Журналдың биылғы алғашқы саны Абайдың 175 жылдығына арналды. Бұл нөмірден Абай рухына құрмет көрсеткен Мұқағали жырларын оқисыздар. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы басылымдағы ең сүбелі материал. Ұлы хакімнің «Қара сөздеріне» қайтадан үңілесіздер. Абайтанушылармен сырласасыздар.
Белгілі ғалым Омар Жәлелұлының «Мұқағали Абайды әлем классиктерінен жоғары қойды» деген танымдық сұхбаты, Батық Мәжитұлының «Ұлы ақынмен сырласу» атты поэмасы, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлының «Мұқағали тілі сөздігі» туралы журналистпен болған әсерлі әңгімесі, Жұлдыз Мақатаевтың әкесі жайлы толғанысы, Мырзахмет Мұхаметжановтың «Мұқағали қол қойған бір жәдігер» тақырыбындағы естелігі және Әбдімәлік Сайтбековтың «Ақынды ардақтаған сазгер» атты мақаласы оқырмандар назарына ұсынылған. Жазушы Дархан Бейсенбекұлының «Қарақат тере барғанда» деген әңгімесі де қызықтырмай қоймайды.