РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Тоқан БОТАБЕКОВ. Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек

Ақын жайлы әңгіменің кезекті қонағы есімі елге белгілі кә­сіп­кер Тоқан Ботабеков. Ол жоғары оқу орнын Мәскеуде бітір­ді. Мол тәжірибе жинаған білікті маман. Қазір көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры, құрылыс материалдарын шы­ға­ра­­тын заманауи зауыттың иесі. Өскелең өмір талаптарына іскерлігімен жауап беретін азамат. «Құрмет» орденінің иегері. Бірнеше ме­даль­­­дармен марапатталған. Алматы облыстық мәс­ли­хатының де­­пу­таты. Райымбек, Іле аудандары­ның Құрметті аза­маты. Сонымен бірге, әдебиет пен мәдениеттің жанашыры.

«Ізденіс түбі — інжу», — дейді компания мамандары

Тоқан мырза, қош келдіңіз! Алдымен Расул Ғамзатовтың «Адам­дардың бәрі ақын» деген бейнелі сөзін еске түсірейікші. Қаламгер бұлай дегенде, ақындық сезім күллі жүректерге тән екенін білдіргендей. Сіз ол мағынаны қай тұрғыда түсінер едіңіз?

– Меніңше, Расул Ғамзатов адамзат болмысын дұрыс аңғарған. Айталық, кім екеніне қарамастан адамдар рухани азықтан нәр алады. Өлеңге, өнерге әуес. Міне, сұрақтың жауабы осы жерден басталады.

«Әу демейтін қазақ жоқ». Расул қазақтың сол ойын өзіндік мәнерге сал­ған. Ал Мұқағали оны көркем сөзбен кестелейді. «Халқымның өзі айтқанын қайталадым» деді. Үш пікір айналып келіп бір нүктеге түйіседі. Мұндай үй­лесімдерге қалай таңғалмайсың?!

Мәселен, көркем шығармаларды оқыған кезде жақсы мен жаманды, алтын мен жезді дәл ажыратсаң, ол – ақындық! Өлең жазбайсың, бірақ сен де өнерден құры алақан емессің. Мұқағалидың кітабын шарқ ұрып іздейтініміз сондықтан.

Атасына тартқан қазақ сөзден алыстамайды. Сөз өнері – киелі, әдемі де әсерлі, қылыштың жүзіндей өткір. Рухани құралдың ішіндегі ең күштісі. Осы орайда тағы да Мұқағалиға жүгінеміз. Мәселен, техникалық ғасырда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан Мақатаев өлеңдері жанымызға жақын. Жүректердің көзін ашады. Сені елжірете отырып қазақтың рухына жақындатады. Мен оны бүгінгі жастардың бойынан аңғарғанда қуанамын.

Жауабыңызға тәнтімін. Қандай ортадан түлегеніңіз білініп тұр. Кіндік қаныңыз Нарынқол топырағына тамыпты. Осы ауылда өсіп ер­жет­тіңіз. Мұқағали ағаңыз да поэзия жолына Нарынқолдан аттанған. Оның әсерін қалай сезінесіз?

– Туған жерін мақтаныш етпейтін адам жоқ. Солай десем де, Мұқағали өлеңдерін оқығаннан кейін Нарынқолды қайта көргендей боламын. Жай­шылықта байқалмайтын ғажап суреттерді ақын көз алдыңа әкеледі.

Нарынқолдың тұнық аспаны мен мөлдір суына жер әлемде тең келетін өңір жоқ секілді. Таңертең тұрып Мұзартпен, Хантәңірімен амандасушы едік. Бұл өлкенің жаздағы көрінісі қандай?! Айтуға тіл жетпейді. Тек оған тамсанып қарап тұруың керек. Мұқаң осының бәрін өлеңге сыйғызып, мәң­гілік әуелейтін әнге айналдырды.

«Елдің атын ер шығарады». Егер Мұқағали Мақатаев болмаса туған өлке­нің даңқы осыншалық асқақтамас еді. Ақын аға ел алдындағы перзенттік парызын мінсіз өтеді. Ендігі кезек біздікі. Мұқағалидың жер­лестері қандай дегенде, олар мынандай дейтіндей өнегелі тіршілік жа­сауы­мыз керек. Ақын аға «Қыранбыз, қырандардан жаратылған» дегенді бекерге айтқан жоқ.

Әлі есімде, Нарынқолда үлкен кітап дүкені болды. Мұқағалидың жаңа жинағы түскенде жұрт жан-жақтан ағылатын. Анық байқағаным, ақын кітаптары ауданға көп әкелінгеніне қарамастан бәрібір жетпейтін.

Совет көшесі мен Қызыл әскер көшесінің қиылысындағы еңселі үйге «Советтік шекара» газетінің редакциясы орналасқан. Газеттің редакторы Әлнұр Мейірбеков. Ұлы Отан соғысының ардагері, елге белгілі қаламгер. Мектепке келіп оқушылармен кездесулер өткізетін. Сол кезде Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық қызметі осы газеттен басталғанын, мұнда жауапты хатшы болғанын, атақты «Аппассионата» поэмасы туралы қызықты әңгімелер айтатын.

Соның әсері шығар, «Советтік шекараның» қасынан өткенде Әлекеңнің сөздері ойымызға оралады. Редакцияға көз саламыз. Анау көк есіктен Мұ­қағали ағамыз шыға келетіндей толқимыз… Сол кезде ақын Еркін Ібі­тан­ов­тың тұлғасы көрінеді. Сұсты кейпіне ой тұнған жанары жарасып жан-жа­ғына қарайды. Мұқағали аға Қарасаздан өзімен қатар ұшқан Еркін сынды інісін осында әкеліп, қалдырып кеткендей сезілетін. Міне, Нарын­қол­дың өзіме қатысты бір әсерін осылай суреттегенді жөн көрдім.

Қазір Мұқағали да жоқ, Еркін де жоқ. Менің аяулы ата-анам Көкен мен Күлшархан да көрінбейді. Ал Нарынқол өзінің қара орнында. Аудан орталығы мәртебесін қайтадан иеленді. Соның сүйіншісіне арналған кө­рім­діктей етіп ауылға кіретін бас қақпаны жаңа үлгімен өз қаржыма жа­сат­тым. Сөз жоқ, ақынның атамекеніне келетіндер көбейеді. Бұл идея – аталған қақпа Нарын­қолдың алтын дарбазасына айналсын дейтін ақ ниеттен туған еді.

– Студенттік кезеңдеріңіз Мәскеуде өтіпті. Әскери борышыңызды Ре­сей­де өтепсіз. Сегіз жыл аз уақыт емес. Алты айдың ішінде ана тілін ұмыта­тындар бар. Сондай әдеттердің бойыңызға жұқпауына не себеп?

– Ол кездегі Мәскеу – бүкілодақтың астанасы. Колхозшылар халық­шаруашылығы көрмесіне қатысса төбесі көкке екі елі жетпейтін. Мәскеуге бару мүмкіндігі менің пешенеме де бұйырды. Бәрі армиялық өмірмен са­бақ­тасады. Аудан орталығында білім алып, орыс тілін үйренгенімнің пай­дасы көп тиді. Қатарымнан қалмадым. Қазақ деген атымызға кір кел­тір­меуге тырыстық. Біз міндетімізді атқара жүріп, ертеңгі күнге қол создық. Соның арқасында әскери училищені бітірмей-ақ кіші лейтенант атандым. Қарапайым солдаттың ауылға офицер болып оралуы сирек кездесетін оқи­ға. Ата-анам алабөтен қуанды. Олар үшін мен алған әскери шен генерал­дықтан кем емес еді.

Сәтін салғанда жоғары оқуға түсудің емтиханына үлгердім. Мәскеуден бір-ақ шықтым. Сынақтардан сүрінбей өтіп, басқару институтының құры­лыс­шы мамандарын дайындайтын факультетіне оқуға түстім.

Бірде Мұқағали ағаның «Күнделіктерінен» «Москва неге ой түсімнен шық­пайды?.. Бастан өткен аяулы бір дәурен сияқты… Өмір болса, тұра тұр­сын, досты осы халық арасынан іздеу керек екен» дейтін сөйлемдерді оқып қатты таңғалдым. Ақын тура менің ойымды дөп басқандай етіп жа­зыпты. Бір қанатым – Алматы, екінші қанатым – Мәскеу. Енді тек самғау ке­ректігін сезіндім.

Алуан-алуан мінез бар дегендей, елдің ішінде жүріп-ақ ана тілін ұмытатындар баршылық. Ал орыстық ортаның ықпалы тіптен күшті. Мен де ұмытшақтың біріне айналар ма едім, кім біледі, егер Мұқағали Мақатаев болмаса.

Әскерде де, Мәскеуде де ақынның жинақтары қолымнан түскен жоқ. Мұқағалимен мұңдасқанда, Мұқағалимен сырласқанда қазақ болып туғаныңа мақтанасың. Сол арқылы атамекен – ақ мекенге деген сағы­нышымды басамын. Ақын маған ұлтымның, Отанымның қадыр-қасиетін үйретті. Ол кісі қаламгер ғана емес, бәріміздің ортақ ұстазымызға ай­налды.

Әріптестері — Алматы облыстық мәслихатының депуттарымен бірге

– Сонымен Алматыға келдіңіз, құрылыс әлеміне ендіңіз. Сол шақтың оқиғаларын еске алғанда қандай сәттерге тоқталар едіңіз?

– СМУ-15 деген құрылыс ұйымы болған. Мен сол жерге жұмысқа орналастым. Алматының құрылысында тоқтау жоқ. Бір кемшілігі, мұнда қазақ мамандар саусақпен санарлық. Соның өзінде Амангелді Ермегияев, Амандық Баталов сынды азаматтардың есіміне тәнті болдық. Сол кісілерге қарап сап түзедік. Ағалық қамқорлықтарын көрдік.

Ұлы даламызда ғажап қалалардың болғаны тарихтан белгілі. Оны кім салды? Әрине, қазақтар салды. Ата-бабаның қасиеттерін дәлелдейтін кез келді. Бойы­мызды намыс буды. Ол үшін еңбек пен ізденістерді қатар дамыту керек. Ал­дың­ғы толқын ағалардың өнегесінен осыны аңғардық. Біздің қатысуымыз­бен ірі ғимараттар бой көтерді. «Қазақстан» қонақ үйі, Оқушылар сарайы, Цирк ғимараты, осы тектес құрылыстар бүкілодақтық тізімге қосылды.

«Шіркін, қазақ баласы өз қаласын өзі жасайтын күндерге жетер ме екен» деп армандаушы едік. Үмітіміз ақталды. Артымыздан еріп келе жат­қан талантты ұрпақтарға қарап марқаямын. Ондай кезде Мұқағалидың «Қазағым-ай!» деген өлеңін дауыстап тұрып оқитыным бар.

– Жеке кәсіпкерлікке бетбұру батылдықтың белгісі. Сіздер алып-сатуға қызыққан жоқсыздар. Уақытты зая кетірмедіңіздер. Өнім шы­ғаруға кірістіңіздер. Бәсеке заңдылықтарын игердіңіздер. Бастан кеш­кен қызықтар мен қиындықтар қандай еді?

– Кеңес өкіметі жақсы маман дайындады. Бірақ, жақсы кәсіпкерді қалып­тастыра алмады. Өйткені мемлекеттік меншікке негізделген жүйе­нің оған мүмкіндігі жоқ. Жеке қабілеттің күші арқылы пайда келтіруді білмейтін. Дүние есепсіз, бәріне ортақ. Түпкі нәтижелер ешкімді қызық­тырмады.

Егер біткен істер мамандардың жеке мүддесіне сай келсе, бәрі күш-жігерін сарқа жұмсайтын еді. Қазақшалап айтқанда «өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар». Кімнің табысқа кенеліп бақуатты өмір сүргісі келмейді дейсіз.

Кеңес өкіметі құлаған соң өмір де, өндірістік қатынастар да өзгерді. Өтпелі кезеңнің қиындықтары келді. Құрылыстар тоқтады. «Өз күніңді өзің көр» дейтін қағидаға жүгіндік.

Сол шақтарда біз ең алдымен ішкі қуатымызға сендік. Мәскеуден алған білімге, жинақтаған тәжірибемізге сүйендік. Тәуекел дедік, белімізді бекем будық. Сөйтіп жеке кәсіпкерлікті бастадық. Бұл қамал – оңайлықпен алынбайтын қамал. Егер шығарған өнімді лайықты бағаға өткізе алмасаң еңбегің зая кетеді. Өндіруші тұтынушыға тәуелді. Нарықтың заңы деген осы.

Бойымызды ширатып, әлемдік тәжірибелерге иек артып жұмысты қолға алдық. Бірнеше әріптестер тізе қосып Түймебаев ауылына келдік. Осындағы бос тұрған ғимаратты сатып алдық. Қайта жөндеуден өткіздік. Оны шағын кірпіш зауытына айналдырдық. Біз кәсіпкерліктің бастауыш сыныбынан осылай өткенбіз.

Бұл ұзақ әңгіме. Түйіндеп айтқанда, алдымен ортақ шаңырақ көтеріп, содан кейін бір-бір отау болып бөлініп шықтық. Барымызды кәдеге жа­раттық, бағымызды сынадық. Нәтижесінде бүгін өздеріңіз көріп отыр­ған көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының негізі қаланды.

– Егер осы жолда шынайы қолдаушыңыз болмаса, олар мақсат-мұра­тыңыздың мазмұнын ұқпаса қалай болар еді? Бұған не айтасыз?

– «Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген мақал бар. Сол сияқты бастаған ісіңді отбасың қолдамаса, қолтығыңнан кім сүйейді?! Жанымды ұққаны үшін, үлкен жолға тайсалмай менімен бірге шыққаны үшін жұбайым Ләззат Қайсарқызына ризамын. Балаларым – Мұхтар мен Олжасқа да алғысым зор. Олар маған шүбәсіз сенді.

Ләззаттың мамандығы – экономист. Бизнес жоспарларды бірге жасап, бірге талқыладық. Жіберген қателіктерден сабақ алдық. Кейіндеп ақылдасу алқасына ұлдарымыз қосылды. Олардың шетелде білім алғандары кәдеге жарады. Бейнелеп айтқанда жетекші біреу болды, қалғаны оған тіреу болды.

Ләззат екеуміздің туған жеріміз бір, Райымбек ауданы. Мен – Нарын­қолдан, ол – Текестен. Текес – картоп өндіретін үлкен шаруашылық болатын. Сондағы кеңшардың директоры Қайсар Молдабеков Ләззаттың әкесі еді.

Қайын атам халықтық өнерді өте жақсы көрді. Өзі домбырашы, өзі әнші. Айналасын думанға бөлейтін. Ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен жиі араласатын. Аудандағы белгілі қаламгер Еркін Ібітановтың Қайсар досына деген ықыласына жұрт тәнті болатын. Молдабековтер шаңырағы Мұқағалиды да қонақ еткен. Сол үрдіс ақиық ақынның өлеңдеріне деген сүйіспеншілікке ұласты.

Ләззат, Тоқан Ботабековтер бала-шағасының ортасында

– Табиғи таланттың қажеттігі даусыз. Алайда, дарынға қосымша маң­дайдан тер төгілуі керек. Бір ғана талантпен биікке көтерілу мүмкін емес. Осыны сізге де телісек, сауалымызға жауабыңыз қандай?

– Мұқағали ағаның тумысы бөлек. Солай десек те, оны ерен еңбекпен ұштамаса сөреге жете алмайтын еді. Өмірдегі барлық іс-әрекеттер осыған ұқсас.

Кәсіпкерлік те шығармашылықтың бір түрі. Ізденістермен басыңды қа­тыр­май, ауыр жүкті иығыңмен көтермей, бос қиялға алдансаң, бір күндік қуанышты малдансаң – алысқа бара алмайсың. Кәсіпкерлік білекке де, жүрекке де салмақ түсіреді. Тың идеяларды іздеп табу оңай емес. Сондай ширыққан сәттерде Мұқағали ағаның шығармашылық қиналыстарының құпиясын ұққандай боламын.

Арнайы диплом алмаса да ақын аға өзін академиялық біліммен қам­тамасыз етіпті. Алматыда жоқ кітаптарды Мәскеуден алдырған. Үнемі жаңалықтарға ұмтылған. Мұқаңның бұл әрекеттерін өзіме үлгі етіп, оны кәсіпкерлік жолында қолданғанды қаладым. Берісі ТМД, әрісі әлемдегі құрылыс жаңалықтарын оқып, зерттеуге ден қойдым. Басқаның қолынан келген іс неге қазақтың қолынан келмейді дейтін сұрақтарға жауап із­дедім.

Мендегі шығармашылықтың нәтижесін ел көрді. Кешегі қарапайым кірпіш зауыты соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтанған заманауи компанияға айналды. Озық технологияларды басшылыққа алдық. Жоғары деңгейдегі зертханамыз бар. Мамандарымыз бен жұмысшыларымыз са­палы өнім өндіруге дағдыланды. Қазір біз шығарған өнімге сұраныс көп.

Мен шетелдерге шықсам – қыдыру үшін, демалу үшін бармаймын. Ең алдымен өзім болған қаланың құрылысына көз саламын. Халықаралық көрмелерден қалмаймын. Әріптестермен пікірлесемін. Кәдімгі іссапарда жүрген журналистер секілді қойын дәптерімді толтырып қайтатыным бар.

– Сіз үшін Іле ауданының жөні бөлек. Бұл өңірге деген ыстық ықыласы­ңызды жұрт біледі. Соның бірқатар мысалдарына тоқтала кетсеңіз?

– Оныңыз рас, қазір Іленің төл перзентіне айналдық. Бұл жермен тілегі­міз бір, ниетіміз ортақ. Ел-жұртқа рахмет, сенім мен құрметтен кенде еткен жоқ. Алматы облыстық мәслихатына депутат етіп сайлағандары соның бір мысалы.

Біздің компания ауданның қоғамдық-әлеуметтік мәселесінен тыс қалмайды. Өтеген батырдың ескерткішін жасау ісіне белсене араластық. Ауданның 90 жылдық мерекесін өткізу шарасына лайықты үлесімізді қос­тық. Елге қатысты фотошежірелерді жинақтауға, оны өңдеуге, деректер мен дәйектерді ретке келтіруге, осы арқылы өлке тарихын түген­деуге мұрындық болдық. Оған тиісті мамандарды жұмылдырып, жобаны қар­жымен қамтамасыз еттік. Нәтижесінде көркемсуретті кітап шығардық. Осы жұмыстарға Төле би ауылындағы мешітті, бірнеше елдімекендегі жаңа­дан жасалған балалар алаңын қосыңыз. Жақсы дәстүр жалғаса береді.

– Меценаттық қамқорлықтан «Мұқағали» журналын да құры қалдырған жоқсыз. Мұны оқырмандардың білгені жөн. Осы жөнінде не айтасыз?

– «Мұқағали» журналы мұқағалитануға қызмет етеді. Осының парқын білген жан халықтық іске меценат болуды қалайды. Бізде ақын атындағы басылымды қолдаудың мектебі қалыптасқан. Кеңес Үшбаев, Амангелді Ермегияев, Стахан Белғожаев сынды қайраткер ағаларымыздың өнегесі өзгермейтін үлгі. Барлық кәсіпкер бауырларыма осыны ерекшелеп айтар едім.

Әрине, оқырман қауым журнал тек меценаттар көмегімен ғана шығады деп ойлап қалмасын. Өзінің сапалық деңгейінің арқасында ол талай биікті еңсерді.

Өткен күзде компаниямыз журналдың есепшотына жүз оқырманға ар­нал­ған қаржы аударды. Ақылдаса келіп үлкен қалалар мен облыс орта­лық­­тарындағы ұлттық және әмбебап кітапханаларға жаздырдық. Әр­қай­сысына 6-7 данадан айналды. Сөйтіп республикадағы барша жұртты журналға жа­қын­дата түстік.

Шоған абыздың күйеу балалары: (солдан оңға қарай) Ерлан ібітанов, Тоқан Ботабеков және Жұлдыз Мақатаев

– Бұйыртса Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойына да аз қалды. Қандай жаңашылдықтың бой көрсеткенін қалайсыз?

– Миллиондаған оқырманы бар, елі бар, жері бар, журналы бар Мұ­қағали Мақатаевтың мерейтойы елеусіз қалмайды. Тіпті бұрынғыдан да жаңа, мазмұнды, мағыналы болып өтуге тиісті деп ойлаймын. Ондай үлкен шара өмірден озған ақынға емес, алаштың ұрпағына керек.

Рухани қажеттілік – ең басты қажеттілік. Ақын тойы соны түгендеуге үлесін қосса деймін. Осы бағыттағы әдеби, мәдени байқауларды өміршең етіп өткізетін кез келді. Мәселен, келешекте мұқағалитану орталығын қалай құрған жөн? Талапкерлер аталған идеяға сай өз жобаларын ұсынып, жарысқа түссе жақсы емес пе. Оның ішіндегі үздіктері марапатталсын. Ақынның атамекенін қалай туристік аймаққа айналдыруға болады? Бұл да байқаудың тақырыбы. Іздене алсақ игілікті жұмыс көп. Содан кейін той өткізу шарасына кәсіпкерлерді көптеп қатыстырып, көпшілікке ақылы қызмет көрсету мәдениетін заңдастырғанның сөкеті жоқ. Жөнін, жолын үйлестіретін жұмыстар аз емес.

Бұл айтылғандар менің жеке пікірлерім. Ал ойға ой қосылса одан ол тереңдей түседі. Тойға дейін біраз уақыт бар. Журнал арқылы салиқалы әңгімелерді жалғастыру керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Батық МӘЖИТҰЛЫ

«Мұқағали» журналы №2,2020 жыл

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналы №4,2020 жыл

Бұл нөмірден ақын ауылы Қарасазға ақ қарғаның қалай келгенін оқисыздар. Мұқағали Мақатаевтың дәрігерлерге арналған жырларына қайтадан қанығасыздар. 85 жылдығына орай ел-жұрты есіне түсірген құрдас...

«Мұқағали» журналы №3,2020 жыл

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, белгілі сыншы Жанұзақ Аязбеков «Мұқағали поэзиясы қазақпен бірге жасайды» атты сұхбатында ақын мұрасына бүгінгі күннің көзқарасымен баға береді. Кәсіпкер...

Абай күні – қазақтың қасиетін арттырсын

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы айтқанда «Одан басқа бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деп ерекше бағалаған болатын. Сол...

ЖУРНАЛҒА БЕРІЛГЕН БАҒА

Он бес жылдық кезеңде «Мұқағали» журналы ақын жайлы зерт­­теу­лерді, қызықты естеліктерді өз қоржынына топтас­тырды. Мұқағали­тануға ден  қойған авторлар легін қалып­тастыр­ды. Журнал­дың энциклопедия тектес мазмұнмен шығуын...

Ақын ауылына келген ақ қарға

Маусымның 25-ші жұлдызында Қарасазға ақ қарға келді. Оны алғаш көрген орта мектептің мұғалімі Алпысбай Қасқырбаевтың немересі екен....

«Мұқағали» журналы №2, 2020 жыл

Журналдың кезекті саны көпсалалы «BTK-GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабековтың «Мұқағали өлеңдері кәсіпкерге де керек» деген танымдық сұхбатымен ашылды. Бұдан кейін «Жетісу жыр жолдайды Жидебайға»...