РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Омар Жәлелұлы. Мұқағали Абайды әлем классиктерінен жоғары қойды

«Той – Құдайдың қазынасы». Бұл оңай сөз емес, тіркестің мәні өте терең. Сұңғыла бабаларымыз оны әлімсақтан-ақ жақсы түсінген. Себебі әр адам қазынадан үлес дәметеді. Одан тиетін үлес – құлқынды жемдейтін нәпақа емес, ұлық шарадан алатын ру­хани нәр. Ал ондай той ұлы Абайдың мерекесі болса, мұның қуанышы мүл­дем бөлек. Асыл жырының қуаты артындағы ұлысы мен ұр­пағын он есе, тіпті жүз есе байытады деген сенімдеміз. Той Абай ғибраттарын ұқтыруға қыз­мет етсе қандай ғанибет! Қазынадан хал­қымызға бай­лық дарыса – ырыс деген сол емес пе. Осы орайда әңгіменің тиегін ағытып, айтулы абайтанушы, белгілі ға­лым Омар Жәлелұлымен сұхбаттасқанды жөн көрдік. Ол кісі Абай ілімін Мұқағали мұрасына сабақтастыра отырып сыр шертті.

Абай мұрасы ешқашан ескірмейді. Ол – ұстаздық ілім, ұлттық бай­лық. Абай жолының қазақ қоғамына әсері зор. Мұны мемлекет идео­логиясы үшін қалай пайдалануға болады?

– Иә, Абай мұрасы ешқашан ескірмейді, қайта уақыт өткен сайын ашы­лады.  Абайдың сөзін, әрбір өлеңін мемлекеттік идеологияға пай­­да­лануға болады. Қазіргі қазақтың түзеуге тиіс ең үлкен пробле­масы – ес жиып, етек жабу.

Қазақ қашан есінен айырылды? Ресей империясының отарына ай­­­налған кезде. Кейін бұл саясат Совет өкіметі тұсында мүлдем өр­ші­ді.

Ес жиюдың ең басты алғышарты не? Ол – бас біріктіру, ұлт ре­тінде тұ­тасу. Өйткені, отарлаушылардың көздеген арам ойы – қа­зақты бірлі­гінен айыру болатын. Сол мақсат­тарына жете жаздады. Қазіргі қазақтың әлі бұрынғы қазаққа ұқсай алмай жүр­гені осының кесірі. Отаршылдық жүйенің салдарын жан-тәнімен, жұ­лын-жүй­ке­­сімен  сезінген Абай мұндай жағдайда аман қалудың – ел­­­діктің – отар­сызданудың өзегі – бірлік екенін түбірінен тү­­сінді. Түсіне отырып өзінің әйгілі «Сегіз аяғында» оны қалай жүзеге асыру керектігін меңзеді:

Егіннің ебін,
Сауданың тегін
           Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
           Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
 Көрмесең, істің бәрі бос.

Міне, сізге ұлттық идеология! Бұл Абай жасап берген ұлттық идео­­­логияны Алаш қайраткерлері қапысыз ұқты. Ұқты да бәрі бір кі­сі­дей болып осы ұранға қосылды. Алаштың рухани көсемі Ахмет Бай­тұрсынұлы басқа жұрттардан кем болмау үшін үш нәрсені атады. Ол – білім, байлық, күш. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек деді. Осы үш керектің жо­лында барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тиіспіз. Бұл мәселе өзек­тілігін жой­ған жоқ, жоймайды да.

Ел Тәуелсіздігін нығайту үшін осы «үш керекті» толық жүзеге асыру қажет. Билік, үкімет оны өз идеологиясының темірқазығына ай­нал­дырса Абай аңсаған ұлы сөреге қол жеткізетініміз анық.

Абай қазақтың иығын әлеммен теңестірді. Ұлы бабамыз адам­заттық деңгейдегі ойшылдықтың, қайраткерліктің даламызда бар екенін дәлелдеді. Біз Абай биігіне қарап бой түзейтін дәстүрді қа­лып­тастыра алдық па?

– Сөзіңіздің жаны бар. Абай ілімін игерудің дұрыс жолын дөп басып айтып отырсыз. Бізде «Абай қазақты сынады» деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Шын мәнінде Абай қазақты сынады ма? Меніңше, жоқ. Одан гөрі Абай қазақты өз биігіне шақырды десек дұрыс болады. 

Өкінішке қарай біз Абай биігіне қарап бой түзейтін дәстүрді қалып­тас­тыра алмай отырмыз. Абайды мерейтойында, атаулы датасында ғана еске аламыз. Ілімінің  тереңіне бойлап, оны өмір сүруіміздің өзе­гіне ай­нал­дыру әдістемелері жасалмай келеді. Қашан қазақ билігі Абайды мем­лекеттік идеологияның  рухани платформасына ай­нал­дыр­ғанда – бұл өміршең, ғажайып дәстүрдің тамырына қан жүгіріп жан­дана бас­тайды.

– Абай сыншылдығы ақиқатқа негізделген. Өмірге қажет ереже­лер. Сондықтан оның сыртқы сипаттарын қызықтау жеткіліксіз. Ішкі тереңдігі мен сыршылдығын түсінудің жөні бөлек. Кейде Абай­ша сынауды оңай көріп «болмаса да ұқсап бағатынымыз» бар. Мұның арасалмағына қандай баға бересіз?

– Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов «Абай сыншыл ақыл­дың ақыны»  депті. Расында солай ғой. Абайдың әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі бұлтартпайтын, бұра тартпайтын, тізесін қисық бұрмайтын сын­­шыл ақылдың жемісі. Мәселен, Абай ілімін Әл-Фараби мұрасымен шен­­дес­тіре қараған Ақжан Машани: «Абайды көзі көрген ақсақалдар «Абай ақылына қонбаған, тақымына толмаған сөзді аузына алмаушы еді» деп айтып отыратын», – дейді. Абайдың басты шығармашылық прин­ципін мына шумақтардан да көруге болады:

Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.

Ақылдың алдында авторитет жоқ дейді Абай. Бірақ бір нәрсені ескер­геніміз абзал, Абайдың айтып отырғаны бәрін есепке құратын суық ақыл емес, махаббат пен әділетке негізделген нұрлы ақыл. Сон­дықтан сіз суық ақылдан бұрын нұрлы ақылдың иесі болсаңыз ғана сынауға хақыңыз бар. Және ең бастысы, сынау үшін Абайдың жү­регіндей елін-жерін, күллі адам­затты қалтқысыз сүйген үлкен жүрек керек.

Сіз дұрыс сұрақ қойып отырсыз, көп адамдар Абайды оқыса да тү­сін­бейді, ұқпайды. Ол Абайдың кінәсі емес, бәріне тек бастың көзі­мен қарап үйренген біздің кінәміз. Абайды ұғу үшін ол жеткіліксіз, жү­рек­тің көзі ашық болуы шарт. Абай кейде тіпті қатты айтады, сөз­дің сыр­тын ғана қызықтап, ішіне кіре алмайындарды надандардың қа­тары­на жатқызады:

Не пайда бар – мың надан
Сыртын көріп таңдансын.
Одан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!

Қазір мектептерде Абайды оқиды. Жаттайды. Бірақ көп нәрсе жат­таушылардың бойларына жұқпайды. Кінә балада ғана емес, ба­ланың жү­регіне жеткізе алмаған оқытушыда болып тұр. Ол үшін оқы­тушы, мұ­ғалім ең алдымен Абай ілімін өзі терең ұғынып, сол дәрежеде жүрегіне сіңіруі шарт.

– Арлы қаламгер бірінші Алладан, екінші Абайдан қорқады. Бұл – сөз танудан туатын үдеріс. Сондай сиректің бірі Мұқағали Мақатаев болды. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?!» дегенін қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақта не көп, өлең көп. Қазақ мұны «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп бір-ақ қайырады. Абай қазақ мәдениетінде осы «шөп» пен «шөңгені» ажыратқан ақын. Поэзия құбылыс ретінде  Еуропада дүниеге келді.

Абай – Пушкин, Лермонтов арқылы Еуропа поэзиясының үздік өкіл­дерімен танысады. Абай қазақ өлеңін бірінші боп поэзия дең­гейіне кө­тереді. Осы тұрғыдан Абай өзіне дейінгі қазақ өлеңіне поэ­зия биігінен қарап көңілі толмай, сыни пікір білдіреді.

Шортанбай, Дулат пенен  Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау!

Осы өлеңді оқи отырып: «Сонда не,  Абайға дейін қазақ сөз таны­маған ба?» –  деген сұрақтың пайда болуы әбден заңды. Мәселе, ақын ауызға алып отырған «сөздің» төркінін түсінуде. Абай бұл жерде «сөз» деп «өлең сөздің патшасы» поэзияны айтып отырғаны шү­­бә­сіз. Абайдың қазақ мә­дениетіндегі орнын тап басып айтқан Ахмет Байтұрсынұлы: «Онан асқан  бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» депті.

Абай – ақын ғана емес, «адаспай тура жол іздеген хакім» де. Құран сыры мен хадис даналығын көкірегіне тоқыған ғұлама ғалым, ардақты пайғамбарымыздың мирасқоры. Осының бәрін ақындық интуициямен терең сезінген Мұқағали: «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?!» деп оған үлкен баға берді.

– Абай асыққанды қаламады. Сабырдың сары алтындай өнегесіне жүгінді. Оқу мен тоқуды, ізденісті тынымсыз жалғастырса да ақын­дық мінберге бірден көтерілмеді. «Өнерпаз болсаң, арқалан» деді. Қырық жасқа дейін өлеңінің кемелденуін күтті. Мұқағали да сол сияқты, өзін өзі тежеді. Жыр жазу жауапкершілігін арзандатпады. Мол дайындықтан өтсе де, өлеңге ресми келуін отыз жасында жа­риялады. Осы екі оқиғадан не түйесіз?

– Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп
Мен қорқамын, көз жетпес.



Абай асықпады. Өзінің жүрегіне үңілді. Көкжиектерге көз салды. Құд­айдың әмірін күтті.  Өйткені Абай заманында «Қазаққа өлең деген бір қа­дірсіз» болатын. Ақындар «Әр елден өлеңменен қайыр тілеп» сөз қадірін әбден кетіріп бітіп еді. Ақындықты күн көрістің көзіне айналдырған «білімсіз, бишараларға» ұқсағысы келмеді. Өлеңге өте биік талап қойды. Өзі де сол талаптың үддесінен шығуға тырысты. Абай өз заманының мал­тапқыш ақындарындай өлеңді ермек еткен жоқ, өлеңді тағдыр деп қа­былдады.

Абай өлеңнің дүниеге келуін биік кернеу мен зарядтардың жары­лысы­нан пайда болатын жалын мен оттан жаралған найзағайға теңеді. «Жалын мен оттан жаралған… Сөзді ұғатын қайсың бар?» деп заман­дас­тарын ашық майданға шақырды. Ыза мен қайғыны от пен жалынға те­ңеп, найзағай-өлеңнің дүниеге келу процесін алдымызға бүкпесіз жайып салды.

Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.

Абайдың зары Мұқағалиға келіп ұласты. Мұқағали да асықпады: ақын­дықты ет пен терінің арасындағы желік емес, ауыр жүк, баба­лар­­дан қалған аманат ретінде қабылдады. Абайдың «жалын» мен «оты» Мұқағалида «қайшылық» ретінде көрініс береді. Ақын болу үшін «күн­делікті тірлікке бой суытпай» басқа әлемге, метафизакалық әлемге бой ұру қажеттілігін жан-дүниесімен сезіне білді.

Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа, – деді Мұқағали

Бұл «айшылық жол», «ұзақ сапар» рухани дайындықты, тұлға ретінде пісіп-жетілуді қажет етеді. Сондықтан ұстазы Абай сықылды Мұқағали да асықпады, өзі айтқандай ақындық болмыстағы бүкіл өскін дәнге ай­налатын «ағұс айын» күтті.

– Мұқағали орыс классикасына қаныққан адам. Әлем философ­тарымен де сырласты. Неміс тілін меңгерді. Сөйте тұра Абайды бә­рі­­нен биік қойды. Мұның құпиясын қалай ұқтыруға болады?

– Абай да әлем әдебиетін меңгерді, бірақ оларға еліктеп кеткен жоқ. Әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударып, қазақтың қазанында қайнатты, қазаққа олжа салды, қазақтың бейнелі тілін ба­йытты, көкжиегін кеңітті. Әлем әдебиеті кейіпкерлерінің үстіне қа­зақ­тың бешпентін кигізіп, көркем шығарма мазмұнын қазақы кон­текс ар­қылы аша білді. Бұл – кейінгі әдебиет әлеміне аяқ басқан ақын­дарға үлгі болды.

Мұқағали да осы жолмен жүрді. Әлем әдебиетін меңгерді, сәтті аудар­малар жасады. Бірақ әлемнің барлық ақындарынан ұлт ұстазы Абайды биік қойды. Абайды қайталанбас дара тұлға, Жаратушының қазаққа берген сыйы деп ұқты. Әлем әдебиетінің классиктері қанша дарынды болса да өз ұлты, өз жұртының мұңын жырлады, қайғысын өлеңге айналдырды. Ал қазақтың мұңын, қазақтың қайғысын жыр­лау үшін Алаш анамыз Абайдай ұлын дүниеге әкелді. Осы тұр­ғыдан алғанда Мұқағали Абайды барша әлем классиктерінен жоғары қойды.

– Абай қазақты тәрбиелеуде. Ақындықтың ұлы межесін ұстаз­дыққа балады. Сондықтан «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін, Жаз­дым үлгі жастарға бермек үшін» деді. Осы рух Мұқағалиға қонды. «Мен дағы өлең жазбаймын ермек үшін, Жаздым үлгі жас­тар­ға бермек үшін, Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деді. Бұл нені аңғартады?

– Әдебиет деген сөздің түбірі «әдеп». Әдебиет әу бастан әдеп үй­рету үшін, көркем мінезділікке тәрбиелеу үшін дүниеге келген. Бұл ұлы дәстүрден Абай еш ауытқыған жоқ. Әдебиеттің ауыр жүгін са­налы түрде көтерді. Көтере отырып ұлт ұстазына айналды.

 Кейіннен бұл үрдісті Мұқағали жалғастырды. Ол осы өлеңі ар­қылы өзін Абайдың рухани ізбасары екенін анық, айқын білдіріп отыр.

– Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» десе, Мұқағали «Барлық ақын баласы бір ананың» немесе «Мекенжайым – Жер менің» дейді. Абай «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» десе, Мұқағали «Менің нәзік жанымды кім түсінер» дейді. Абай «Мола­сындай бақсының, Жалғыз қалдым, тап шыным» десе, Мұқағали «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дейді. Бұл не, бәлкім заңғар биікке қатар қарай алатын таным деңгейлерінің ұқсастығы болар.  Оның мазмұнын қалай безбендер едіңіз?

– Кез келген нағыз ақын ұлтын шексіз сүйе отырып адамзаттық дең­гейге көтеріледі. Ақындық жүрекке бір ұлт ғана емес, барлық адам­зат, тіпті он сегіз мың ғалам сияды. Бұл тұрғыда Абай мен Мұ­қа­­ғали кон­гениалды.

Ал ақындық деген сайып келгенде жалғыздық, ақиқатқа ұжым­ды түрде бара алмайсыз. Абай мен Мұқағали бұл тұрғыда да кон­гениал­ды.

– Мұқағали ойлары мен пікірлерін жыр тіліне салып кесек сом­дады. Көркем және бейнелі етіп түйіндеді. Сондықтан зиялы оқыр­манға «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деп ескертті. Соған ла­йық міндеттерді атқару үшін не істеу керек?

– Мұқағалиға барар жол біреу-ақ:

…Келсең кел.
Ұятыңмен , арыңмен кел.
Бойыңдағы жақсылық, барыңмен кел.
Биік бол, мендегінің бәрін меңгер,
Жабырқаған жанымды жаныңмен көр.

Бұдан артық не айтуға болады?!

– Болмыстың ақиқаты біреу, ол – «үш анық». Абайша айтсақ, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Мұқағалиды тыңдасақ, «Дін – ғы­лымның анасы». Бұл сабақтастықтардың сырын қалай сара­лай­сыз?

– Абай: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік бол­са, сонда ғана оның аты адам болады» дейді. Абай ойының жүл­гесі­нен адасып кетпей әрі қарай ізерлейтін болсақ «Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақ­тық…» деген күрделі ой сілеміне шығамыз.

Ақын – адам, адам болғанда – нағыз адам. Ал өзіңді жаратқан Алла Тағаланы танымай, өзіңді танымай, дүниені танымай қалай адам болмақсың? Абай – Жаратушыны таныған ақын. Абай жұмбағының бар сыры осында жатыр. Абай бұл жолда арнайы діни білім алды, медресе бітірді.  Ал Мұқағали оны ақындық түйсікпен алды. Қылышынан қан там­ған Со­вет­тік заманда Абай жүрген имандылық жолға келді. «Мұсыл­ман­мын» деп жар салды. Тартынбады, батылы жетті. Мұқағалидың бір бақыты – қазақ тілін өте жетік білді, таза қазақы ортада қайнап, пісіп, жетілді. Ал қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіптің айтуынша «дін  де, ғылым да, әулиешілік те қазақ тілінде тұр». Сондықтан қазақ хал­қының атынан белсеніп ақындық жолға түскен адам міндетті түрде елдің рухани діңгегі – имани жолға келуі хақиқи құбылыс.

– Абай көзі тірісінде кітабын шығарған жоқ. Мұқағали дүниеден марапатсыз өтті. Бірі – ақ империяның, екіншісі – қызыл империяның илеуіне көнбеді. Ал, ең үлкен жетістіктері – қазақтың жандауысын ақ қағазға айнытпай түсірді. Сондықтан оларды жақтайтын да мақ­тайтын қалың елі қазағы. Халық екі мерейтойдың ерекше болғанын қалайды. Биыл – Абайдың 175 жылдығы, келесі жылы – Мұқағалидың 90 жылдығы. Мерейтойлардың әдемі де әсерлі өтуі үшін мәдени шараға қандай жаңалықтарды енгізген жөн?

– «Кітап шығару» деген қазіргі заманның түсінігі. Қазіргі кейбір ақын­дарға ақындықтан гөрі кітап шығару маңызды сияқты. Абай мұн­дай мәселемен басын ауыртпаған, толғағы келгенде туатын ана­дай толғатып, ішін кернеп, жан-дүниесін өртеп жарыққа ұмтылған өлең­дерін жазып тастай берген. Абай  ақындығына мақтан да күт­пеген, ақын­дықты «дерт» деп қабылдаған адам қоғамнан мақтау, марапаттау күтсе не болмақ?

Ал Мұқағалидың жөні бөлек: ол өмір сүрген заман «кітап шыға­ра­тын» заман, талапкердің ақындығын шығарған кітабымен өл­шей­тін заман. Абайдың бақыты сонда, әдеби орта, әдеби интрига, кітап шы­ғару, қаламақы алу секілді ақындыққа еш қатысы жоқ нәр­селермен бас қатырмады.

Енді Мұқалиға келсек, кітаптары бірін соң бірі шығып жатты. Әдеби орта, әдеби билік тарапынан қағажу көргенмен, оны халық таныды, халық атағын аспанға көтерді. Ақын үшін ең үлкен марапат та осы ғой деп ойлаймын. Абай бір өлеңінде «жарлы емеспін, зарлымын» дейді. Бұл хәл Мұқағалиға да тиесілі. Өзі де айтады ғой:

Бәрі де бар…
Басымда бәрі де бар.
Жан емеспін жарымжан дәріге зар.
Жетпейтіні – жүректің әні болар,
Бақыт, бақтың тарыдай дәні болар…

Екі ақын да қазақ деген ғажайып халықтың төл баласы. Биыл Абай­дың 175 жылдығы, алдағы 2021-де Мұқағалидың 90 жылдығы. Ақынның мерейтойы ішіп-жеммен, ат жарыс, көкпармен, ақындар айтысымен өлшенбесе керек. Шынын айтқанда, халық мұндай «бе­кер мал шаш­пақтан» шаршады. Ақынның тойы өзгеше болғаны жөн. Ең бірінші, ол – нағыз рухани мерекеге айналса деймін.

Қазақтың маңдайына біткен екі тұлғаны күнтізбелік, науқандық ме­рейтой деңгейі аясында атап өтуді доғаратын уақыт жетті. Өркениетті елдердегідей мерейтойды ақын шығармашылығына бой­лайтын, тере­ңіне сүңгіп, сөз түбінде жатқан ойдың інжу-мар­жандарын теруге беріл­ген ұлы мүмкіндік деп қарастырған жөн.

  Абай мен Мұқағалидың мұрасын жатқа айтып қана қоймай, әрбір өлеңіне талдау жасаудан жарыс жариялап, жеңімпаздарға бір-бір ат мін­гізіп, үздік талдауларды жеке-жеке кітап қылып бастыратын уақыт келді. Үздік талдаумен қатар, ақын мәтініне шығарылған үздік ән конкурсы болу да шарт. Әйтпесе, қазір ерінбегеннің бәрі Мұқағалиға ән шығарғыш,  мәтіннің тереңіне бойлай алмай – қай­ғыратын кезде қуанып, қуанатын кезде қайғыратын абсурд жағ­дай­ларға тап бола береміз. Сөзімізді түйіндесек, материалдық бай­лықтан тұрғызған сарай тозады, рухани байлықтан сомдалған ке­мелдік озады.

– Әңгімеңізге рахмет!

                                                                    Әңгімелескен Батық МӘЖИТҰЛЫ

«Мұқағали» журналы №1 2020 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....