Он бес жылдық кезеңде «Мұқағали» журналы ақын жайлы зерттеулерді, қызықты естеліктерді өз қоржынына топтастырды. Мұқағалитануға ден қойған авторлар легін қалыптастырды. Журналдың энциклопедия тектес мазмұнмен шығуын қамтамасыз етті.
Биылғы алғашқы нөмір ұлы Абайдың 175 жылдығына арналды. Абай жаққан бір сәуленің кемел үрдістерін өнегелеп, оны Мұқағали қалай өрістетті деген сұрақтарға жауаптар іздеді. Сонымен қатар, ақын атындағы басылым Райымбек ауданы әкімдігімен біріге отырып Қарасазда абайтануды ұлықтаған үлкен әдеби кеш өткізді. Мұқағали Мақатаевтың алдағы 90 жылдық мерейтойына дайындық туралы пікірлесу мінберін ашты. Тың ұсыныстардың айтылуына мүмкіндіктер туғызды.
Осындай қызметтерге мемлекет тарапынан баға берілді. Журналистердің төл мерекесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналдың бас редакторы Батық Мәжитұлын Алғыс Хатпен марапаттады. Әрине, табыс ортақ. Өйткені, журнал жұмысына оқырман қосқан үлестер де аз емес.