, ажал дейтін сұрапылдың!
Сұңқар-төсі томпиып қарсы қарап,
Қаршығадай қылшылдап тұратын кім?
 
Енді жоқ азаматым, аймаңдайым,
Жоқ болды құмға сіңген айрандайын.
Асығыс, ылғи жортып жүруші еді,
Бетбақтан су іздеген жайрандайын…


II
Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенде,
Көрмеңдер көрдің аузы жабылғанын.
Көтеріп сендер оны келмегенде,
Көмусіз қалмайды ғой, бауырларым!
 
Көмбеңдер!
Топырақты тастамаңдар!
Жабыла толтырыңдар құмды ұраны.
Ақынды көмсін білмес басқа жандар,
Басына бармаңдар да, құрбылары!
 
Ет жүректің езілмес кезі ме бұл…
Жылай білсең, шын жыла!
Жасыма тек.
Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,
Алдыңдағы апанның басына кеп!
 
«Мұқағали» журналы, №1,2017 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....