Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға» деп аталған әдеби кештен репортаж жарияланған. Ондағы материалдар толық мазмұнымен беріліп отыр.
Филология ғылымының докторы Құныпия Алпысбаевтың зерттеу еңбегі мұқағалитануды толықтыра түседі. Әділжан Нөкеевтің «Той туралы ойы» баршаны пікір алмасуға шақырады. Ол Мұқағалидың 90 жылдығын жаңаша сипатта қалай өткізуге болады дейтін сұрақтарға жауап іздейді. Жазушы Қуандық Түменбайдың «Ақын мен шенеунік» этюді өзіндік өрнектерімен құнды. Бақытжан Әліқұлов пен Мұхтархан Қалиұлының өлеңдері «Жыр арқауы – Мұқағали» айдарымен берілген. Балғын зерттеуші Сәния Санаққали Мұқағали мұрасына өз тарапынан баға беруге ұмтылған. Белгілі құсбегі Мүлік Исабеков тарлан ақынның таудағы мүсінінің сырына қанықтырады. Полиция полковнигі Жұбайлық Битіманов «Капитанның басынан кешкендерін» баяндайтын шытырман оқиғалы шығармасын бастады. «Алаяқтың ақыры» – оның алғашқы бөлімі.
Сонымен қатар, жазушы Дидахмет Әшімханұлының асыл мұрасын қайтадан парақтап, ардақты тұлғаны сағына еске аласыздар.
Оқырмандарға ескерту: ақын атындағы басылымның №2 саны еліміздегі төтенше жағдайға және Алматыдағы карантинге байланысты қолдарыңызға кешігіп тиюі мүмкін. Алдын ала сіздерден кешірім сұраймыз.