Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет Мұқағали ағасымен сырлас болған, сыйлас болған інілерінің бірі. Бүгінгі кемелдік кезеңінде ол өткен күндер оқиғаларын қайта қарап, қайта таразылап көп нәрсенің байыбын тереңнен толғайды. Әдемі әсерлерді шығармашылығына арқау етіп, өлеңмен өрнектегені де сондықтан. Ақын әңгімесінің әр түйінінде үлкен-үлкен ойлар жатыр.
– Мұқағали ағаңыз да иығыңа қолын салып, «мынау бала ғой» демей өзіңізбен талай рет сырласып, әңгімелескені бар. Сол оқиғаны есіңізге түсірген кезде қандай әсерге бөленесіз?
– Әрине, сол сирек сәттерді сағынышпен еске аламын. «Қолдағы бар алтынның қадірін» біле алмағаныма өкінемін. Расында, ол кезде жастау болдық. Өзіңіз айтқандай бала болған екенбіз. Ол кісінің талант-дарынының ғаламаттығына қоса ішкі мәдениетінің ғажаптығын, биік өресін, жиған білімінің де ұлан-ғайыр қазынасын сол тұста жете байқай алмай қалыппыз. Соны ойлағанда сағыныш өкінішке ұласып кетеді.
– «Өлгеннің жаманы жоқ», алайда қаламгерлер даңқына оның дүниеден өтуі басты себеп болады деу артық шығар. Осы тұрғыдан алғанда Мұқағали жырларының мойындалуын қалай саралайсыз?
– Ол бір дәуірдің құрбанына айнала жүріп, сол қоғамның астары мен ақиқатын ашып айта алған ақын. Айтқанда да жүректің қоламтасына орап, ыстығын суытпай ұсына білген. Жасандылық билеген заманда шынайы сезімге зар болып жүрген қалың бұқараның көксеген жерінен шықты, көкейіндегіні тап басып жазды. Оның күрделі, шырғалаң тағдырынан өлмес туындылар туды. Сондықтан да Мұқағали жырларын оқып отырған әр адам одан өз өмірінің бір бөлшегін, өз жүрегінің бір суретін көргендей болады. Және өз жанын мазалаған сұрақтарға жауап табады.
– Ақындық мінез – ең алдымен ақынның шығармасынан көрінуі керек дейміз. Мұқағалидың ақындық мінезін қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Мұқағали өлеңдерінің кесектігі ақындық мінезінің ірілігінде жатыр. Онда терең күрсініс, шер-құса, нартәуекел, дарқан пейіл, терең пайым, биік парасат тұнып тұр. Не жазса да жеріне жеткізіп жазады, не айтса да айызыңды қандырып айтады. Бүгежектеу, күлбілтелеу, күйкі сезім жоқ. Тілдің шұрайы сорғалап тұр.
– Мұқаң поэзия құдіретін Абайсыз көзге елестете алмады. Оның Абайға құрметі – нағыз талантты танып, соны жүрегімен бағалау құрметі еді. Осы екі байланыстың нәзік сырына жүрек көзімен қарағанда, нендей құпияларды аңғарасыз?
– Дүниеге философиялық көзқарастың түрлі ракурстары, призма-қырлары болады. Макро көзқарас, микро көзқарас, құс ұшатын биіктіктен, ғарыштық биіктіктен көзқарас дегендей. Меніңше, Абай мен Мұқағалиды бұл тұрғыдан жақындастыратын ғарыштық деңгей. Басқаша айтсам, бұл – ғарыш кемелерінің бір бірімен орбитадағы ұшырасып, ұштасуы, ұласуы, жалғасуы сияқты құбылыс. «Жұлдыз бен жұлдыз тілдесер» деп Лермонтов айтса айтқандай…
– Сіз айта алады деген сеніммен мынандай сұрақ қойғым келіп отыр. Мұқағали бастан кешкен «ақындық жалғыздықтың» біз ұға алмаған қасіреті мен қасиетін әңгімелеп беріңізші
– Ақынның жалғыздығын ергежейлілер еліндегі Гулливердің жалғыздығына теңеуге болар еді. Өзі өмір сүріп отырған ортаға сыймауы, қоғаммен көзқарасының үйлеспеуі, ноқтаға басы сыймағандықтан, жемдорбадан құр қалса да, басқалар құсап билік алдында құрдай жорғалай алмауы оның жалғыздығына себепші болғаны рас. Ол өзінің тұлпар талант екенін білгендіктен қамытқа үйренген можантопай қойторылармен немесе, ер-тұрманы әлеміш әсірежүйріктермен бірге жайылғысы келмеді. Заманынан озып туған дарындыны ешбір қоғам ешқашан да ұғынған, жақтырған емес. Үйде де, түзде де ешкімнің түсінбеуінен туған қайғы мен мұң келе-келе шер мен қасіретке айналмай қайтеді? Мұның бәрі ақынның өлеңдері мен күнделіктерінде сайрап тұр. Ақындық жүрекке түскен жүктің ауырлығы атанның белін сындырарлықтай. Ең бастысы, Мұқағали ақын жүйкені жүндей түтетін осындай тауқыметтің талқысынан тауы шағылып, сағы сынып, қоңыз теріп кетпей, ұлы шығармалар туғыза білді. Мұны қайталанбас тұлғаның ақындық құдіреті дер едім. Қасиет деген де сол.
– Мәскеудің жоғары әдеби курсында сіз де оқыдыңыз. Онда 70-ші жылдың басында Мұқаң да оқыған екен. Мәскеулік қаламгерлер арасында Мұқағали туралы қандай пікірлер айтылғанын өзіңіз куә болып ести алдыңыз ба?
– М.Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғарғы әдеби курстарында Мұқаңнан тұп-тура 10 жылдан кейін оқыдым. Орыс ақындары «мэтр» атайтын үлкен ақын-ұстаз Александр Межиров Мұқағалиға да, кейінгі бізге де «Поэзия шеберлігі» деген пәннен дәріс берді. Бірде Межиров екеуміз Мұқағали туралы пікірлесіп қалдық. Сонда:
«Мынау қара диванды көрдің бе? Жұрт: «Осы диванда Мұқағали ұйықтап жатады» дейтін, «өзі ішеді» дейтін. Бірақ ол менің сабағыма бірде бір рет ішіп келген емес. Ғаламат дарын екенін сезіп едім. Оны неге сақтай алмадыңдар?»- деді ұстазымыз. Бұл туралы «Әбілхаят» атты эсселер кітабымдағы «Мен көрген Мұқағали» атты естелігімде толығырақ жазғанмын.
Сондай-ақ, Михаил Курганцев деген Мақатаевтың аудармашысымен де бірнеше рет кездесіп, дәмдес болғаным бар. Оған Мұқаңның өлеңдерінің жолма-жол аудармасын беріп, тәржімалатып жүрген мәскеулік Роллан Сейсенбаев екенін сонда білдім.
– Білгендер де, білмегендер де «Алтын уақыттың қадірін Мұқаң оншалық сезінбеген сияқты» етіп әңгімелеп жатады. Шығармашылық жолындағы ол кісінің жанкешті ізденістері мен еңбегі елеусіз қалатындай көрінетіні бар. «Өлең өз-өзінен құйылып тұрады екен» дейтіндер де жоқ емес. Осынау оңай мен қиынның аражігін айырып сипаттасаңыз дегім келіп отыр.
– Меніңше, «Мұқағали алтын уақытын босқа жіберді» дейтіндер қатты қателеседі. Мақатаевтың дарыны қандай зор болса, соңында қалған мұралары да сонша зор. Ол бел жазбай, тыным таппай жазған ақынның бірі. Оған дәлел – қыруар шығармалары. Басқа өлең-жырларын былай қойғанда, «Апассионата» сияқты көлемді дастандар жазуы, Дантенің «Құдіретті комедия» сияқты аса ірі туындысын аударуы оның өте табанды да өнімді қаламгер болғандығын көрсетеді. Оның екі-үш томдықтан басқа толық шығармалар жинағы шықты ма? Егер, оның мұраларын жалықпай, ыждаһатпен жинақтап, құрастырар болса кемінде бес-алты томға барар еді деп ойлаймын. Ал Мұқағали ағаның жасындағы қазіргі қай ақын осынша шығарма жаза қойды? «Өлеңі өз-өзінен құйылады екен» дейтіндей ол суырып-салма ақын емес, қарапайым қаламмен қыруар шедевр туғызған, шығармашылықтың азабын мейлінше сезіне білген, рахатын көруді аңсап өткен, саусағы сүйелденгенше қайтпай, қайыспай жазған қажырлы ақын. Кәдімгідей, «инемен құдық қазғандай» еңбек. Шеберліктің арқасында «өзі құйылып түскендей» туындылар берген. Табиғи дарынға қоса көз майын тауысып, сарылып оқымаса, тау мен тасты қопарып, ізденбесе кез-келген талант суалуы мүмкін. Ешбір мықты ақын ішіп жүріп жазбайды, жазып-жазып тастап, іші босағанда ішеді. Ақындық қабілет – тумыстан берілгенмен, шеберлік – еңбектің жемісі.
Ұмытпасам, 1949 жылы шыққан жас ақындардың ұжымдық жинағында Мұқаметқали Мақатаев деген жас ақынның тырнақалды өлеңдері кездеседі. Қанша қабілетті, талантты болса да әлі шыңдалмаған, тәжірибесіз жас талапкердің мұндағы өлеңдері шеберлік аулынан алыс жатқанын байқағанмын. Мұқағалидың өзі «Күнделігінде»: «Кімнің қайтетінін қайдан білейін, мен өзім шабыттың бар сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын» деп жазғаны бар. Оның жазғандарының жауһар болатыны – Құдай берген ұлы дарынына қоса, талмай еңбектеніп, шеберлік шыңына шыға білгендігінің айғағы. Ондай алапат еңбек пен ізденіс болмаса «тау толғатып тышқан тапты» деген мәтелдің кебі келер еді.
Кезінде оның «Соғады жүрек» атты екі томдық жинағына редактор болдым. Құрастыруына да атсалыстым. Қолдағы ең таңдаулы өлеңдері болжалдаған екі томның көлеміне сыймай жатқанда баспа басшысының келісімімен министр Ш.Елеукеновке хат жазғанмын, содан ол кісі тағы 8 баспа табақ қосып берген. Сонда байқағаным, Мұқаңның ұлан-ғайыр мұрасы әлі толық жинақталып болмағандай. Ақын мұрасын зерттеушілердің назарын осыған аударғым келеді.
– Егер сізге Мұқағали мұраларының өнегесі мен тәлімі деген тақырып ұсынса, баяндаманы қалай құрар едіңіз?
– Бұл сұраққа асықпай жауап берсем шынында да баяндамаға айналып кетуі мүмкін. Өйткені, негізінен мұқағалитанушыға қоятын күрделі сауал екен. Сондықтан бір сөзбен қайырсам: өнегесі – өмірсүйгіштігінде, адамгершілік, ізгілікке үндеуінде, тәлімі – тағдырмен тайталас, тартыстағы тәуекелшілігінде ме деймін.
– Ақын өлеңдеріне ән шығару жарысы жүріп жатыр. Ешкімнің қолын қағуға хақымыз жоқ. Осы үдерістің мәнділігі туралы қандай пікір айтасыз?
– Мұқағали ағаның өлеңдері әнге сұранып тұрғандай, тілге жеңіл, ойы анық. Бірақ, біздің сазгерлер кейде ән шығаруды саз илегендей көретіні бар. Оларға айтарым, Мұқағали поэзиясына жеңіл-желпі әуен емес, оның ішкі философиясын аша білетіндей ойлы, мұңды, өзекті әндер көбірек лайық болар еді.
– Еліміз азат емес уақытта Мұқаң азаттықтың сөзін айтуға тырысты дейді. Мұндай теңеулер жөнінде қандай ойға жүгінер едіңіз?
– Ондай мысалдар Мұқағали поэзиясында жыртылып-айрылады. Мәселен:
…Үйреніп қалған ұямдай,
Мәскеуді барам қия алмай.
Миллиондардың ішіне
Бір басым менің сия алмай, – дегенінде көп гәп жатыр.
– Сөзіңіздің түйінін Мұқағали ағаңызға арнаған өлеңмен аяқтасаңыз
ЕСКЕРТКIШ ЖУҒАН ӘЙЕЛ
«Қырқа бар Алматының шығысында…»
Жыры тұр тамсандырып тiл ұшында. Қырқада –
Сол ақынның ескерткiшi,
Таулардың тұрпаты бар тұрысында.
Ақын тұр
Боз жусан мен селеу кешiп,
Басынан будақ-будақ өлең көшiп.
Жанына жыр дәптерiн салып алып,
Баратын жас ақындар сәлемдесiп.
Қыс өттi қалтыратып көк пен жердi,
Сүйретiп көк шылбырын көктем келдi.
Қуанды тас мүсiн де көрiп бүгiн
Көктемге аман-есен жеткендердi.
Өткерiп қар-лайсаң лақса күндi,
Жүзiне
Ескерткiштiң дақ шалынды.
Бiр әйел
Тас мүсiндi жуды келiп,
Аялай көпiршiтiп ақ сабынды.
Оранды ақша бұлтқа ақын бiр сәт,
Сүрттi әйел
Ақ жiбекпен басын қымтап.
Көрдi әлем ескерткiштiң жылағанын,
Көзiнен мөлт-мөлт етiп асыл бұршақ.
Арзымас асылың не,
Күмiсiң не?
Тiршiлiк көз жасының тұр iшiнде.
Мүсiндi сүйдi сонда мұңлық әйел,
Сүйе алмай қалды ма екен тiрiсiнде?
МЕНIҢ ФАМИЛИЯМ
«Оразбайдың ақын ұлы»
Деген атқа лепiрiп,
Астананың шақыруы
Тынышымды кетiрiп.
Ауылымнан жастау кетiп,
Жеттiм үлкен қалаға.
«Ұлы ақын Ұ. Есдәулетов!»
Деген арман санада.
Саяқ жүрiп, дала безер
Сал-серiлеу дағдыммен,
Сыра қуып, қала кезер
Студент боп алдым мен.
Кафелерде соғып кеуде
Күпiлдедiм, мақтандым.
Есенинше сөнiп кейде
Кетуге де шақ қалдым.
Бiр бөскен соң дес берем бе,
Желмiнез ем ұшқалақ –
Милиция Өскеменде
Ақыл айтты ұстап ап:
– Әкең болса – полковник,
Тәртiп бұздың, бұл қалай?
Көрсетпе ендi ерке қылық,
Фамилияңды былғамай…
Қонақүйге кештеу жетiп,
Кейiн естiп күлгенiм:
Мен бiлмейтiн Есдәулетов
Бастығы екен түрменiң.
Ердiм бiрде қарасын боп
Мұқағали жанына.
«Есдәулеттiң баласы» деп
Таныстырды ол жарына.
Құшақтады Лашын кеп:
– Бармысың, – деп, – бауырым?.
Жыласын кеп, сұрасын кеп:
– Аман ба, – деп, – ауылым?
Жауап таппай бұға бердiм,
Мiңгiр-мiңгiр шатылдым.
«Балдызы» боп шыға келдiм
Мұқағали ақынның.
– Мұқа, – дедiм былай шыға,
– Әлгi Есдәулет кiм едi?
– Алжастырды-ау құдай, сiрә… –
Мұқаң мырс-мырс күледi: –
– Ақын шалдың ұлы ма деп,
Шатасқам-ау, шырағым.
– Ол басқа ғой,
Шыны керек,
Менiң әкем – мұғалiм!
– Бiз бүлдiрдiк, ендi үндеме,
Жатыр қазан асылып.
Айта көрме сен бiрдеңе,
Қоя салғын жасырып.
Шындықты айтсаң –
Екеуімiздi
Түк татырмай қумай ма?
Туыс қылған екен бiздi,
Туыстықты жумай ма?..
Балдыз болып соныменен,
Бал шарапты сiмiргем.
Мұқаңды ойлап тебiренем,
Сағынамын бүгiн мен.
«Алматыдан Мәскеу кетiп»,
Байсалды бiр күйге ендiм.
«Ақын Ұлықбек Есдәулетов»
Деген атқа үйрендiм.
Түрмешiнiң жалғызының
Түспесе де құны әлi,
«Мұқағали балдызымын!»
Дей салғым кеп тұрады!..
– Сырлы сұхбатыңызға рахмет, Ұлеке!
Әңгімелескен Батық Мәжитұлы
«Мұқағали» журналы, №3-4, 2014 жыл