Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы Абай туралы айтқанда «Одан басқа бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» деп ерекше бағалаған болатын. Сол пікір қанатын кеңге жайды. Мазмұнын кемелдендірді. Мұқағали Мақатаевтың «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?!» дегені үлкен ойды жалғаудың жарқын мысалы еді.
Ұлы ақын әрқашанда бізбен бірге. Өйткені абайтану – қазақты танудың айнасы. Абайды өзіміз үшін, ұрпағымыз үшін, келешек өміріміз үшін оқимыз. Егемендік осы міндетті бар қазақтан талап етеді. Міне, сәт сағаты соқты, «Абай күнін» көрдік. Оның мемлекеттік дәрежеде мәртебе алуы кездейсоқ шешім емес. Кезегі келген, әбден пісіп-жетілген мәселе. Қуанышымыз бен құрметіміздің туын қатар желбіретуге тиістіміз.
Абай күнін – ұлттық рухты қорғау күні, хакімдік пен ақындықты құрметтеу күні, ар-иманды асқақтату күні деп ұғынсақ ұтамыз. Ұйымдастыру шараларының аясын жыл өткен сайын кеңейтсек, тереңдерге бойласақ, алыстан ойласақ қандай ғанибет! Абай ғибраттарын ұрпақтар санасына сапалы дарытудың жөні бөлек. Абай күні – қазақтың қасиетін арттырсын!