Мұқағали философиясының бір қыры – Алланы тану. Адамның миы атеистік уағызбен уланған кеңестік қоғамда Жаратқан Иеге арнаған адамдық мінәжатын, исламдық көзқарасын жырмен тербеуге мүмкіндік тапқаны – болмысындағы кеңдік пен тереңдікті көрсетсе керек. Бұл – ұлт болашағына сенгендіктің дәлелі. Ержан қажы Малғажыұлы 2014 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас Муфти кезінде осы жайында журнал оқырмандарымен ой бөліскен еді. Айтылған пікірдің маңыздылығын ескере отырып көпшілікке қайтадан ұсынып отырмыз.
– Мұқағали өз өлеңдерімен қазақты қазақ етіп тәрбиелеуге күш жұмсады. Ұстаздық көрсетті. Исламдық көзқараспен қарағанда, ақынның халқына сіңірген осынау еңбегін қалай бағалауға болады?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Халықтың қамын ойлаған, болашағаның жарқын болуын көксеген кез-келген ақын Алланың берген қабілетіне, ақындық өнеріне үлкен жауапкершілікпен қараған. Соның бірі, сіз айтқан нар тұлғалы Мұқағали ағамыз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Осы өсиет санамызға сіңіп, қазақы ұстанымымызға айналып кеткен. Елге қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға байланысты. «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінезден», – деп Әлихан Бөкейхан бекер айтпаған. Осы пікір Абайда да бар. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», – дейді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. Мұқағалидың осы желіден ажырап қалуы мүмкін емес. Оның қара өлеңді бүгінгі заманға лайықтап қайта тірілтуінің өзі ұлттық рухани қазынамызға қосқан өлшеусіз үлесі. Өйткені, халықтың ұлттық болмысын сақтап тұратын негізгі құндылық – рухани байлығымыз. Әл-Фарабиден Абайға дейінгі тұлғаларымыз ұлттық рухани әлемімізді байытып бір арнаға салып кетсе, Мұқағалиды ұлтымыздың текті зиялыларының жалғасы деп есептеймін. Қазақ халқы «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету» деп ұққан. Мұқағали жырларында осы ұстаным бар. Мұқаң нені жырласа да, елдік санамен жырлайды.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.
Жаным менің, кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған! –
деген жыр жолдарын оқып отырсаңыз Отанға адал қызмет етудің, елді сүюдің, бауырмалдық пен жанашырлықтың ыстық лебі сезіліп тұрады.
– «Дін – қараңғы ін» деген идеологиямен өмір сүрген кеңестік билік жас ұрпақты Алланы танудан алшақтатты. Соның салдарынан жадағай сарынға ілесушілер аз болған жоқ. Заманның жалтылдаған алданышы дүние сырын тануға кедергі келтірді. Дәл осындай сәттерде Мұқағалидың Исламды сүйіп жырлаған батырлығын қалай бағалар едіңіз?
– Шынымен ақынның кеңестік заманда «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деп жырлауы таңғалдырады. Өйткені ол уақытта дін, имандылық туралы жазбақ түгілі, ойлануға мұрша бермеді.
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, –
деп серт беруі ақындық көңіл күйі ғана емес, рухани еркіндікті аңсаған жанайқайы іспетті. Осы өлеңнің тағы бір шумағында:
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім? –
деп Аллаға емін-еркін құлшылық жасайтын күнді аңсайды. Ақынның бұл арманы орындалды. Аллаға шүкір, тәуелсіз мемлекет атандық. Дініміз бен дәстүрімізді емін-еркін насихаттап жатырмыз. Еліміздің түпкір-түпкірінде зәулім мешіттер салынып, халқымыз ешкімге жалтақтамай, бір Аллаға құлшылық жасауда. Бұл Алланың берген өлшеусіз нығыметі.
Біз ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсініп, қастерлей білуіміз керек. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Халқымыз аңсаған бейбіт күнге қашан жетер екенбіз», – дегенде, Әлихан Бөкейхан бабамыз «Ахмет, сенің халқың, сенің ұрпағың түбі біз аңсаған азат күнге жетеді. Сол кезде сенің есімің олардың санасында қайта жаңғырып, тарих болып қаланады» деп айтқан екен. Егемен елдің ертеңі біздің өзімізге байланысты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дейді. Сондықтан әр қазақ баласы Отанын сүйіп, ата-бабаларымызды ардақтауы керек.
– Әрине, адамзат баласы қай заманда да ғылымды жоққа шығармайды. Ойшылдар ғылымның дамуына үлес қосты. Десек те, ғылымның тереңдігі Құранның тереңдігінен үлкен емес. Біз оны «Дін – ғылымның анасы» деген ақын жыры тіркесінен айқын аңғардық. Бұл туралы не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз. Барлық ғылым діннен бастау алады. Ең әуелі мынаны түсінгеніміз абзал. Әлем ғалымдары мойындап отырғандай, Ислам – ғылымның қайнар көзі. Ғылым – діннің даналығынан негіз алады. Адам баласын рухани кемелдікке жеткізетін Алла Тағаланың кәләмінсіз, яғни сөзінсіз ғылым соқыр. Тарихқа үңілер болсақ, Ислам діні ғылыми-ағартушылық бағытты үнемі басшылыққа алып отырған. Оның айқын дәлелі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) түскен алғашқы аяттар «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Аләқ» сүресі, 1-аят) деп адамзатты ғылым мен білімге шақырумен басталады. Құранға үңілумен қатар алып әлемнің тылсымға толы құпияларын зерттеп, зерделеуге үндейді. Ал, Мұқағали рухани, діни танымға тұсау салынған уақытта:
Дін – ғылымның анасы
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы
Дін – ғылымның көкесі! –
деген пайымға келуі таңғалдырады. Ақынның «Дін – барлық ғылымның анасы» деп пікір қорытуы кездейсоқтық емес. Ол мұндай түсінікке дүниені ақылмен танып, жүрегімен сезіп барып шын көңілімен айтып тұр. Сондықтан «Қол қусырып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар!» дейді.
Ислам дінінен әлемге аты мәшһүр атақты ғалымдар шықты. Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді қазақ топырағынан шыққан даналарымыз Ислами ілімдермен қоса ғылымның барлық саласын зерделеп, әлемдік өркениетке өз үлестерін қосып кетті. Исламның осы ғылыми-ағартушылық жолын біздің даламызда жалғастырушылар – молдалар мен ауылдың көнекөз дана қариялары еді. Ақын алғаш діни білімді ауылдың осы қазына қарттарынан алды. Сондықтан:
Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серік екен.
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен! –
дейді. Бұл Мұқағалидың өз пайымы. Шын ниетімен иланып, «әурешілікті көре-көре» келгендегі жеке тоқтамы.
– Иә, «Сатқан емен, сатпаймын дінімді мен» дейді Мұқағали. Ақынның берік ұстанымы, өзгермейтін серті осындай. Сол өсиетті бүгінгі ұрпақ қалай орындауы керек? Бұл жайындағы толғаныстарыңызды ортаға салсаңыз?
– Ұрпақ тәрбиесі ең күрделі мәселе. Өйткені, ертең елдің тізгінін ұстайтын жастарымыз. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп бір ауыз сөзбен айтып кеткен. Қазіргі уақытта бала тәрбиесінде төлтума әдебиеттің орнын ешқандай технология толтыра алмайтыны белгілі болды.
Мұқағалидың танымы халықтың дәстүрінде жатыр. Дәстүріміз діннен нәр алған. Сондықтан, Мұқағалидың діннен алшақ болуы мүмкін емес. «Сатқан емен, сатпаймын дінімді мен» дейді. Қазақы таным бойынша, дінін сату – ар-иманын сату. Дінін сату – ең әуелі өз ұлтын, содан соң туған Отанын сату емес пе?! Қазақтың дәстүрлі заңы жеті жарғы бойынша дінін сатқан адамды өз мүлкіне, отбасына иелік ету құқығынан айырып, елден шеттеткен. Қазақтың дін туралы түсінігі дәстүр мен сіңісіп жеткен шариғат болатын. «Иманым – жиғаным» деп санаған.
Өйткені, дініңнен айырылсаң, дүниетанымың да өзгереді. Түптеп келгенде ділің де, тәрбиең де, адамдар арасындағы қарым-қатынас та жат арнаның ырқында кетеді. Мұның бәрі жинақталып келіп, ұлтты кәдімгі рухани мәңгүртке айналдырады. Ақиық ақынның жүрегіне жүк артып, «Сатпаймын дінімді мен» деп дінін қорғаштауының басты себебі сол, дәстүрлі сабақтастықтың үзілмеуі еді. Мұқағалидың осы үлгі өнегесі жастарға қаншалықты керек екені түсінікті. Қызыл империяның құрсауында жүріп дінін, ділін, азат рухын жоғалтпаған ақыннан алар тәлім көп. Ұлттық тұлғалардың тәлімді тәжірибесін алмай, алдыға қадам басуға әсте болмайды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы. Онсыз болашағымыз бұлыңғыр болмақ.
Болашақ дүниеге шыр еткенде,
Бір ұрпақ, бір ұрпаққа ілеккенде,
Аспалы көпір болып каларсың сен,
Жалғайтын жүректерді жүректерге, – деп бұл шындықты дөп басып айтқан.
– «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді Абай атамыз. «Алла ақиқат, Аллаға сеніп өтем» дейді Мұқағали. Екі заманда өмір сүрсе де екі ақынның Исламдық танымында ешқандай айырмашылық жоқ. Данышпандық деңгейлесудің астарынан не сыр аңғарасыз?
– Міне, даналық ой мәйегінің тоғысуы деген осы. Екі тұлғаның ойын өзектестіріп тұрған – Жаратушыға деген ішкі кіршіксіз сенім ғана. Дінімізде оны иман дейді. Алла Тағаланың бар және бір екендігіне, Одан басқа Жаратушы жоқтығына, барлық нәрсені жоқтан жаратқанына жүрекпен сену, қабыл ету деген сөз. Ғаламға рахмет етіп жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жіберген дінін толығымен қабылдау, ұнату керектігін білдіреді. Бұл туралы Құран Кәрімде былай бұйырылған: «(Мұхаммед с.ғ.с.): Әй, адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар» («Ағраф» сүресі, 158- аят).
Сондықтан да сенім – адамның ең нәзік, ең қасиетті сезімі. Кеңес үкіметі «Дін – апиын» деп жоққа шығарғанмен, қазақ халқы осы сезімді жүрегінің түкпірінде аялап ұстады. Алланың шапағатына, кеңдігіне иланып, ғұмыр кешті. Алдағы күннің жақсылығына сенді. Діннен біржола тамыр үзіп кетпеді. Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап қасиетті Ислам діні қолдау тауып, имандылыққа бет бұрған жамағаттың саны күн сайын артып келеді. Бұл халқымыздың Алланың діні мен елшісі Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Мұстафаның бейнесін жүрегінде кіршіксіз сақтағанының белгісі.
– Имамдар пәни дүниенің жалған екенін әңгіме етіп жатады. Сөз жоқ, оны қалың бұқараға дұрыстап ұқтырған жөн. Сонда ғана адам өзінің алдында тұрған ұлы сұрақты ойлап сабасына түседі. Яғни, Алладан қорқады. Алладан қорқуды қорқақтыққа жатқызуға болмас. Мұқағали осы хәлді «Жан азасы» атты поэмасында шеберлікпен айтып, оқырманына түсіндірді. Өлгендердің атынан тірілерге үн қатты. Ақынның Исламға көмектесу насихатын қалай бағалайсыз?
– Дінге қызмет ету – әр мұсылманның парызы, асыл мұраты. Мұқағали мұны жете түсінген. Қазақ даласына Исламның дәнегі егілгеннен бастап, даналар мен дара тұлғалар жақсылықтың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұсылманшылықты бекем ұстанды. Ғибратты ғұмыр кеше білді. Алланың берген ақылы мен талантын Исламды насихаттауға сарп еткен. Мұқағали да ақиқат пен әділдікті жырлап, өшпес өнеге қалдырды. Халқына өсиетті өлең арнаған тұлғаның есімі мен оның өлеңі ешқашан өлмейді. Өйткені, имандылық – мәңгі тақырып. Кез-келген пенде өзіне Алланың берген артықшылығы мен қабілетін, байлығы мен мәнсабын Жаратушы Иеміздің жолына жұмсауы, Ислам дінінің насихатталуына көмектесуі – оның Аллаға айтқан шүкірі мен алғысы болып саналады. Байлықтың зекеті болады. Сонымен қатар, тәннің де, жанның да, ойдың да, қабілеттің де зекеті болады.
– Мұқағали «Қариялар азайып бара жатыр» деді. Ақын іздеген қарияларды қалай бейнелеп, қалай суреттейсіз. Қариялардың қатары түгенделді ме, жоқ әлі де аз ба? Бұл жөніндегі пайымдарыңызды білсек дейміз.
– Қазақ қария көрсе, ет жүрегі елжіреп тұратын халық. Сондықтан «Төріңнен қарт кетпесін!» – деген ғибратты сөзді қашан да жадында ұстаған. Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылықты жете түйсінген халық қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмай, жас ұрпақты үлкендерді құрметтеуге міндеттеп отырған. Халқымыздың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» сияқты нақыл сөздерінің жасқа да, жасамысқа да берер тәлімі мол. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастары жөнсіздік пен жолсыздыққа бой алдырмайды. Мұқағали ақын мұқым жұртты ұйыстырып, елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиып отыратын жүрегінде иманы, аузында дуасы бар қариялардың қатарының азаймауын тілейді. Оларды қадірлеуге, қастерлеуге шақырған. Қариялардың ертеден қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмірлік мақсаты ел бірлігі мен жер тұтастығына баскөз болып, ұлттық рухани қазынаны көзінің қарашығындай сақтау болатын.
Үлкендерге құрмет көрсетуде сөзімен де, ісімен де өнеге қалдырған пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген. Қоғамдағы түсіністік пен сыйластықтың орнауында қариялардың үлесі көп. Бірақ кейінгі кезде қарттардың қараусыз қалуы өзекті мәселеге айналды. Бұл ойланатын жағдай. Тарихымызда жалғызбасты қария, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған. Ата-ананы құрметтеу жөнінде Құран Кәрімде «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» дейді («Исра» сүресі, 23-аят).
Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір өсиетті сөзінде «Қариялардың жанында береке бар» деген. Мұны біздің іні-қарындастарымыз бен келіндеріміз жақсы түсіне білуі тиіс. Өйткені адам бір кездері өзінің де қариялық жасқа жететінін жақсы білуі керек. Ата-анаға не істесек, алдымыздан сол шығатынын ешқашан ұмытпағанымыз жөн.
Шераға – Шерхан Мұртаза айтады «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра алмай, ауыл-аймақтың күйбеңінің шырғалаңында жүргенді шал дейді».
Шерағаң айтқандай, абыз ақсақалдар көбейсе деген тілегіміз бар. Жастарға өнегесін, өмірде көргені мен түйгенін айтып отыратын аузы дуалы қариялар қатары азайса, онда ұрпақ қайда барады?
– Исламдық ізденіс жолында әлем елдерін аз аралаған жоқсыз. Сол шақтарда Абайдың сізбен бірге жүргеніне күмәніміз жоқ. Қасыңызға Мұқағалиды ілестіре алдыңыз ба? Нағыз ақындар сырласыңызға айналған шығар деп топшылаймыз. Бұл сауалымызға не айтасыз?
– Әрине, Мұқағалиды оқымаған, жырларын жаттамаған қазақ жоқ шығар. Елдің болашағын ойлаған ұлт ең әуелі жас ұрпақтың жүрегіне төл руханиятымыздың дәнегін егуі керек. Сонда жастар жат ағымдардың жетегінде кетпейді. Төл руханият деп отырғанымыз осы қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы мен тұлғаларымыздың соңына қалдырған өшпес өнегесі. Қазіргі уақытта жан дүниесі мен кәсіби біліктілігі тұтасқан кемел ұрпақты тәрбиелеу оңай шаруа емес. Сол себепті жастарға кәсіби біліммен қоса тарихи тұлғаларымыздың өнегесінен нәр беруіміз керек. Кәсіптік білім қоғамнан өз орнын табуға себеп болса, тарихи тұлғалардың ізгілікке толы нақыл сөздері рухани тұрғыдан кемелденуіне негіз болады. Ал, осындай адамгершілік қасиеттерді жастардың бойына сіңіре алған ұлттың болашағы қашанда жарқын болады.
– Өлең жазғанның бәрін ақын десек артық болар. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме» деген сөзді Мұқағали әншейін айта салған жоқ. Нағыз ақынның жолы – ақ жол. Құран сүрелеріне сүйене отырып осы құбылысты қалай айқындап берер едіңіз?
– Ақындық – Алланың ақ жолын насихаттау үшін берілген сый деп білемін. Сөз өнері – өткір қару іспетті. Хәкім Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бейшарасы» деген ұстанымы қалам ұстаған әрбір адамға үлгі болуға тиіс. Ақын ақиқаттың жаршысы болса, ұлтқа, елдің бірлігіне қызмет етсе – кешегі Абай, Шәкәрім сияқты халықтың жүрегінен орын табатыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Батық Мәжитұлы
«Мұқағали» журналы №11-12,2014 жыл