Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты. Ақын өмір сүрген кезеңдерді өзі де бастан кешірген жазушы ой-толғамдары мен көзқарастарын терең мазмұнмен сабақтайды. Алдыңғы толқын ағалардың іріліктерін өнеге етеді. Жазушының ақын туралы әңгімесі осындай қырларымен оқырманды қызықтырады.
– Мұқағали – халық ақыны. Қаламгерге ондай атақты ресми билік берген жоқ, уақыт берді, оқырман берді. Осы тұрғыдан қарағанда, қандай құпия мен сырды, қандай жұмбақтарды аңғарған болар едіңіз?
– Рухани байлыққа, оның ішінде әдеби шығармашылыққа, тура өзіне лайық етіп шын бағасын беру қашан да оңай болған емес. Мәселен, қазір әдебиет әлемінде кімдердің есімі құрметті, кімдердің кітабы өткеннің шеңберінен шығып, жаңа ұрпақтың талғамын қанағаттандырды деген сұрақтарға тұшымды жауап бере аласыз ба? «Білгің келсе, алдымен зертте мені» дегенді Мұқағали бекерге айтқан жоқ. Сондықтан шығармалардың бергі жағына ғана шапалақ соқпай, түбіне үңілетін зиялы әдеби сын керек. Ешкімнің көңілін жықпайтын монтаны мінезбен, «бәрі жақсымен» ұлттық рухани қазынаның сапасын арттыра алмаймыз.
Рухани тектіліктің не екенін Мұқағали өз өлеңдері арқылы дәлелдеді. Ақын мұрасын қай жағынан алып қарасаң да биік. Оның ұшар басына шалқайып тұрып қарайсың. Табиғатында ақын болып жаралған жанның басқадан тым бөлек екенін аңғарасың. Жазушы Жәлел Кеттебекке айтқан әңгімесінде ол кісі: «Мен әдебиетке әдебиеттен келген жоқпын, мен әдебиетке өмірден келдім» деген екен. Хат танымаған Жамбылдың ақындық қуаты әлемдік қаламгерлерден кем бе? Әрине, кем емес. Дипломы жоқ Мұқағали да сондай. Ешқандай танымдық құрал ақынның жүрек көзіндегі сырды аша алмайды. Ол өзінше жатқан бір құпия. Мұқағали құдай жаратқан ішкі қуатына ізденімпаздықты қосып, жаратылыс сырына қанығып, оны ғажап суреттермен көркемдеп, түсінікті етіп жыр сүйетін жұртына ұсынды. Әрине, мұны ауызекі бейнелеп айтқан оңай шығар, бірақ жүзеге асыру нағыз таланттың ғана қолынан келеді.
Мұқағали халқын ұқты, халқы Мұқағалиды ұқты. Мұқағалитанудың есігін ашпақ болған зерттеушілер осы күйдің сырына толық қанықса екен деп ойлаймын.
– Өзіңіз де бастан кешкен дүние. Шығармашылық еңбектің жанкешті азабын жақсы білесіз. Шығарма оңайлықпен тумайды. Солай десек те, бір ағайындар Мұқағалиды «өз-өзінен төгіліп тұрады» деп сипаттағанды ұнатады. Осы «төгіліп тұру» еңбектенудің арқасында пайда болған құбылыс па деп ойлаймыз. Ақын мұрасына сүйене отырып, бұл пікірге сіздің беретін өлшемді бағаңыз қандай?
– Меніңше, «төгіліп тұруды» қаламның кедергісіз жүріп кетуі деп ұғынған жөн сияқты. Ақын-жазушы «төгілудің» қызығына ғана алданып, әрлеу мен терлеуді ұмытып кетсе адамның жүрегіне ұя салатын әдемі шығарманы дүниеге қайтіп әкеледі? А.Чеховтың «таланттың 99 пайызы еңбек» дегені әншейін айтыла салған тәмсіл емес. Мұқағали өлеңдерінен сан тарау толғаныстарды қалай бастан кешіргенін көруге болады.
Нағыз ақын болу кез келгенге бұйырмайтын ерекшелік екеніне менің де көзім жеткен. Көп қазақтың біріндей жастық шақтың біраз бөлігін өлең жазуға арнадым. Абай атам дұрыс айтқан екен, «өлеңге әркімнің де бар таласы». «Қазақ әдебиеті» газетінен Мұқағали қол қойған хат алғанда қандай қуандым десеңші! Ол кісі тіпті соншалықты жаман пікір де айтқан жоқ. Бірақ, өлең жарықтықты құдай ауызға салғандай етіп тудыра алмаған соң, ұйқас қуа берудің алдайтынын аңғардым. Аңғару деген — өзіңді өзің шындық тұрғысынан бағалап, таразылау ғой. Осыдан соң ақындар тізімінен өзімді сызып тастауға тура келді. Сен былайсың деп айтпаса да, маған жөн көрсеткен кісі Мұқағали.
Ақынды ресми билік пен халықтың мойындауы кейде бірдей шықпайды, алшақтықтар болып жатады. Ресми биліктің бағалауындағы талант халықтың бағалауымен қабысып жатса қандай ғанибет! Мұқағали халықтық тұлғаға айналғаннан кейін барып, Мемлекеттік сыйлықты алды.
Мынау сайын далада не жоқ, бәрі бар. Алдымен ғажайып таланттарды тудырып алып, одан кейін оны дұрыстап тани алмаудың кемшілігін бастан кешеміз. «Расулдай мендағы өлең жазсам, Расулды ұрлаған ұры дер ең» деп еді Мұқағали жарықтық. Аумалы-төкпелі пікір ұстанатын қазақы әдеби ортаның бағасын дәл берген екен. Өзіне өзі сенгенмен, лайықты пікір ести алмай ширыққан Мұқаң «мен ақынмын ба?» деген сұрақты жиі қойыпты. Көзін көргендердің бұл туралы айтқан әңгімелерін мен де естігем. Сірә, ақын, кезінде Әбіш Кекілбаевтың өзі туралы келістіріп жазған мақаласын азырқанған сияқты. Егер шын ақын болсам, ақынға қатысты үлестерден неге құралақан қалдым деп те ойлаған шығар. «Менің нәзік жанымды кім түсінер» деген сұрауында көп сырлардың қабатталып жатқаны сондықтан.
Қарап отырсақ, осы күні Мұқағали өлеңдерін оқымайтын қазақ жоқ. Өйткені ақын жырлары анық. Аузыңа өзі түсіп, көкейіңе өзі қонып тұр. Анықтығы соншалық, олай етіп кез келген қазақ жазып тастайтын сияқты көрінеді. Алайда, жаза алмайсың. Неге? Өйткені Мұқағали жырлары терең. Тек мөлдір, тұнық болған соң ғана тереңдіктің асты көрініп тұрғандай. Ал анық шығарма – асқан шеберліктің арқасында ғана жасалатын біртуар өрнектер.
Біздің Абайға жүгінетініміз сияқты, орыстың қалам ұстағандары Пушкинге ден қояды. Соның айтқандарына жүгініп, соның тіркестерінен мысалдар алады. Пушкиннің шығармашылық құпиясын зерттегендер, ұлы ақынның бір өлеңнің өзін ғана сан мәрте шимайлағанын көрген. Тіпті, мұндай мысалдарды орыс зерттеушілері көрнекі құрал ретінде бетке ұстағаны есімде. Бұл – ойлану мен толғанудың азапты жанкештіліктерін бастан кешпей, таланттардың да бақшасы ойдағыдай өнім бермейді деген сөз.
Ал бізде еңбектенудің мұндай үдерісіне күле қарайтын орашолақ түсінік бар. Кезінде «Социалистік Қазақстанның» әдебиет бөлімінде тілші болып қызмет істедім. Сол кезде өлеңдерін түзеп, күзеп өңдегендерді «күшенгіш» деп мінейтін бір мінездер пайда болды. Ол мінезді кім қалыптастырды, қайдан келді, ешкім білмейді. Содан кейін қалам ұстағандар «күшенгіш» болмауға тырысты. Бірден жазып тастаудың мақтанышы пайда болды. Осының салдарынан дүмбілез өлең жазған авторлар мен редакторлар дауласып жататын.
Мұқағали болса «біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткеннің» шындығына жүгінді. Өзімшілдіктен ада, осындай рухты мінезді Пушкин мен Абай болмысынан таба алатынымыз анық. Өңдеу — өрлеуге шығаратын саты. Есею мен кемелденудің алғышарты. Мұқағали ақындық өмірінде бұл ырғақты бұзған жоқ. Есесіне оқырманға бағасы қымбат, саф алтындай таза зиялы өнім ұсынды. Артына асыл мұра қалдырды.
Өскен сайын ақынның көру аясы кеңейе түсті. Сөздің обалына қалған жоқ. Абай атасы сияқты қазақтың сөзін түзеді. Қазақ жерін қаусыра құшақтайтын ірілікке жетті. Ұлттық тұтастықты көксейтін биікке шықты. Ұлтым деп жүрегі езіліп тұратын мұндай бауырмалдық — екінің біріне қонбайтын қасиет.
– Мұқағали өзіне дейінгі дарындардың ерекшеліктерін бір бойына сіңіріп алған талантты тұлға. Онда – Абайдың ойшылдығы, Махамбеттің батылдығы, Мағжанның сұлулығы, Ілиястың арыны, Жамбылдың сарыны бар. Ақынды мұндай ұлы мақсаттарға құлшындырған не? Тереңнен толғап сол туралы сөз қозғасаңыз дегіміз келеді?
– Мұқағалидың үлгісі мынада, ол өзіне дейінгі өмір сүрген поэзия алыптарының жақсы қасиеттерін іріктеп алды. Тыз етпе әсершілдікті, лезде ауытқып шешімін өзгертетін еліктеушілікті қанына сіңірмеді. Бүгінін ертеңге жалғайтын ақиқат жолын іздеуге ұмтылды. Оған апаратын дайын тұрған соқпақ жоқ. Қайланы қолына алып, маңдайынан тер тамшылата отырып, сондай соқпақтарды өз күшімен жасап шықты. Мұқағали өлеңдеріндегі темперамент оның жүрегіндегі атылып жатқан жанартаудың қайнар көзі еді.
Ақын дарынды ата-бабаларын сүйе отырып, өмірдің барлық таланттарына деген құрметінен танған жоқ. «Барлық ақын баласы бір ананың» деген ұстанымынан айныған емес. «Тұтандырсам бірінен жыр алауын, бірінен қасиетті сыр аламын» деді.
Мынандай бір қызық жай есіме түседі. Жазушылар одағындағы үлкен жиналысқа кіріп келген Мұқағали тәртіп бұзғандай болып «Бүгін орыстың ұлы ақыны Твардовский дүниеден озды. Орындарыңыздан тұрып, бір минут еске алуларыңызды сұраймын» деген. Жұрт жұмыстарын қоя салып, солай етті де. Ақын залдан шығып жүре берді. Ақынның «тентектігіне» теліген жұрт, бұл оқиғаға соншалықты құлықты болмады. Орыс жеріндегі өзінің бір сыңары дүниеден өткеніне ақын жүректің қанжылағанын ешкім түсінбеген екен.
Бүгінгі таңда орыс халқы Твардовскийін ерекше жоқтауда. Оның «Василий Теркин» атты өлеңмен жазылған романын нағыз халықтық шығарма деп дәріптеп жатыр. Оны екінші дүниежүзілік соғыстағы орыс мінезін ашқан және орыс фольклористикасына үндескен керемет шығармаға балады. Осы бағаның құнын бірінші болып сезінгендердің бірі Мұқағали екеніне куә болған едік. Мұқағалидың талантты тану жөніндегі осы бір рухани сергектігі ойландыратын ерекшелік.
Мұқағали тақырыпқа байланған жоқ. Тақырыптарды бетке ұстап өзін жарнамаламады. Оған махаббат та, саясат та, табиғат та, барлығы бірдей еді. Не туралы айтса да, тек ақын болып айтты. «Бізге көрінбейтін бояулардан әсер алды». Мұқағали поэзиясы ұлттық құнардан суарылған, сол арқылы сөз өнері сиқырын әлемдік дәрежеге көтеріп, оны қазақы сарынға именбей ұластырған дарын.
Мұқағали пенделік бақталастыққа ұрынған жоқ. Ешкімнің алдына түспеді. Есесіне уақытпен жарысты. «Поэзияның бүкіл сөлін сығып алып» пайдалану үшін еңбектенді. Ол дәуірмен бетпе-бет отырып сырласты. Осындай күймен ақындық жалғыздықтың халін бастан кешірді. Өлеңін емес, өзін әңгімелеуге құмар жұрт оның дабысы мұншалықты жаңғырады деп ойламады. Шаң қауып қалғандардың ішін қызғаныш өртесе, ол да заңдылық. Мұқағалидың ақындық нақышы, өшпейтін өрнегі бәрібір жанды арбаған сиқырдай өзіне тартады да тұрады.
– Мұқағали прозалық жанрға да қалам тербеп, қабілетін сынап көріпті. Драмалық шығарма да жазған. Қазақ қаламгерлігінде бар әмбебаптыққа ол да қызыққан секілді. Осы жөніндегі көзқарасыңыз қандай?
– Атын ұмытып тұрмын, бұрынырақта бір хикаятын оқыған едім. Бойжеткеннің жездесіне деген құрметінің жалынды сырлары тәнті етеді. Сарыны солай. Нәзік лирикамен көмкеріліп жазылған дүние. Әрине, прозасы жаман емес. Бірақ, ол бәрібір ақындығымен шендесе алмайды. Десек те, осынау қара сөздерден ақындық темпераменттің есіп тұрған лебін анық байқадым.
– Мұқағали мен Сүйінбай арасында көзге көрінбейтін бір байланыс бар. Дәлел үшін мынандай мысалға жүгініп көрелік. Бір ғасыр бұрын Сүйекең Қатағанмен айтысқанда күллі қазақтың шежіресі мен тарихын жырына арқау етіп ұзағынан толғады. Қырғыздың өзін таңғалдырды. Ал, жүз жылдан кейін Мұқағали «Алатау, Алтай, Атырау» деп бүкіл қазақ жерінің бір пұшпағын қалдырмай суреттеп керемет дастан жазды. Осылай етіп ұзағынан толғау әзірге екі ақыннан басқа ешкімге тән болмай отыр. Сонда бұл не? Ой сабақтастығы ма, рух сабақтастығы ма? Сіз қалай ойлайсыз?
– Екі ақынның арасында көзге көрінбейтін байланыстар бар екенін Мұқағалидың өлең өрімдері айтып тұр. «Алатау, Алтай, Атырауды» жырлаған ақын Сүйінбай атасының айтыстарына қанық емес деп ешкім айта алмайды. Ол ата сөзін жаңаша жаңғыртуды ойдағыдай орындап шықты. Бұл жайындағы менің көңілге түйген қорытындым осындай.
Кезінде Мұқағалиға математика пәнінен сабақ берген Рақым аға Дәуітов біздің Жамбыл ауданында тұрды. Бірақ сол сырды мақтаныш етіп ешкімге айтқан жоқ. Мәнісін кейін естідік. Рақым аға салауатты, тартымды, зиялы жан еді. Ол кісіге Бердібек Соқпақбаев та жиі-жиі келіп тұрған екен.
Мұқағалидың 70 жылдығында Рақым ағамен бірге Қарасазға бардық. Әдебиетке құмар шәкірттерін Мұқағалидың анасы Нағиман әжеге ертіп апарып таныстырды. «Әй, сен Рақымбысың?» деді қарт әже әрі қуанып, әрі толқып. Жанарына жас үйірілгені бізге анық көрінді. Ұстазымыздың да көңілі босады. Екеуі де өткен күннің суреттерін елестетіп тұр.
Ағыл-тегіл сыр шертті. Әңгіменің арқауы – Мұқағали. Баяғыда әжесін жер қойнауына тапсырып келген соң ақын анасына қарап тұрып: «О, тоба! Сонда сен шынында да менің анамбысың?!» деген екен. Қазақы мінездің тұнық қайнары бұдан артық қандай болады?!
Сол сырласу кезінде Рақым ағамыз Мұқағалидың тағы бір қырын айтып бізді таңғалдырды. Жиын-тойларда қыз-келіншектермен түні бойы айтысып, алдына жан салмаған екен.
Мұқағалидың төкпе ақындығының құпия бастауы бәлкім осында жатыр-ау деп тебірендік. Халықтық қайнардан қанып ішудің жөні бөлек. Сөз мәйегін суырып салып айтысқа қатысуы оның рухани қамбасының молдығын көрсететін дәлел. Сарқылмайтын бұлақты еске түсіреді. Рухани қамбаның сыйымдылығын көзбен мөлшерлей алмайсың. Бұл құбылыс алыс-жақынды түгел құшақтай алатын жомарт мінез қалыптастырады. Жан қозғалысының ырғақтарын тегеурінмен қабылдау және оны ойға қорыту секілді категориялармен өлшегенде, Сүйінбайдың да, Мұқағалидың да ортақ ұқсастықтарын шүбәсіз аңғарасың.
Екеуі екі заманның өкілі бола тұра ортақ үндестікке тоқайласты. Мұқағали мұрасын зерттеушілер осындай пайымдарға да назар салса деген ойдамын.
– Аңғарып қарасаңыз, Мұқағали музыканы өте жоғары дәрежеде түсінген. Бетховен мен Моцартқа қатысты қырларының өзі талай нәрсені көрсетіп тұр. Ақын жырының әрқайсысында музыкалық сарын бар. Сол сарын бүгін құлаққа жиі естілетін болды. Алайда, оны алғаш тыңдаған, алғаш түсінген Нұрғиса ағамыз еді. Осы жайларға қатысты әңгімеңізді ортаға салсаңыз.
– Сөз жоқ, Мұқағалидың музыканы түсінуі орасан. Ол сазбен салынған мұңлы суреттерді тап басып таныды. Олардан адамның жандауысының тылсым үндерін естіді. Моцарттың «Реквиемін» поэмаға айналдырып алдымызға тосқаны сондықтан. Ақын жырларының ар жағындағы жасырынып тұрған музыканы композиторлардың естіп жатқаны сөзімізді анықтай түседі.
Мұқағали музасының дауысына алғаш құлақ түрген адам – Нұрғиса Тілендиев. Сырттай қарапайым көрінетін Нұрғиса көкем — талғамы мен танымы, ішкі мәдениеті өте жоғары, эстет кісі еді. Мұқағали поэзиясын ерекше құрметтейтін. Әсіресе, ақынның интеллектісін айрықша бағалайтын. Ақынның қадіріне жетпейтін кейбір інілерінің шолақтығына ренжіп, Мұқағалиды сағынатынын талмай айта беретін.
– «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет ағаның ерлігі сол, 1981 жылы «Райымбек! Райымбек!» поэмасын комсомолдық газетке басын бәйгеге тігіп тәуекелмен жариялады. Өзіңіз де сол газетте жұмыс істедіңіз. Екі таланттың өзара құрметтесуі туралы не білесіз?
– Сейдахмет ағам көңілді сәттерінде Мұқағали әзілдерін есіне түсіріп, «Мұқаң қызық еді» деп жымиятын. Жүрегінің елжірегенін байқайтынбыз. Ақынның жыр түйіндеріне жиі жүгінетін.
Өздеріңіз білесіздер, Мұқағалидың «Пушкинмен қоштасу» деген өлеңі бар. Ақын ол өлеңде кешегі тұрмақ, бүгінгі қоғам да Пушкиннен әлі қорқып тұрған сияқты еді дегенді айтады. Ескерткішінің өзін болат шынжырмен бұғаулап, қоршап тастапты деген тәрізді теңеулерді келтіреді. Бұлай сипаттау коммунистік билікке қалай ұнасын! Өлең «Лениншіл жасқа» шыққаннан кейін Сейдахмет көкем жоғары жақтан сөгіс алды. Сөйте тұра жүректі редактор райынан қайтқан жоқ. Ретін тауып, сол заманға ұнай қоймайтын Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» дастанын жарыққа шығарды. Себебі, ол ақынның ішкі әлемінен ұлттық рухтың алапат бұлқыныстарын анық көрді. Мұқағалимен үндесті. Бұл шешім редактордың сол кезеңдегі ерен ерлігі еді.
«Қайран, біздің ағалар, арды ойлаған!». Әдебиеттің нарқын тамыршыдай тап басып танитын Сейдағаңды қазір сағынасың. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі ол кісі туралы «ақылды еді, алғыр еді» деп отыратын. Бірін бірі таныған ірілердің сәулесі сөнген жоқ, өнер аспанында жұлдыздай жарқырап тұр.
– Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойын өткізуде сіздің замандасыңыз Серік Үмбетов үлкен еңбек сіңірді. Мерейтойдың шымылдығы 12 ақпанда Жамбыл туған топырақта ашылды. Бұл да бір жақсы ырымға баланған шара. Серік Әбікенұлының Мұқағалиға деген сүйіспеншілігінен не байқадыңыз?
– Мен білетін Серік Үмбетов – ақсақалдық өнегені пір тұтады. Ұлттық тәрбиеге уызынан жарыған азамат. Оның бойында танымның кеңдігі бар, талаптың өрлігі бар. Мұқағалиға деген құрметі – қазақ өлеңіне деген құрмет. Бұл ақындар елінде туғандықтан оның бойына ежелден сіңген ізгілік. Дарынды ағасының алдындағы інілік парызын дұрыс ұқты. Сол парыздың бір парасын ақынға арналған сан түрлі зиялы шаралар арқылы өтеуге тырысты. Бар болғаны осы. Нәтижесінде Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы тәлімі де мол, тәрбиесі де мол ел өңіріндегі үлкен мәдени оқиға болып өтті.
Мұқағали мерейтойының Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта басталуы да өзіндік мәнге ие. Мұқаңның тойына Жамбыл атасы мен Нұрғиса ағасы бата бергендей болып сезілді. Бұлай үйлестірудің идеясына аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің қосқан үлесін біреу білсе, біреу білмес. Ол әдебиетті жүрегімен танитын азаматтың бірі. Әкесі Сәдуақас қаламгер еді. Сол кісіден ауысқан таным ұлын да арқаландырып келеді. Серік Үмбетов ағасының өнегесі де бекер кетіп жатқан жоқ.
– Дүниеден жарқ етіп Есенқұл да өтті. Есенқұл поэзиясында Мұқағалиға ұқсаған бір ерекешліктер бар. Сол ұқсастықтарды қалай жорып, қалай сипаттауға болады?
Есенқұл – ақын! Ақын болғанда нағыз ақын. Есенқұлдың өзіндік бағасы бар, оны ешкім еншілеп алмайды, өзіне ғана бұйырады. «Өмір сахнасына алған билеті бар». Бұл орынға басқа біреу отырады деген алаңдаушылық болмауға тиісті.
Мен білетін Есенқұлдың сабыры сары алтындай болды. Аяғының астындағы ұсақ-түйекке мән беріп қарамайтын. Оның көзі де, көңілі де тек биікте еді. Төлеген Айбергенов айтқандай, «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің, Ал мендегі сезімді көрсең, шошыр едің!». Есенқұл да тура сондай болып өмір сүрді. Сұрапыл жырларын оқығанда, денең дір ете түседі!
Мен Мұқағалиды түбінен түсінген адамдардың қатарынан Есенқұлды көремін. Ол да ағасы сияқты жырдың ақиқатшыл семсерін тік ұстады. Ол да Мұқаң секілді «Алпысқа келсек екен енді біздер» деп армандады. Бірақ, келмеді! Бір кем дүние деген осы!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Батық Мәжитұлы
«Мұқағали» журналы, №5, 2014 жыл