РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Жәлел Кеттебек. Мәскеудің бұлтты аспаны

Жазушылар одағының құзырына жататын М.Горький атындағы Әдебиет институтының жатақ үйі қаланың теріскей шетінде, Останкино маңында. Өзімізшелеп айтқанда, ол ара өз алдына бір қала. Останкино телемұнарасы, Останкино сүт комбинаты, Останкино сыра зауыттары бар. Ал жасылға бояп қойған қаңылтыр шатыры көзге біртүрлі оғаш көрініп тұратын 7-қабатты жатақхана тура сквердің үстінде, осы комбинатқа тиіп тұр.

73-жылдың күзгі сессиясына мен Домодедово аэропорты арқылы кеш түсіп қалғанда келдім.

5-қабаттағы жерлесім Мұқағали Мақатаев болып шықты. Ол кісі институттың жоғарғы әдеби курсына (орысша ВЛК дейді) шақырылған екен. Ол менің Алматының әдеби ортасымен әлі араласпаған кезім еді, Мұқағалиды мүлдем танымайтынмын. Ертесіне бізді балалар ақыны Ермек Өтетілеуов таныстырды. Мұқаң порттағы жүк түсіруші докерлер секілді зор денелі кісі екен. Қырғи қабақ, өткір сұр көздері тура бүркіттің көздеріндей, кісіге қарағаны қызық. Бірақ тесірейіп қалмайды, жұмсақ мәйіндікпен қарайды. Шоң көрінгенмен аяқ-қолдары да ербиіп-ербиіп тұрған жоқ, өзіне үйлесімді, шымыр, кең иықтағы дәу басы да тіп-тік, нық, орнықты.

Қазаққа қонақкәде парыз қой. Кешқұрым шақырып шәй бердім.

Мұқаң ертеректе Шардарада болған екен. 70-жылдары Шардара әлі игеріліп бітпеген аймақ еді, ауылымызға  ақын-жазушылар көп келетін. Ол арқылы өкімет кеңес адамының жасампаздығы мен орыс-қазағы аралас халықтар достығын мадақтайтын, жалпы, тың игеру тақырыбы өзінің тағылымы жағынан да, мәні жағынан да модалы тақырыпқа жататын. Мұқаң Шардараға көктемде келіпті, содан совхоз парторгының газигімен 70 шақырым әрідегі қалың құмның ортасына қоныс тепкен Жібекші ауылына қыдырыпты. Өзі сұранып бармаған, жоғарыдан түскен нұсқауға сай біреулер алып барған. Ол аймақта наурыз жаңбырлы болып келеді, сәуірде жер қызып, ойпаңдағы шым көгалдар қарысқа жуық желкілдеп өсіп, алуан түрлі дала гүлдерімен жұпар иісі аңқыған балғын дүние шешек атып, көктем жарықтық кемеліне келіп, бұлықсып тұрады. Мұқаң сондай бір жаймашуақ шаққа кезігіпті. Әрине, әртүрлі кездесулер өткізген, әрине, өлең жазған, әрине, сырбаздың етін жеген.

Дастархан үстінде ол кісі мені «Оңтүстіктің қазағы» деп қойып отырды. Алматыда жасы үлкендерді «аға» дейді. Оңтүстікте кей ретте «көке» деседі. Өзіме, мысалы, «көке» қонымдырақ, жақындау, жылырақ. Мен «ағаға» үйрене алмай-ақ кеттім. Тым ресми, тым сыпайы секілді. «Агашка» дейтіндері бар, олары да өгейлеу. Егер екпінді екінші «а»-ға келтіріп айтатын болса «Сен қайдан тап болдың, сайтан алғыр?» дегендей жақтырмаушылықтың иісі шығып қалады, ал егер екпін соңғы буынға түссе қылжақпастыққа ұқсап кетеді. Сол себепті мен Мұқағалиды «Мұқа» деп атағанды дұрыс көрдім. Қазақы, жатық, әрі онда құрметтің де нышаны бар ғой.

– Күріш егесіздер ғой? – деді Мұқаң алыс бірдемені есіне түсіргендей болып.

– Егеміз, – дедім.

– Теңіздерің орнында ғой?

– Орнында, – дедім.

– Шомылатын алтын жағажай сол баяғы жерінде ғой?

– Сол баяғы жерінде, – дедім.

– Айтпақшы, Қаныбек Сарыбаев сендерде жүр ғой.

– Бізде жүр, – дедім.

Мұқаң Алматыдағы достарына арнап жазған бір өлеңін оқып берді. Денесіне жетеқабыл дауыс да зор екен. Қабағын түйіп, оң қолын ырғақпен сермеп, мәнерлеп оқыды.

Ол кездері мен үшін ең мықты ақын Жұмекен Нәжімеденов болатын. Жұмекеңнің сөз саптасында да, ырғақ-ұйқастарында да, тіпті түйіндеген ойларында да біз секілді қара табан прозаиктердің қолы жетпейтін әлдебір асқақ та маңғаз, нәзік те қасиетті аристократизм бардай көрінетін. Қазіргідей емес, ол кезде Мұқаң туралы сирек жазылатын. Сол себепті ол кісінің өлеңдерін аз білуші едім. Оның үстіне менің жазушылық кәсібім енді ғана басталып келе жатқан. Көп жәйттерді сырттан еститінбіз. Әрі естігендеріміздің кейбірі жаңсақ болып шығатын. Сол себепті Мұқаңмен жүзбе-жүз кездескенде ол кісі туралы мағлұматымның аздығынан қайта-қайта қолайсыздана бердім. Ақынның ең болмаса бір өлеңін өзіне жатқа оқып бере алмағаным, расында, үлкен кемістік еді. Миымның бір түкпірінде бозқарағанға қатысты әлдебір келте шумақтар келіп-кетіп жүрді. Бірақ өлеңнің өзін толықтай есіме түсіре алмадым.

Мұқаң жазуды қалай бастағанымды суыртпақтап сұрап отырды. Әдебиет институтына Одаққа арқа сүйемей-ақ өз күшіммен түскенімді білген соң аздап жұмсарайын деді.

– Сен де мен секілді әдебиетке өмірден келген пенде екенсің ғой, – деп бір қойды.

– Солай секілді, – дедім.

– Ана жақта адамың жоқ болды де.

Басының қимылымен есікті нұсқады. Күншығыс (ал сіз оны Алматы деп түсініңіз) есік жақ тұста болатын.

– Асыранды қаз болмау керек, – деді ойланыңқырап отырып. – Бізде жаңа бастаған таланттарға қамқоршылар көп. Бірақ олар Аспандияровтай, Ораз Жандосовтай ұлы қамқоршылар емес. Осы нәрсені есіңе сақта. Кейбір авториттер талантты жастарға көке болып жүргенді өздерінше мәртебе көреді. Олар мүттәйімшіліктің академиясын тауысқандар, сені дүниеге өздері әкелген сияқтанып сырт көзге мардымсып жүреді. Мысалы, домаланып жүгірген күшікті, немесе көздері жаңа ашылған мысықтың баласын асырап алғандай. Ал сен тырнағың өсіп, өзіңнің «меніңді» танытып, еркіндікке шыққың келгенде жанашыр таппай қаласың. Әлгіндей көкелерің тым-тырақай қашып кетеді. Неге? Өйткені, енді саған ешкім залалсыз бейкүнә жаратылыс деп қарамайды, атақ-даңқты бөліске салуға келген жаңа қарсылас деп қарайды. Өйткені олар күшігендер. Сен олардан «Кімсіңдер?» деп сұрап көрші. «Жоқ, біз күшіген емеспіз. Біз әдебиеттің аруағын күзетушілерміз!» дейді. Сөйте тұра атақ-даңқты, ақындардың дүниедегі бірден бір лайықты сыбағасын өлексеге айналдырып, өздері ғана бөліп ала берсек дейді. Дербес болғың келген сайын олар саған өшіге түседі. Біз, қарағым, осы жәйттерді бастан кешіп келген пендеміз. Мен алғашқыда таңданып жүрдім. Кейіннен бүйтіп теріс айналатындары бар, алғашында неге қамқор бола қалды? Менің бүркіт екенімді білмеді ме? Осыған түсіне алмадым. Сөйтсем, шынымен-ақ білмеген екен. Өздері секілді күшіген қыламыз деген ғой. Ал мен нағыз сұңқардың дауысымен шаңқ ете қалғанымда бәрі мені тастай қашты…

Сөйтті де өз-өзіне разы жанның кейпімен жымиып күлді.

Әуелгіде пысықсынып бәрін де жіпке тізіп, есте сақтап қалуға тырысып отырдым. Мысалы, Мұқаңның добалдай саусақтарымен (сол саусақтармен өлең жазады деуге сенудің өзі қиын) қайратты шашын желкесіне қарай қайырып тарағанын, қастарының түйілгенін, аяғын аяғына қойып, қолын тізесіне салып, сәл еңкейіңкіреп отырғанын, езу тартып күлгенін… Сол бір сәтте байқағаным, Мұқаңның түксиіп қабағын түйетіні сұсты сезілмейтін. Неге деймісіз? Қазір айтам. Ол кісінің мұрнының ұшы имектеу еді. Егер осы имиген тұс бұлтиып, бұдырмаланып, желбезектің үстіндегі ет қалыңдау болып келсе қас-қабақтың түйілуі, расымен-ақ суық көрінер еді. Бірақ мұрынның имегінде де, одан төменіректе бүлкілдеп тұрған желбезекте де, еріннің үстіңгі тұсында да әдемілік деуге келмесе де сүйкімділікке ұқсастау жұқалтаң ғана нәзік бірдеме бар еді, сол жұқалтаңдық ақынның бет пішінін біртүрлі жайдарыландырып тұратын. Ақындарды аз білетінімді айттым. Маған енді мүләйімсудің қажеті жоқ еді.

Мұқаң оныма ренжіген жоқ.

– Оған қорғалақтанудың қажеті жоқ, ол жәйттің әдебиетке қатысы шамалы, – деді көңілімді жұбатып. – Бізде өлең туралы әділ пікір аз. Әділ пікір болмаған соң ақындардың бәрі бір іннің ішінде өріп жүрген тышқандарға ұқсап біртекті көрінеді. Кейде мені Мұқағали Мақатаев емес сондай тышқан етіп көрсеткісі келеді. Көздерім жылт-жылт етіп, құйрығым селтиіп басқа тышқандарға ұқсап тұрса екен дейді. Сендер қызықсыңдар. Сендер өлеңді богемалардың ермегі көресіңдер («сендер» деп өзіне таныс біреулерді атап отырғанын сездім). Өлеңнің үстіне түсіп өбектемеу керек. Ол сендерге сылаңдаған сұлу келіншек емес қой. Өлең адамға қонған аруақ, онымен серттесу керек. Мен әдебиетке әдебиеттен келген жоқпын, қажет десеңіз, мен өлең жазғанда әдебиеттің не екенін білген жоқпын. Өлеңде форма болатынын, желі болатынын, идея болатынын, өлең туралы үлкен ғылым барын білмедім. Мені поэзиямен Құдайдың өзі серттестірді. Есіңе сақтап жүр, оңтүстіктің қазағы, саясаттың иесі болса, өнердің Тәңірісі бар. Меніңше, талант дегеніміз сондай бір серттестік. Платон философияға, Александр Македонский соғысқа жаралған. Христофор Колумб саяхатқа. Ал мен поэзияның адамымын. Талант  әрқилы, бірақ құдайымыз бір.

Менің поэзияға деген көзқарасым бірнеше сатыдан өтті. Әуелгіде мен оны ермек көрдім, өлеңнен өзімді жоғары қоюға тырыстым. Өлең маған атақ-даңқ алып беретін алтын балық секілденіп көрінді. Бұл менің ақымақ кезім еді. Жүре келе екеуміз теңескендей болдық. Поэзия сәл биіктеді, мен сәл төмендедім. Сол кезде мен поэзияның менсіз онша мәнді болмасын, өзімнің де онсыз оңалмасымды сездім. Бұл шырт ұйқыдан оянғандай оқыс әрі күшті сезім болды. Мұқаңның көздері шаттық пен шабыттан жалтырап, дөңес мұрнының үсті тершіп, жүзі шырайланып шыға келді.

– Мен әуестіктің не екенін ұмыттым, заңғар биікке самғап ұшқан құстай өлеңді бірде күйініп, бірде сүйініп, ішкі әлемімнің күллі кеңістігін шарықтата әлдебір ынтызар сағынышпен жазатын болдым. Содан кейін барып мен өзімнің өлеңге, ал өлеңнің қыр-сыры көп сиқырлы ғажап жат дүниеге айналып бара жатқанын түйсіндім. Бұл қандай дүние екен деп таңданып та жүрдім. Бір қарасам әр өлеңде менің бір бөлшегім қалып жатыр екен. Қалай болғанын білген жоқпын. Жазған өлеңіме өзіндік бір қасиетімді қалдыра беріппін. Менің қолымнан шыққан әр парақта құдды мен сияқты кішкентай-кішкентай жүздеген Мұқағалидың құмырсқадай өріп жүргенін көрдім. Сөйтсем, әлгі мен таңданып жүрген поэзия дүниесі менің дүнием екен ғой. О, Құдай төбеңнен ұрғыр! Мен өлеңге айналып кетіппін, — Мұқаң жайнаң етіп езу тартты.

– Енді бермен қара, – деп кеудесін керіп, жалпақ иықтарын кең жазып отырды. – Үстімде костюмім бар, аяғымда қара туфли, желкеме түскен ұзын шаш мынау. Көрдің ғой? Бұл менің поэзиясыз бейнем, бұнда әсер жоқ, бір көрген адам жалт қарап, көз тоқтатып өтпейді, таңданбайды, табынып, соңымнан жүгірмейді. Өйткені мен өмірде әлгіндей көп тышқанның бірімін. Ана құдайдан бергі жақтағылар құрып қойған қалыптан шыққандаймын. Олар неге қалып құрған? Бұл да өзінше қызық философия. Олар ақындардың диктатурасынан қорқады. Маған Пушкиннен қалған, Петраркадан қалған, Байроннан қалған, кешегі Есенин секілді ұлылардан қалған ойлардың жұрнағын жарнамалап жүрген жылнамашы деп қарамау керек. «Жұрнақ» деген сөзді жек көрем. Мен өзіндік болмысы бөлек жаратылыспын. Талант дегеніміз осы. Мен өлеңге өлеңнен келген жоқпын дедім ғой. Осы жәйттің астарын түсінбеген кісіге мені түсіну қиын. Менің кітаптарымда олақ жазылған қопал сөздер көп. Өйткені, өмірді жырлаймын деп әрі оны дәл өзіндей жырлаймын деп әдемі сөйлеуге мән берген жоқпын. Мән беруге мұршам де келмеді. Маған түйсігім айтты «Жүзуді су жұтып жүріп үйрену керек» деді. Мен су жұтып жүріп жүздім. Бірақ мен өлеңде жылмиған еуропалық емеспін, басқамын. Олпы-солпы, алым-салым қазақпын. Өлеңдегі Мұқағали басқа Мұқағали. Оның үстінде күпісі бар. Басында ақ қалпақ. Бұтында жарғақ шалбар. Аяғында өкшесі бар қарыс шоңқайма етік. Сенсең, мен оны дәл осы күйде әлдебір жуастау торы бестіге мініп, шоқтанып қарағай өскен тау сілемінің етегінде, сарқырап аққан арықты жағалап Хантәңірі шоқысын бетке алып жортып бара жатқандай көрем. Өлеңде мен сондаймын. Бір сөзбен айтқанда, мен поэзияда қаны таза қазақпын. Түсініп отырмысың? Айтпақшы, сен шылым шегесің ғой (ол кезде шылым шегетінмін) «Казбек» дейтін папирос бар. Қабының бетіне Кавказ тауы, ал тау етегінде салтанатты кавказдықтың суреті бейнеленген. Хантәңіріге бет алып бара жатқан Мұқағали да тап сондай. Бірақ ол сурет папиростың қабының бетінде емес, менің көкейімде. Менің қай жерімді тырнап қалсаң да қазақтың қаны шығады, менің дүниемнің қай шетін ашып қалсаң да қазақ дүниесін көресің. Егер өлең жазбасам мен ешқашан да қазақты танымас едім. Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді адуынды, дүлей күшті көрем. Бұл қазақтың рух күші. Егер сендер мені қазаққа таныта алсаңдар бас-аяғы он жылдың ішінде мен сендерге жаңа Кенесары шығарып берем. Жоқ, бұл әзіл емес. Мен бұны тұла бойымды кернеп тұрған әлгі дүлей күштің қуатынан сезініп жүрем. Ұдайы сезем де жүрем, бірақ ешкімге айта алмаймын. Қазақтың ашуымен ойнамау керек. «Жуастан жуан шығады». Біреулер бізді орысқа бейімсіңдер десіп жүр. Сен одан қорықпа. Егер қазақ орыс болса өзін орыс қылғандарды көрінде өкіртетін қылады. Сен не, аруақтармен ойнап жүрмісің? Мен қазақ поэзиясында қазіргі дәуірдегі нағыз қазақтың жанын бірінші ашқан ақынмын. Сол үшін мені ұнатпайтындар көп. Жек көреді. Қызғанады. Күндейді. Өйткені, өздері бүйте алмайды. Бүйтуге қорқады. Олар менің поэзиядағы мәжнүн болып жүргенімді де ұнатпайды. Мәжнүндіктен есуастық туады дейді. Ұлы өлеңді есуастар жазады десең таңданады. – Кенет дауысын бәсейтіп: – Ел аман, жұрт тынышта рухқа еркіндік сұрап ереуілге кімдердің шығатынын білесің бе? – деп сұрады. Бірақ маған ойлануға мұрша берген жоқ. – Жанынан безгендер шығады, – деді қолын қызулана сермеп. – Мен жанынан безген ақынмын. Бұл жағдайда жанынан безгісі келмейтіндердің маған тас ататыны заңды құбылыс. Солай болған, әрі келешекте де солай болуға тиіс.

Қызу сөйлегендіктен танауы қусырылып, терең тыныс алды. Сәл отырып, басылғандай болып, бірдемені бүлдіріп қойған баладай кінәлі кейіпте ыржиып күлді. Содан кейін күрсінді.

Поэзия туралы маған ешкім бүйтіп лекция оқыған емес. Оған дейін де, одан кейін де. Ол кісінің сөзінен мен өлеңді түйсікпен жазатынын, бүгінгіні жазып отырып алдағы кезгі өзге бір дәуірді соншалықты айқын сезінетінін, бүгінгі адамдарды сөз қыла отырып, әлі дүниеге келмеген өзге бір пенделерді жан-дүниесінің сәулесімен көріп отыратынын, күнделікті көріністерден, пейзаждардан басқа бір тосын суретті тірілтіп, солардың шынайы, әрі тірі екендігіне өзінің балаша сенетіндігін аңғардым. Мен тағы да ақынды ақылмен ұғуға болмайтынын түсіндім. Кейін мен өзіме былай дедім «Жоқ, мен ешқашан да өлең жазбауға тиіспін. Бірақ өлеңді түсінудің жаңа теориясын ашуым керек. Онсыз маған әдебиетте орын жоқ». Бұл арада «Өлең» деп жалпы өнерді айтып отырғаным ғой.

Сөйтіп, түн ауғанша отырып тарқастық. Ертесіне мені құлқын сәріден дәлізден гүрілдеп шыққан зор дауыс оятты.

– Я – бог, я – царь, я – раб, я – червь! – деді Мұқаң дәліз жақтан.

Аяқ дүрсілі бері жақындап, тарсылдатып есікті ұрды,

Сағат бестен енді ғана асыпты. Мәскеу жақта таң ерте атады, бірақ біздегідей қызарып шыққан күн тас төбеге тырмысып бірден көкке өрлеп, шақшиып ала жөнелмейді, көкжиектің үстімен солдан оңға қарай орағыта қиыстап баяу көтеріледі. Сонда таңертеңгілік тым ұзарып кеткендей әсер қалдырады.

– Оңтүстіктің қазағы-ау, оянсаңшы, – деді.

Айтпақшы, мен Мұқаңның аузынан әлгі «Я – царь, я – бог…» деген сөзді одан кейін де бірнеше мәрте естідім. Бұл Державиннің жыры. Астарында терең философия жатқандығы осы жалқы жолдың өзінен-ақ көрініп тұрған жоқ па? Расында, біздің пендешілік әлеміміз әрқилы, өзіміз де әрқилымыз. Біреуміз құдайдың қолшасынан ұстап тұрғандай асқақ болсақ дейміз, біреуміз әміршідей өктем болсақ дейміз, біреуміз сөйтіп жүріп құлдыққа түсіп кетеміз, біреуміз татар талқанымызды құрт болып жорғалап жүріп табамыз. Менің түсінігімше Мұқаң оны өзінше түсініп, оған өзінше мән беріп айтатын секілді. Жыр жазғанда мен құдаймын, мен патшамын, шабыт мені аспанға шарықтатты, мінеки, шабыт бітті, мен кінәлі тіршілікке қайта оралдым, енді мен пендемін, мен құлмын, мен бишарамын дегендей. Жасампаздықтың қандай түрі болмасын құдіретке лайық, ал шабыттың қайтқан шағы ақынның өзінше бір таусылып тұрған шағы ғой.

Арада бірер апта өткенде Мұқаңды асханада жолықтырдым. Мені қасына шақырып алып, көшеге ертіп шықты.

– Бері жүр, бір қызық көрсетейін, – деді құпиялап.

Мәскеудің аспаны бұлттанып, желкем боп тұрған еді, тротурады бойлап жүріп кеттік. Тез басып асығып келеміз, біраздасын қаланың шетіне шығып, қауданы қураған теп-тегіс елсіз далаға жетіп тоқтадық.

– Қызығыңыз қайда? – дедім таңданып.

– Оңтүстіктің қазағы-ау, дұрыстап қарасаңшы, осы суреттің өзі қызық емес пе? Көк тіреп тұрған қабырғалар жоқ, көзіңді сүріндіре беретін шатырлар жоқ, қауқиған бұталар да жоқ, жол да жоқ, мәшине де жоқ, мидай жазық дала. Сен тарихты білетін адамсың ғой. Ана жақта… – деп Мұқаң көк тұманға оранған қалаға қолын созды, онысы тіпті әсерлене шығып, күншығысқа қарата қолын құлшына сермеген Ленин жарықтықтың жігерлі қимылына ұқсап кетсе болар ма? Қабағын түкситіп, түсін суытты. – Сен күлме, оңтүстіктің қазағы, бұл күлетін нәрсе емес. Бермен қара, ана жақта Мәскеу жатыр. Мәскеуде Кремль барын ойыңа түйіп қой. Ал мына біз тоқтаған жерге Тоқтамыс ханның ордасы қоныс теуіп жатыр деп есепте. Ана тұста – Мұқаң енді 50 метрдей жердегі ағарған топырақ үйіндісін нұсқады, – алқызыл жібек шатыр желбіреп тұр, ол хан шатыры. Мен тұрған жерде ханның өзі мен сияқты қалаға алыстан көз салып тұрса, мына тұста бір топ қыпшақ сарбаздары жылқыларын сойып, қазан асып, ет пісіріп жатқан болып шығады. Сен өзің Тоқтамыстың не бүлдіріп кеткенін білемісің? – Мен басымды шұлғи салдым. – Білсең сол, бала. Ол кезде де дәл осылай аспанды бұлт жауып, ысқыра шулап жел соғып тұрмағанын сен қайдан білесің? Немене, саған бұл да қызық емес пе?

Жоқ, бұнысы қызық еді. Тоқтамыс орыс әскерлерін қирата жеңіп, Мәскеуге басып кіргенде теріскей-батыстан соққан жел қайғылы қаланың үстінен мына секілді ақшыл, сарғыш, қызғылт-сары, күлгін түсті, қызыл қаздың қанатындай қоңыр, кейбірі тіпті шымқай қара алуан түсті бұлттарды сыпыра айдап бара жатты деген ой маған енді материалданып көрінді. Күн әлі кешкірмеген еді, күн көзін қалқалаған аспан түнеріп, бірте-бірте төмендеп, дүниені түп-түгел күңгірттікпен қымтады. Әрі оның өзі кәдімгі көзге жағымды күңгірттік те емес, бұлдырап, біресе бозамықтанып, біресе шымқайланып, іртіктеніп тұрған өзгеше күңгірттік. Арғы тұстағы жазықтан қылаңытқан көкжиек әп-сәттің ішінде зым-зия жоғалып кетті. Мен желдің ысқырған шуын естіген жоқпын, бәлкім қау шөпті тізеден кешіп әрменіректе тұрған Мұқаңа солай естілген шығар? Бара-бара қатайып, салқындап, дымқыл тартып бара жатқан жел ішін тартып ұлығандай болды. Ұлыған жабайы үн созылыңқырап барып қайырылғанда тосын бір жаңғырық түпсіз шыңыраудың ішінде шырылдап, шиқылдап өшіп, жоғалып кетердей сезілді, бірақ біржола өшіп, үзіліп қалмады, шиқылдау шегіне жетіп, енді-енді үзілейін дегенде жан біткендей қайта уілдеп, қайта күшейіп, кеңістіктің тереңінен гүрілдеп кері оралды. Дымқылдан ауырлаған бұлттар одан сайын төмендей түсті, Останкино телемұнарасының басы мен одан бергі күйелеш-күйелеш биік мұржаларды аспан жұтып қойды. Мен өмірімде бұлттардың дәл бүйтіп жер бауырлап, осыншалықты жылдамдықпен аунақши жөңкіп жүзгенін көрмеген едім. Бұлттар төңкеріліп қалған теңіздің шапшыған толқындарына ұқсайтын. Ендігі бір сәтте ол алапат екпінімен жерге соғылып, бізді ұшырып әкетердей көрінді.

– Асықпа, – деді Мұқаң менің ыққа бұрылып, бүрісіп тұрғанымды байқап қалып. – Бұның тағы бір қызығы бар. Мен бұны өткен жолы келгенде сезгем. Сен былай… Бүріспе деймін. Ой, найсап! – Әншейінде ойға келмейтін сөздің аузына түсіп кеткеніне өзі де таңданғандай  күліп жіберді. – Аяқтарыңды нықтаңқырап бас. Қара жерді сезін. Ал енді аспанға қара. Қолыммен көк тіреген болдым. Бұл да маған қызықты көрінді. – Жерді тереңірек сезін деймін. Сөйт те көзіңді жұм. Желдің шуылына құлақ тоспасаң да болады. Мәселе онда емес. Мәселе сенің қара жер мен көк аспанның арасында тұрғаның. Төменде қатқыл қара жер, жоғарыда жеті қақ көк. Сен бұл арада жай тұрған жоқсың, екі арадағы шексіз кеңістікті керіп, өз болмысыңмен толтырып тұрсың. Сен арқылы кеңістік ерекше мәнді көрінсе, сенің өзің де кеңістік арқылы сұмдық мәнді көрінесің.

Мұқағалидың не демекші болғаны менің миыма енді жетті.

– Көшпенділер дүниесі! – дедім дауыстап жіберіп.

– Дұрыс! – Мұқаң жалпақ алақанымен иығымнан сарт еткізді. – Қазақы дүние деген осы. Жеме-жемге келгенде орыс орманына, өзбек махалласына тартады, ал миллион жылдық кеңістіктің ызғарында қалатын бізбіз. Неге қаламыз? Себебі, ол біздің бәсіре дүниеміз. Қай анадан туғаныңды ұмытсаң ұмыт, осы дүниеден шыққаныңды ұмытпасаң болды. Ал, кеттік!

Бірақ кеш қалдық. Мұп-мұздай ауыр тамшылар үстімізден шашырата сеуіп-сеуіп жіберді де, кенет жел тына қалып жаңбыр шелектеп құйып берді. Жарқылдап шақпақ та шақпады, шатынап аспан да күркіремеді, жаңбырдың шуынан құлағымыз бітеліп қалғандай болды. Кейіннен күзгі жаңбыр кездерінде мен Мұқағалимен болған сол шақты жиі еске алып жүрдім. Мұқаңнан екі нәрсе үйрендім. Өзімнің аспан мен жердің арасындағы кеңістік арқылы дүниеге келген ең ғажайып құбылыс – қазақы дүниенің стихиясынан шыққанымды ұмытқан жоқпын және мен де өнерді жанымнан безіп жасауға тырыстым. Бұның да өзіндік философиясы бар. Өнер Тәңірлік дүние. Оның өз құдайы бар. Мен де жанымды сол құдайдың еркіне тапсырып қойған пендемін. Бейнелеп айтқанда!

 «Москваның бұлтты аспаны» деп аталған осы естелік Мұқаңның қазасынан соң Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде жарық көрді. Әңгімем газетке шыққан күннің ертесіне мені ауаткомның төрағасы (қазіргі сенатор) Қуаныш Айтаханов шақырды. Бірдеме бүлдіріп қойған болармын деп сақтаныңқырап келдім. Тіпті бірдемені бүлдіріп қойсам да неге мені шақырды? Неге редакторды шақырмады? Немесе редактор екеумізді?

– Мен сені мына әңгімеңе қатысты шақырып едім, – деді Құлекең.

Мен үндемедім. «Оригиналдан онша ауытқыған жоқпын ғой» деп ойладым іштей. Бұл менің ең мықты дәлелім еді.

– Қазақ жұрты Мұқағалиды енді ғана танып жатыр, – деп Айтаханов тақырыпқа басқа қырынан келді. – Ұлы адамның қайғысы да ұлы болады. Оны мен түсінуге тырыстым. Ақындар ішеді, еркелейді, базыналық қылады, жаңылады, әсер іздейді. Құдай оларға сондай ерік беріп қойған. Әйтпесе шабыт тумайды. Сырттай көз салып тұрсаң шабыт дегеніміз бишаралық пен ұлылықтың қосындысы секілді. Ал сенің әңгімеңді оқыған жұрттың 99 проценті ақындарға қатысты бүйтіп ойланып-толғанып жатпайды, басқаша ойлайды. Меніңше, енді бір 10 жылдан кейін Мұқағали халыққа толық танылып болуға тиіс. 20 жылдан кейін атақты ақынымызға айналады. Отыз жылдан кейін ұлылық дәуіріне қадам басады. Ол кезде қалай жазсаң да өкпе жоқ. Ал қазір… – Айтаханов газетті саусағымен түртіп қалды. – бұл әңгімені архивте сақтай тұрған дұрыс. Менің ойымша.

Мен не «Иә» не «Жоқ» деген жоқпын. Бірақ бұл сөздердің жанашырлықпен айтылғанын ішім сезді.

– Ойланайын, – дедім.

– Содан кейін, – деді Құлекең мен тұрып жатқанда кеңсенің суық мақамынан пенделік мақамға ауысып, – саған да қиянат болмасын, қаламақыңды шешіп береміз. Екі сессия Москваға біздің есебімізден тегін барып қайтатын боласың. Бұны мен өз мойныма алам.

Мәскеуге, 73-тің күзіне қайта оралайын. Сессиямыз біткен соң Мұқаңа қоштасуға кірдім. Кәстюмін иығына бос жамылып, стол басында терлеп-тепшіп өлең жазып отыр екен.

– Оңтүстіктің қазағы, енді, міне, сен де мен туралы естелік жазатындардың қатарына қосылдың, – деп күлді.

– Оны сізге кім айтты? – деп іштей шамданып қалдым.

– Мен бұны жақсы мағынада айтып отырмын, – деп Мұқаң арқамнан қақты. – Ал егер шынымен-ақ естелік жаза қалғандай болсаң саған айтар ақылым, жұрттың алдына түспе. Әліптің артын бақ. Неге деймісің? Түсіндіріп айтайын. Мен өлсем ең алдымен дұшпандарым шулап шығады. Қимаған болады. Мақтаған болады. Сен олармен таласпа. Олар өздерін тыныштандыру үшін жазады. Ұяттарын ұйықтатады. Мен туралы естеліктердің екінші тобы да сол сценариймен кететіндер, бұлар менен сәл алысырақ тұрғандар, бірақ дос пейілді болмағандар. Сен оларға да қосылма. Ең соңынан жазуға тырыс. Ең соңынан тек достарың ғана жазады. Қаныбек Сарыбаевқа сәлем айт. Қаныбек ұлы ақын ғой. Бірақ біз ұлылар құрметтелмейтін заманда өмір сүріп отырмыз. Сау бол!

Бұл менің Мұқағалиды соңғы мәрте көруім еді

Мен қазір Шымкенттің күнбатыс жақ шетінде тұрам. Мұқаңа қатысты естелікті аяқтап, балалар теміржолының бойындағы ашыққа шықтым. Бетімді теріскейге бұрып, аяғымды алшайта басып, құлашымды жаздым. Көзімді тарс жұмып, табаныммен жер тіреп, төбеммен аспан құдіретін сезінгім келді. Мұқаң жарықтық иығымнан түртіп қойып «Қара жерге аяғыңмен қадалыңқырап тұр. Табаныңмен оның қаттылығын сез. Төбеңмен аспанды, оның құдіретін түйсін. Дұрыстап тұрсаңшы, ой, найсап!» деп тұрғандай. Бұндайда алдымен жерді сезесің. Оның қаттылығы табаның арқылы бірте-бірте беліңе дейін білінеді, бәлкім, жұлынның жүйке талшықтарымен түйісетін шығар? Содан соң төбеңдегі аспан төмендейді. Кәдімгідей, бірдемелер жан біткендей шуылдап, ысылдап, эфирден ызың естіледі, ауа қысымының күші лық-лық етіп құлағыңа ұрады, бір сәтке шыңылдаған шудан өзге ештеме естімей қалуың да мүмкін. Мен де бір сәтке ештеме естімей қалдым. Қазір құлағым ашылып, даңғаза дүние гүр ете қалуға тиіс. Осы бір сәтте есіме не түскенін білесіз бе? Жоқ, Мәскеудің жер бауырлап жүзген ап-ауыр дымқыл бұлттары емес. Нөсер де емес. Аспан мен жердің арасындағы ұлы кеңістікті жайлаған қазақы дүние де емес. Басқа нәрсе. Мұқаңның, сендер мені қазаққа танытыңдар, он жылдан кейін сендерге жаңа Кенесары шығарып берем, дегені бар еді, есіме сол түсті. 1986 жылғы Желтоқсан Кенесарының қайта оралуы емес пе еді? Мұқағалидан кейін мен ақындарды екіге бөліп қабылдауды үйрендім. Бір жартысы дүниеге жаңа Кенесары әкелетіндер, екінші жартысы… Өзінің бәсіре өркениетінен безініп, әлемдік өгей өркениеттің қоқыс-қалдығын тасып жатқандар.

«Мұқағали» журналы, №1, 2010 жыл 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....