РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ, ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ

Лашын Әзімжанқызы. Өмірді жан-тәнімен сүйіп өтті

Мұқағали өмірінен Лашынды бөлектей алмаймыз. «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» ақын арпалысқа түскен шақтарда ақ некелі жары ақынға дем берді. Олар тағдырдың қиындығы мен қызығын бірге бөлісті. Лашын туралы «сырттан тон пішкен» бір бөлек. Ақын жарының дүрсіліне құлақ түрген екінші бөлек. Шын сыры ақтарылған мына бір естеліктен сол жайларды анық аңғарамыз.

Мен Мұқағали туралы жазуды көптен ойланып жүрдім, бірақ қолым жүрмеді. Қалай жазу, неден бастау керек, соның өзі маған жұмбақтау болды. Мұның бәрі бұрын төселіп жазып көрмегендіктен болар.

Менің ойым, кейде балалық шағынан бастағым келеді, бірақ балалық шағы кейде аш, кейде тоқ жағдайда өтті, орташа ғана отбасынан шыққан еді. Сүйенер жалғыз тірегі – әкесі майданға кеткен. Ол сол кездегі бүкіл қазақ ауылдарындағы соғыстың ауыр мұң-мұқтажын көріп, ерте ержеткен қарапайым жастардың бірі ғой. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл балаларының өмірін, істеген қарекеттерін жазбаған қазақ совет жаушылары жоқ десем артық болмас. Олардан мен асырып та жазбаспын. Ал көз алдымда өткен ақындық өмірі, қуанышын, ренішін жазу қолымнан келе ме? Соны ойладым. Қолыма қалам алсам, ойым шашырап кететін сияқты. Мұқағали көзі тірісінде «Жаз, жаз, қолыңнан бірдеңе келеді» дегенде тыңдатпаған қайран мінез, енді кішіреюге, қайтсең де еңбектенуге, қиналуға әкеп соғады. Кейбір тілектестер «Мұқаңның өмірін жазыңыз, оның сырын сізден артық білетін ешкім жоқ, жазыңыз» дейді. Жазу керек екенін, жазуға міндетті екенімді өзім де түсінетін сияқтымын, бірақ оның қолымнан келу-келмеуі екіталай…

Сол сырларды қалың оқырманға бір жеткізсем деген мақсат та көкірегімде тұрды. Жеткіздім бе, жеткізбедім бе оны мына жазбалардан оқырман өзі саралар.

1949 жылдың наурызында кейбір қиындықтарға қарамастан екеуміз үйлендік, шаңырақ көтердік. Мен қазіргі кезде, сол жастағы Мұқағалидың тәуекелге бел байлаған азаматтығына, ақылына тәнті болам. Бұл өте ауыр жылдар – жоқшылық жылдары, сарғайған сағыныш жылдары еді ғой.

Алғашқы үйленген жылдарды мен бірінші естелігімде айтқанмын. Екеуміз біздің ауылда Шибұтта (Нарынқол ауданы Киров атындағы колхоз) болдық. Ол ауыл советтің хатшысы, мен 8-жылдық мектепте тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Алғашқы таныстық аздап болса да екеуміздің де әдебиетке жақын болғандықтың, қасиетті ана тілімізді жақсы түсіне білгендіктің әсері, үлкен көмегі болды деп санаймын.

Қолымызда әжеміз Тиын, анамыз Нағиман, екі қайным Тоқтарбай мен Көрпеш бар. Соғыс жылдарында, қиыншылық жылдарда отбасын жоғалтпау үшін анамыз колхоздың айдауымен тау-тасты қаңғып жүріп, қой да баққан, сиыр да сауған, егін де жинаған, істемеген бейнеті қалмаған. Балалар аш-жалаңаш, кәрі әжесімен ауылда қалып, олар да өлместің қамын істеген. Осындай отбасы жиналып, бір үйде отарлы жан болып қалдық.

Үйде жұмыс істейтін екеуміз ғана. Жаңа отауға титтей де көмегі тиер деп Нағиман анамызды мектепке үй сыпырушы етіп орналастырып қойдық. Ненің бар, ненің жоқ екені көп білінбейді, себебі алғашқы жастық жылдары екеуміз де біргеміз. «Махаббат – ең ұлы сезім» деп ұлы педагог А.Макаренко айтқандай, өмір махаббаттан тұрады екен. Төңірегің толған қуаныш, толған бақыт!

Біз алғашқы қосылған оқу жылы аяқталды. Мен ҚазПИ-де сырттай оқушы едім. Институттан шақыру қағаз келіп жатыр. Бірде Мұқағали маған мынадай кеңес берді. «Ренжімесең, биыл оқуға бармай-ақ қой. Келе салып, өзі біліп оқуға кетіп қалыпты демесін. Биылша демал, менің жайлауда шопан болып жүрген Құтпанбай деген нағашым бар. Сонда барып қайтайық. Оқуды екеуміз бірге жалғастырамыз» деді. Мен, әрине, қанша тулағаныммен, мынадай келелі сөзге көндім. Сөйтіп, оқу жылы аяқталып, демалыс күндері өтіп жатты.

Бір күні мектеп директоры апам екеумізді шақырып келуге бала жіберіпті. Екеуміз де мектепке келдік. Мектептің іші опыр-топыр күйде екен. Директорымыз Тиесов деген орта жастағы адам. Мұғалімдер бөлмесінде отыр екен. Ол кісі бізбен амандасты да:

– Нақа, жаныңдағы уборшы ауырып жатыр. Мына мектепті жөндеуіміз керек. Ол енді сіздің міндетіңіз. Жөндеуге бөлек қаржы төлейміз. Мектептің іші-сыртын ақтауымыз керек. Әк бар. Жетеді. Егер ақтай білмесеңіз, ауыр болмаса Лашын да көмектесер, әзір бос қой, – деді.

Енемнің қолынан үй ақтау келмейді, не жауап айтарын білмей, маған жалтақ-жалтақ қарайды. Мен жалтақтап тұрған апамды аяғандықтан «Көрерміз» деп үйге кеттім. Соңынан апам да келді. Сол уақытта ауылдық Советтен түстік ішуге Мұқағали да үйге келді. Анамыз екеуміз мектеп директорының айтқанын Мұқағалиға да айттық. Ол да алыс кетпей бізді қостады.

– Қорықпаңдар, мен де көмектесем. Бір жағынан біздей жаңа отбасыға нені болса да үйреніп істеу артық болмайды. Екіншіден, демаламыз, шираймыз, – дегенде енеміз екеуміз де қуанып, жеңілденіп қалдық, біреу үстіміздегі жүкті алып тастағандай болды.

Мектеп дегеніміз аса күрделі емес, соғыс жылдарының мектебі ғой. Үш-төрт класы, жіңішке дәлізі, кішкентай мұғалімдер бөлмесі бар. Бұл бөлмеге қойылған темір пешке қыстыгүні кезі келсе уборшы, болмаса көбіне мұғалімдер от жағып, өзіміз жылытып отырамыз.

Ертесінде-ақ жөндеуге кірісіп кеттік. Мектептің іші-сыртын ақтайтын Мұқағали екеуміз. Анамыз біз ақтаған кластардың еденін жуады. Балалар су тасиды, аздап кеткен жеріне керек болғанда лай жасайды, жеңіл-желпі жұмыстарды істейді.

Мұқағали класты ақтай жүріп, бізге әңгімелер айтып, күлдіріп, көңілдендіріп қояды. Сондай әңгіменің бір түрі былай келеді:

– Біздің ауылда кейбір дыбыстарға тілі келмейтін Нұрсәли деген ағамыз бар. Өзі өте момын адам. Әйелінің аты – Раушан. Пысық, өркөкірек адам. Бір күні Раушан жұмыстан келсе, күйеуі тапа-тал түсте төсекте ұйықтап жатыпты. Бұзауы сиырды еміп қойған. Бірді-екілі қой-ешкілері келмей қалған. Балалар да көрінбейді. Бұл жайды көріп Раушан қатты ашуланады. Айқайлап, күйеуінің жанына жетіп келеді. Момын күйеуі шошып оянып, әйелінің айғайынан қорқып, бетін басып алыпты. Ұрып жібере ме десе керек.

– Ей, Расан, зетеді-ей, Расан, сандама-ей, Расан, – деп ышқырын бір қолымен ұстап алып, үй ішінде қашып жүр, – дейді.

Сөйтіп, күліп-ойнап жүріп, екі жетіде мектептің іші-сыртын ақтап, жөндеп бітіргенімізді білмей де қалдық. Бір күн қыздарды шақырып, терезелерін жуғыздым. Келесі оқу жылында да ауылда жұмыс істедік.

«Адам тек адамдар арасында ғана адам бола алады» деп бір данышпан адам айтқандай, Мұқағали қайын жұрты арасында сыйлы болды. Оған ақкөңілділігі, жайдарлылығы, мінезінің ашықтығы да себеп болған шығар.

Ауылда екеуміз де қоғамдық жұмыстар істейміз. Әйтеуір шаршау деген жоқ. Мұқағали көбінесе малшылар арасында жүреді. Екеуміз де үгітшіміз. Мен сабақ беріп біткен соң дәптер тексеру, класс жетекшілігі, ашық сабақ өткізу, педсоветтерде баяндама жасау, көркемөнерпаздар үйірмесін басқару, газет шығару сияқты бастан асып жатқан жұмыстарды да атқарамын. Бірақ бәріне де үлгерем. Екеу болған соң жүк те жеңіл.

Өзімнің ата-анам туралы бірер сөз. Әкем Әзімжан қарапайым колхозшы, етікші әрі ағаш шебері болатын. Ағаштан небір дүние жасай алатын. Арабша оқи, жаза білетін, қазақ газеттеріне де көз қырын салып жүретін сауатты адам. Күнделікті ел-елде болып жатқан саясаттарға да құлағы түрік. Бала кезіндегі өткен уақиғаларды ұмытпай айтып отыратын. 1916 жылғы дүрбелеңде Қытайға ауылымен өтіп кетіп, жеріне шыдай алмай, келесі жазда қайта өз жеріне көшіп келгенін, алғашқы колхоздасу, одан кейінгі ашаршылық, асыра сілтеу, сталиндік жазалау – бәрі-бәрін байыппен жеткізетін. Әсіресе хат танымайтын, сауатсыз жазықсыз момын азаматтарды топтап қамап, «Жапонияның, Қытайдың шпионы» деп жалған ат таңып көзін жоғалтқанын айтып, кейде ауыр ойдан су түбіне кеткендей болып, ұзақ ойланып отырып қалатын-ды. Сол бір ауыр жылдардағы қатігездікті, имансыздықты әркез еске салатын.

Мұқағалидың өмірді түсіне білетініне риза болатын. Әкем де, шешем де күйеу баласын ұнатты. Мұқаң да оларды жанындай жақсы көрді. Әкем бүкіл ауылдың ақылшысы еді.

Шешем Мәшине (алғаш тігін машиналары ел ішінде пайда болғанда туса керек) баланы да, үлкенді де аяғыш, кім не айтса, соған сене беретін, барын ел аузына тосатын, мінезі жеңіл, әпенделеу адам еді. Өзі көп жылдар құрсақ көтермей жүріп, кейін егіз-егізден туыпты да он үш перзентті дүниеге әкеліпті. Соның төртеуі тірі болды, үш қыз, бір ұл. Ұлы 1981 жылы қайтты. Сол апам кейде менің жаныма келіп:

– Ләсима, еркектік, ерке мінезіңді таста, Мұқағалиды сыйла. Еркек деген табынушы тәңірің болады, қалқам. Ажырайып алдына шықпа, бедірейіп бетіне қарама. Сен төменетекті адамсың. «Ағаш айғайға құламайды», соны ұғын» деп жиі-жиі сыбырлап ақылын айтып қоятын-ды, бейне біреу естіп қоятындай. Адам баласы бір қалыпта тұра ма, кейінгі кездерде ашынғанда айтысып та, тартысып та кететін кездер болды ғой, бірақ апамның айтқаны есімде тұрды. Мұқағали ақын емес пе, ондайға өте кешірімді болды, себебі айғайдың неден шыққанын өзі де сезінетін.

Туған апамыз да «Суыңды төккемін жоқ, желіңді сөккемін жоқ. Алла, балаларымды аман қыла гөр!» деп құдайына табынып, мінәжат қып отырған заманының момын адамдары ғой. Сол апам айтады «Ашаршылық жылдары Әбжаным 15 жасында ауданда қызмет істеді (1930-32 жылдары). Қалпақтай-қалпақтай құйма шай әкеп береді. Өкімет бар малымызды ортаға тартып алды. Жейтін түгіміз қалмады. Балаларымды өлтіріп алам ба деп қорыққандықтықтан, түн жарымда тұрып, ортаның қойына барам да жан адамға көрінбей желіні толғанының бәрін сауып аламын. Сауылған сүтті біреудің көзіне түспестей етіп пісіріп, балаларға беремін. Құры сүттен гөрі шай әрі тамақ, әрі жеңілдеу болады екен. Ертең ерте қой саууға ұрланып менен басқа әйелдер де аттанады. Ол кезде малшысы да, белсенділері де қаптап жүреді. Әйелдерді қойға жуытпайды. Сөйтіп балаларымның жүрегін жалғаған күндер де өтті ғой» дейді. Апамның айтқаны дәл келетін. Оған бір дәлел, 1937 жылы ағайым Кегенде Ораз Жандосовтың хатшысы болып істеп жүргенде, «халық жауы Жандосовтың сырласы, хатшысы» болған деп ұстап кетіпті. Біз Шибұттамыз ғой.

Әкем барып, жалғызын отырғызып қойғанын біліп келді. Кешікпей сол қамағаннан Алматыға, одан Краснояр өлкесіне апарып, ақыры Канск деген қаладан бір-ақ шығыпты. Біз Нарынқол ауданының Киров колхозында тұрамыз. Ахметқали деген жақын туысқан ағамыз Кегенге қыстыгүні арбамен астық тасиды. Бір кезекте Кегенге астық алып бара жатқан сол ағамызды көріп апам «Ей, Ахметқали, сен Кегенге барғанда менің Әбжаным арғы жағынан Кегенге келіп тұрады. Соны тастамай ала кел, шырағым» депті. Шынында да Ахаң астығын өткізіп жолға шығып, арбасының бұзылған жерін қарап жатса, иығынан біреу тартыпты. Ахаң ұшып тұрып қараса, менің ағайым екен. Азған, жүдеп кеткен, үстінде ұзын, жаман шекпені бар. Екеуі жан даусы шығардай жылап көріседі. Сөйтіп, Ахметқали ағамыз апамның аманатын айтқанындай орындаған екен. Қазірге дейін осы оқиғаны өзіміздің ауыл аңыз ғып айтады. Апамның емшілік қасиеті де бар. Таң атпастан ауыл адамдары келіп:

– Кіші апа, (менің апамды айтады) қайның тұмауратып қапты немесе кішкентайым ауырып қалды, соны үшкіріп бер, – деп жетелеп кетеді. Апам солардың сөзін екі етпей, үшкіріп беріп, үйге кеп шайын қойып, солардың тілеуін тілеп жүргенін көріп, кейде намыстанып та қалатынбыз, бірақ ешкімнен жақсылығын аяғысы келмейтінін ойласақ, қуанатынбыз.

Мұқағали ауылда әркіммен тіл табыса білді. Соғыс біткеннен кейінгі жылдардағы жоқшылық, тапшылық та халықты жүдетті, бірақ Мұқаң ондай иі түсіп жүрген адамдарды бірдемде тірілтіп жіберетін. Сондықтан ел оны сүйе білді. Бірде Мұқағалиды Шодияр деген туысқанымыз қонаққа шақырды. Сол кездерде ауылда интеллигенттер отбасы болмаса, қарапайым ауыл адамдары үй иесі деп сол үйдің ер адамын ғана шақыратын. Ол да соғыстан қалған жұтаңдық шығар. Көп кешікпей Мұқағали қонақтан келді. Қолында ораулы түйіншегі бар, оны стол үстіне қойды да, өзі төр алдына барып отырды. Мен:

– Мұқағали, атамыз сенен басқа кімдерді шақырыпты? – деп сұрадым. Мұқағали Мақатаев өзіне өзі дән риза. Былай деп жауап берді:

– Еһе, қонақта болған төрт еркекпіз. Екеуі жынды Ғали, – деп күлді. Аяқ астынан мынандай жауапқа таңырқап қалып едік, өзі әрі қарай түсіндіре жөнелді:

– Екі жынды Ғали дегеннің біреуі – Асқарғали (Асқарғали деген ағамыз соғыстан контузия алып келген, тоқтамай далдырлап сөйлей беретін, аңғалдау адам еді). Ал ең соңғы жынды міне алдыңда отыр, перизадам, – деп газеттегі ораулы етті біздің алдымызға қойды. Осындай ойламаған жерден сөз тапқыштығы сүйсінтетін. Әрі мұндай көңілді кездерді аз емес еді. Тіпті, кейін қалаға келгенде де, күндіз көшеде кіммен кездескенін олардың қалай қарсы алғанын, қалай сөйлегендерін өздерінен бір айнытпай артистік қабілетімен ойнақылана, құбыла отырып, жыр ғып айтып берер еді.

Мектепте қабырға газетін шығару – менің міндетім. Әдебиеттен берген соң ба, жылда бір өзгермейді-ақ. Ол кезде сайлау деген үлкен науқан. Екеуміз де үгітшіміз. Осындай сайлау науқанында газет шығаруға дайындалдым. Сайлаушыларды бір пионердің құттықтауы керек болды. Сол пионердің атынан Мұқағалидан сұрап, өлең жаздырып алдым. Өлеңнің аты – «Пионерлік сәлем».

Шын болаттай шыныққан жас шағынан,
Ләззат алып, білімнің асқарынан.
Сәлем сізге, ата-ана – сайлаушылар.
Бақытты өскен Отанның жастарынан!
Қарсы алайық сайлауды шын қызыға,
Әйгілі етіп, әлемнің шың-құзына,
Бір кісідей берейік даусымызды,
Халық сүйген Отанның ұл-қызына! 

Мұндай өлеңмен берілген газеттер оқушылар арасында беделді-ақ, шұрқырасып оқып, өлеңдерін жаттап алады.

Бұл уақытқа дейін менің төркінімде жұмыс істеген едік, енді келесі оқу жылында Мұқағалидың ауылы Қарасазға көшіп бардық. Біздің ауылда тұңғышымыз Ләззат деген қыз дүниеге келген. Ләззатқа суық тиіп ауырып алты айлығында қайтыс болды. Сол қызға да өлең шығарып, Мұқаң қатты қайғырды. Түнде оқып отырып, кейде өлең жазып тастайды. Оны менен басқа ешкімге көрсетпейді.

Мұқағали Қарасазға келген соң жиналып, дайындалып, Алматыға оқуға кетті. Алғаш шет тілдер институтына (неміс тілі факультеті) түскен екен, соны ары жалғастырды. Жиі-жиі хат жазып тұрады. Ауылда почта бар. Хат келмей қалса, заказ беріп телеграфпен сөйлесіп тұрамыз. Мен енді отбасымын, бар, жоқтың бәрі менің мойнымда. Егер Мұқағалидан хат кешіксе болды, жұмысымда береке болмай кетеді. Бір орында отыра алмаймын. Сарыжаздан келе жатқан машиналарға қарап қоямын. Машина Елшенбүйректі айналғанда, дереу жарқырап жарығы көріне кетеді. Сол машиналар Мұқаңды әкеле жатқандай елестейді. Оны ойлай-ойлай, кейде өлең шығарғым, кейде ән шығарғым келеді. Амал не, ондай талантты құдайым бермеген соң, ойыңмен жұбанып отырасың да қаласың. Ештеңе әсер етпейді. Мұқағалидан хат келген күн мен үшін үлкен қуаныш. Менің қабағыма қарап, Нағиман апам да жайланып қалады. Жүрегі өте жұмсақ адам ғой, дұшпанын да ренжіткісі келмейді. Өлшеусіз ақ еділ адам. Тиын әжем бұл кезде қайтыс болған. Ең бастысы Нағиман апам балаларға ие болады. Ол кісі болса балалар мені іздемейді де. Апамыз екеуміз отандасып, Мұқағалидың түтінін түзу шығарып жатырмыз.

Мұқағали Алматыдан жазған бір хатында:

Кім келіп, кім кетпеген көне өмірге,
Түсінгін ой-шұқырын көре біл де.
Тағдырыңа қайтесің қарғыс айтып,
Мойында, шыдап баққын, көн өмірге! – деген жерлері мені талай толқытты.

Кейде бұл өлеңді «ақылын айтып, шыдай тұр дегені ғой!» деп ойлаймын да, кейде осыған қарсы жорып оны сөге бастаймын. Олай ойласам да, бұлай ойласам да шыдам керек, шыдау керек, басқа не істей алам?

«Шыдаудың өзі ащы болса да жемісі тәтті» депті ғой француз жазушысы Ж.Руссо. Шыдадым да, жемісін де күттім.

Осылай жалғызілікті істеп жүргеніңде жұмыста қандай қиындықтар кездессе, үйде де сондай қиындықтар дөп келіп, есіңнен тандырады. Мен қазір ойласам, соның бәріне қалай төздім, Мұқағалиды қалай күттім! Менің төзуім, менің мұндай шыдамым әшейін жай ғана төзу, жай ғана шыдам емес, ұлы төзім дер едім. «Жалғанда күту деген қандай жаман» деп ақын өз өлеңінде айтып өткендей, күту барлық өміріме жазылған екен. Тіпті, бірге жүргенде де, бір өмір сүргенде де күттім, сарыла күттім. Сол үміт, сол күту 1976 жылы 27 наурызда шорт үзілді. Енді жаңаша күту басталды. Әрбір газеттен, әрбір журналдан, әрбір ақынның өлеңінен, радио даусынан, теледидар көрінісінен, ақын-жазушылардың аузынан Мұқағалиды іздейтін болдым. Есімінің айтылуын күттім.

Тірі кезінде оған кейде кешірімді болуды ойлайсың. «Әкім бір ұлттыкі, ақын бар жұрттыкі» деп оған кір жуытқың келмейді, пенделік жасағың да келмейді, бірақ адам баласының өмірі тым қысқа екен, екі үзеңгіні теңестіре алмай-ақ кеттік.

Біз ауылда тұрғанда Мұқағали ақын Тоқаш Бердияровты жиі-жиі ертіп келетін. Екеуі дос болды. Поэзия туралы кең пікірде айтысатын. Жасыратыны жоқ, мен Тоқаңды ойласам, тек Мұқағалидың көңілі үшін ғана сыйладым. Жалынды ақын, адал азамат, Мұқаңның досы деп қаншама өзімді өзім үгіттегенмен, оны шын жүрегіммен қарсы ала алмадым. Оның себептері өзіме аян, оқырман қауымға да түсінікті болу керек деп ойлаймын. Кейде: «Тоқа, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деп Мұқағалиды өзіңе тіркеп алдың-ау. Оның жайын да ойласаң етті, ағасың ғой. «Алатауға шықтың ба, қарағайын жықтың ба» дегендей сөзіңді екі етпейтін шын дос таптың, іс жүзінде де сондай адал дос болсаң етті» деп тура айтып, ренжісіп те қалдық. Сонда Мұқағали жетіп келіп ортада тұрады. Дереу бірдеңені айтып тастап, көңілін қалдырады-ау деп ойлайды. Дегенмен Тоқаң ауыр мінезді, желікпесі жоқ, ақын емес пе:

– Әй, Лашын, әй, Лашын, мінезің-ай, – деп даусын көтермей, ақырын ғана абайлап айтып отырып қалады. Мұқағали оқуын жалғастырумен бірге Алматыда радиода да қызмет істеп жүрді. Ертең ерте «Алматыдан  сөйлеп тұрмыз!» дегенде бір жадырап қаламыз. Мұқағалидың дауыс интонациясына, ашық та айқын дикциясына, өлең оқығандағы күмбірлеген  қоңыраудай дауысына таңданып сүйсініп, тыңдап отырамын. Мұқағали оқып біткенше мен де радиоқабылдағыштың жанынан кете алмаймын. Мәнеріне келтіре, әр сөздің бояуын жеткізе оқуды қайдан үйренді екен деп бір жағынан даусына тәнті болам. Даусы керемет!

Мұқағалидың Алматыда жүріп қалуы қаншама өсектер әкелді. Оған да төзесің. Менің «ұлы төзім» дегенім де осылар. Әсіресе, өсектер жалғыз жүргенде жаныңды қалай қариды?

«Күйіп, жанып сүйген ғашығыңның саған селқос қарауынан ащы азап жоқ» деп ұлы жазушымыз М.Горький айтқандай өсек сөздер өзегімізді өртеді-ақ.

Өсектер… Өсектер…

Өсек кімнің жүрегіне қанжар салмаған, өсектер кімді ажыратпаған. Осындай «қолымен қойған» өсектерге Мұқағали да бой салып ермейтін, ерен санамайтын. Мен әйел адам емеспін бе, тез ашуланып, күйіп-пісіп қалатынмын. «Мұқағали мұны баласымен жеңгедей  алыпты» дегенді естігенде тіпті жұмысқа бармай, жатып қалдым. Бүкіл ауыл мені қолдан өсірген, бүкіл аудан біледі ғой, солар куә. Өсек дегеніңіз микробтар секілді өте тез өрбігіш. Ақиқатын көре тұра кей адамдар осыған маманданып та кететін сияқты. Бұл өсектер Мұқағали бұрқыратып өлеңдерін жазып жатқанда да, ауырып емханада бір тамшы су жұта алмай жатқанда да, тіпті өлгеннен кейін де сумаңдап жатты. Өсек айтушылар көки берсін. «Жақсының артынан сөз ереді» деген. Өлеңдерінде мүр жоқ албырт, дауылдаған ақын Мұқағалиға, оның кейбір тентек мінездерін кешіре отырып, сарғая күткен, қарапайым қазақтың салмақты қызы, сүйікті балаларының анасы, Мұқағалидың жинақшысы, тіпті іздеушісі адал жарына, өсекшілер, бас июлеріңізге болады. Өсегін айта отырып, содан ләззат алатын, өтірікті, жалғанды қоспаса ас батпайтын адамдар да табылады. Менің өмірімдегі тоқығаным «Құдай, ең бірінші өтіріктен, өсек-аяңнан сақтасын» деп тілеңіз. Ауылда жүргенде Мұқағали Алматыдан қызыл жейдесімен алаулап келе жатқанда «мен жеңушімін» дегендей ауылдағы барлық өсек-аяңды лақтырып маңдайы жарқырап, күлімдеп, бірден балаларын құшаққа алады. Өзі қызыл түсті ұнататын. Ол туралы Тоқаштың өлеңі де бар ғой.

Мұқағалидың қабілеті, таланты өте күшті еді. Алматыға келіп университеттің филфагына да, философиясына да қиналмай түсіп, оқып кетіп жүрді. Ал мінезі өте күрделі. Бір оқытушысымен қарсы келіп қалса, оған кішіреймейді де, сол оқуды дереу тастап кетеді.

Мұқағали Алматыда жүргенде, мен күнделік жазып жүрдім. Күнделікте кездескен қиындықты, қызықты да жазып қоясың. Сол күнделікті тауып оқып /1954 ж/ аяғына мынадай өлең жазып қойыпты:

Сен де өмірден көп жағдайды өткіздің,
Бізге бақыт әкелер-ау тек бір күн.
Жүрегімді жылытар да жұбатар,
Үміт етер тентегім бар деп білгін.
Мейлі ғасыр, айлар өтсін, жыл өтсін,
Тек өмірім сеніменен бір өтсін.
Сен – байлығым, сен – бақытым, сен – досым,
Сен – тірегім, сен кеудемде жүрексің!

Міне, осы шумақтарды оқып отырып, қалай тебіренбессің, қалай сүймессің Мұқағалидай шын арысты. Оның анау-мынау «жындылық» мінездерін қалай кешпессің!

Кейде жастар өлеңмен хат жазысып жатады. Мұндай өлеңді хаттар екеуміз үйленген жылы жазылып тұрды. Оларды сақтай алмадым. Ал кейін бірімізден біріміз шалғай жүргенде, анда-санда ішінде бірер шумақ өлең болмаса, кілең хаттар болған емес. Сол бірер жүрекжарды сөздерін радиода дикторлық қызметте жүргенде бір хатында былай деп жазыпты:

«Прошу не обвиняй меня!
Умоляю забудь все, что я творил?
Прости моя любимая! Мой самый
Близкий жизненный друг!
Может быть, я запачкал твою любовь,
Но уважение к тебе сохраняется
До конца моей жизни! Верь дорогая!
Это истина.
«Так мало пройдено пути,
Так много сделано ошибок». С.Есенин.

Сол кезде болар-болмас бір жағдай болған, бірақ ол қалай болғаны кеңінен шешілген. Одан Мұқаң ақталған. Осы жайды да кейбіреулер тіліне тиек етпекші. Осы хаттарды кезінде мән бермей, сырттан ғана оқып, жүре беріппін. Ал қазір ойласам, әрбір сөз біздің өткен өмірімізді айтып сайрап тұрғандай. Кей кездегі ащы өмір соқпақтары бізді алшақтатқандай болғанмен, негізгі кейіпкеріміз ақылды адам ғой.

Кей адамдар шала түсінігін өрбітіп айта жатар. Мен Мұқағалиды дүниені терең түсінген, кездескен қиындықтарды өз басымен, өз білігімен қорытқан, жеңе білген данышпан адам деп білемін. Ол қандай ауыр халде жүрсе де балаларын, алтын ұя – отбасын ұмытып көрген жоқ. Қайда жүрсе де Қарасазына, отбасына жиі-жиі келіп тұрды.

Кейін мұндай тасымал өмір өзін әбден қажытқандықтан, балаларын аса жақын көргендіктен, ұзап кетсе олар үлкейіп қалды, жоқтайтын болғандықтан, ауылда 8-жылдық мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі болды.

Мұғалім болғанда жай мұғалім емес, оқушының психологиясын, көңіл-күйін жақсы білетін, оларды өзіне  магниттей тарта білетін әртүрлі адам еді. Жалпы Мұқаң қай жерде жұмыс істесе де, өзіне сөз келтірмей беріле істейтін, сенімді ақтай білетін адам еді. Оның бір ғана осал жері болды. Ол алыс командировкаға бір ай, жарым айға жібергенде, екі күн, үш күннен артыққа шыдай алмайтын-ды. Сол ерте келген командировка үшін бүкіл айлықтарын беріп, қарап отыратынбыз.

Оның Алматыда көп жүріп алу себебі, өзі ақын екенін біледі, бірақ ешкімге ашып ештеңе де айтпайтын. Ақындықтың кілті де, түйіні де, өрістеуі де астанамыз Алматыда өтіп жатты. Сондықтан қайда барса да, осы ұлы ордамызға ентелеп жетуге асығып тұрды емес пе?

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Жаңалықтар

«Мұқағали» журналын қолдайық!

«Аманат – Қарасаз» қоғамдық қоры құрылтайшыларының барлық әріптестеріне, кәсіпкерлерге, оқырмандарға арнаған үндеуі Ардақты, ағайын! 2023 жыл «Мұқағали»...

«Мұқағали» журналы, №3, 2022 жыл

     Ақын атындағы басылымның кезекті нөмірі Дариға Тілендікелінінің «Нағыз ақынның болмысын Мұқағалидан көрдім» деген сұхбатымен ашылады. Дариға апа өзі куә болған оқиғаларды қызықты, әрі көркем...

«Мұқағали» журналы. №2, 2022 жыл

     Журналдың кезекті саны «Тау – бір аңыз, тау – дастан» атты Мұқағали өлеңдерімен ашылды. Белгілі дінтанушы, ғалым-ұстаз Қайрат Жолдыбайұлымен болған сұхбат «Халқының жанын ұққан...

«Мұқағали» журналы, №1, 2022 жыл

Барыс жылындағы алғашқы нөмірге көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Уақыт жаратқан жыр» атты зерттеу мақаласы беріліп отыр.  Жұлдыз Мұқағалиұлының «Менің әкемнің достары» деген естелігі де оқырманды...

«Мұқағали» журналы №6, 2021 жыл

Бұл нөмір «Елордадағы мектепке Мұқағалидың есімі берілді» деген жағымды жаңалықпен басталады. Ақиық ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлының өлеңмен өрнектеген ой толғаныстарын оқисыздар.

«Мұқағали» журналы №5, 2021 жыл

Журналдың кезекті саны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған Құттықтауымен ашылып отыр. Мұқағалидың 90 жылдық торқалы тойынан толық репортажды да осы саннан оқи аласыздар....