Журнал әдеттегідей «Жебесімін жезтаңдай бабалардың» деген атпен берілген Мұқағали өлеңдерімен ашылып отыр. Одан кейін Әбділда Тәжібаевтың Жамбыл Жабаев туралы естелігімен және Әбіш Кекілбаевтың «Жыр патшасының алыбы» деген толғанысымен танысасыздар. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Алаш ардақтысы» мақаласында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына қатысты ойларын ортаға салады. Әділет Сарыбайдың репортажы Қарасазда өткен поэзия кешінің салтанатын баяндайды. Ақтоты Райымқұлова өзінің «Бір суреттің сыры» атты естелігінде ақиық ақынға деген сүйіспеншілігін паш етеді.
Жазушы Жақыпжан Нұрғожаевпен болған сұхбатта мұқағалитанудың қыры мен сыры әңгімеленеді. Сонымен қатар қаламгер «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деген Мұқағалиға арналған жаңа кітабы туралы да сыр шертеді. Сайлаубай Тойлыбаевтың «Ақын рухымен сырласу» атты жыры өрнекті тіркестерімен оқырман назарын аударады. «Ақынның атамекені» рубрикасымен берілген «Көгілдір таулар» атты мақалада Жанболат Аупбаев аспантау өңірінің табиғатын тамылжыта суреттейді. Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының шығармашылық бәйгесі Мұқағалидың 90 жылдығына арналған болатын. Оның жеңімпаздарымен таныса аласыздар. Математика ғылымының докторы Аужан Сақабековтің «Жаһандық күнтізбе жасалды» мақаласы көпшілікті елең еткізбей қоймайды. Жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Бір күдік пен бір үміт» әңгімесі де осы нөмірдің еншісінде.